Вумбилдинг сырлары және жыныстық сауаттылық

Вумбилдинг сырлары және жыныстық сауаттылық
жеке
блог

Біздің қоғамда көптеген қыз-келіншектің көкейінде жыныстық жағынан сансыз сұрақтар көп. Бірақ оны ашық айтып талқылауға, сұрауға қысыламыз. Көзге шөп салу немесе күйеуі басқа әйелге кетіп қалу дегеннің артында жыныстық сауатсыздықтың жатуы ғажап емес. Осы тұста "Сырласу" журналы арнайы маманмен кеңесіп, біршама сұраққа жауап алды. Анель Нұржаубаева, «Муранивский атындағы Мәскеу вумбилдинг федерациясының» ресми нұсқаушысы, сексолог, үш жылдан астам тәжірибелі маман. Бүгінде Малайзияда йога жаттықтырушысы ретінде білім алуда. Ол әйелдердің денсаулығын жақсартып, сезімталдығын арттырып, бақытқа жету жолын көрсетуді мақсат етеді.

Жыныстық сауаттылықта нені білу керек?

Жалпы, психологияда да, медицинада да әйелдің негізгі орталығы – жатыр саналады. Себебі, әйелдің негізгі ерекшелігі – өмірге бала әкелу. Оған қоса, әйелдің өкпе-реніші, қиындықтары түбінде жатырға ауру болып жиналады.

Жыныстық сауаттылық ең бірінші отбасынан басталады. Оған қыздарды анасы, ұлдарды әкесі үйреткені жөн. Ең бастысы – жыныстық мүшені күту, оған ұят, жаман нәрсе деп қарамай, денеміздің бір мүшесі ретінде тану. Бала жыныс мүшесі туралы жас кезінен естіп-білсе, өскенде оны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Өзін қинаған сауалдарда ата-анасымен ашық сөйлесе алатын болады.

Негізі қазір көптеген отбасында жыныстық сауатсыздық салдарынан қиындықтар туындауда. Тақырып тым жабық болғандықтан, қыз анасымен, ұл әкесімен ашық сөйлесе алмай, өз мәселесімен жеке қалып, іштей күйзеліске ұшырауда. Әсіресе, бұл қыз-келіншектердің басында көп кездеседі. Шындығында жыныстық мүше қыз-келіншектерді бақытқа апаратын бірден-бір жол. Сондықтан әйел адам жастайынан өз мүшесінің ерекшелігін, құрылысын зерттеп, қажетті мағлұматтарды біліп жүруі тиіс.

Жиі кездесетін жыныстық мәселелер

Әйел босанғанда қынап бұлшықеттері кеңейіп, жатыры төмендеуі мүмкін. Содан жыныстық қатынас кезінде ері немесе әйелі төсек ләззатын дұрыс сезіне алмай, арада түсініспеушіліктер туындайды. Оның адам өміріне айтарлықтай әсер етуін әйелдердің жиі шағымынан байқауға болады.

Кейбір босанған әйелдердің қынабына ауа кіреді. Оның ішінде түшкіргенде, секіргенде, қатты күлгенде кіші дәретті жіберіп қою да кездеседі. Бұл бала тумаған жас қыздарда, босанбаған әйелдерде де болуы мүмкін. Геморрой да әйелдердердегі басты қиындықтың бірі саналады. Осы кезде қынап бұлшықетін қатайтуға тура келеді.

Маған кеңес алуға келген қыз-келіншектердің ішінде кішкентай кезінде сексуалды немесе жыныстық күйзеліске түскендер бар. Мұндай күйзеліс алған қыз балада кейін жыныстық қатынасты сезіне алмау, ауырсыну, қорқу сияқты мәселелер туындайды. Біз ондай қыздарды міндетті түрде сексологиялық-психиатриялық жағынан қарастырамыз. Жаттығудан бөлек, сөйлесіп, психологиялық тренингтер өткіземіз.

Егер бұл мәселелермен дәрігерге қаралсаңыз, олар қандайда бір дәрі-дәрмек жазып беріп немесе ота жасауды ұсынады. Ал оны дәрі-дәрмек, екпе, отасыз-ақ вумбилдинг әдісімен қалпына келтіруге болады. Ең бірінші оған әйел адамның өзі дайын болып, өзгеремін деген ниетте келуі тиіс.

Жыныстық күйзеліс деген не?

Бұл тек зорланудан болмайды. Оған әртүрлі жағдай әсер етеді. Мысалы, кейбір қыздарға кішкентай кезінде бөтен ер балалар не ер кісілер тиіседі. Қыздың жыныстық мүшесін, не денесін ұстап, шешіндіретіндер де бар. Кішкентай қыз ол адамның әрекетін түсінбейді және оны ата-анасына да айта алмайды. Бірақ жағымсыз әрі қорқынышты екенін сезеді. Сол жағымсыз сезімдер қыз санасында өмірбақи қалып қояды. Жастайынан қорқақ, ұялшақ болып өседі. Ішінде мазасыз ойлар пайда болады. Оның салдары тұрмысқа шыққан кезде білініп, төсек ләззатын ала алмау, күйеуіне ашық болмау мәселесі туындайды.

Менің тәжірибемде осындай қазақ қыздары жиі кездеседі. Кейбірі ондай жайттың болғанын ұмытып қалады. Біз оны зерттеп, сөйлесу арқылы анықтаймыз.

Ал, бұл мәселенің алдын алу үшін аналар қыздары мен ұлдарына маңызды дүниені ертеден түсіндіруі керек. Әурет жеріне өзінен басқа ешкімнің тиісуіне, көруіне де болмайтынын, ол адамның ең жеке мүшесі екенін айту қажет. Оны тіпті анасы да ұстауына болмайды. Олар тек қарап, балаға дұрыстап жууды, күтуді үйрете алады. Кейбір аңқау балалар ештеңеге мән бермейді. Сондықтан оларға бұл нәрсені кішкентайынан үйретіп, қалыптастыру керек. Сол кезде бала қорғанып жүруге тырысады, ешкімнің тиісуіне жол бермейді.

Вумбилдинг әдісі деген не?

Вумбилдинг – қынап және жатыр бұлшықеттерін қатайтуға арналған арнайы жаттығулар жиынтығы. Оның шығу тегі – түрлі ұлттар мәдениетіне, оның ішінде гейшалар өнеріне тән. Әдістің мақсаты – гинекологиялық мәселелерді шешу, жыныстық қатынастан ләззат алу және төсектегі сезімділікті арттыру.

Вумбильдингтің пайдасы:

Вумбилдинг әдісінде бірнеше жаттығулар қарастырылған. Вумбилдингпен айналыса бастаған әйел төсек ләззатын жақсы сезіне алады. Өзіне деген сенімділігі артып, айналасына деген көзқарасы, адамдармен қарым-қатынасы жақсарып, сабырлы күйге түседі.

Вумбилдинг жаттығуларымен айналысқан әйел өз жатырын, қынабын сезе бастайды. Ал, жақсы сезіну әйелдің ішкі жан-дүниесіне әсер етеді. Йога ғылымында әйелдің екінші чакрасы жатырда делінеді. Чакра – адам бойындағы қуат көздері.  Вумбильдинг жаттығулары арқылы біз ондағы энергияны жоғарыға көтереміз. Егер одан нәтиже болмаса, адам психологиялық жағынан жұмыс жасағаны дұрыс. Сонда өзіне деген сенімділігі артып, ер адамның алдында өзін сенімді ұстай алатын болады.

Вумбилдингпен айналысу

Онда қынапты іштей қысып жіберу, сезіну, дұрыс демалу әдістері іске асырылады. Бұл жаттығудың бір курсы 1-2 айға созылады. Кейін жаттығулар біртіндеп күрделене түседі. Ол кезде жыныстық қатынаста қолданылуы тиіс техникалар үйретіледі. Сонымен қатар бұл жаттығулар әр әйелдің өзіне сай жеке таңдалады. Мысалы, кейбір әйелдерде сезімділік нәтижесі 2-3 күнде білінсе, кейбір әйелде 1-2 айдан кейін ғана сезіледі.

Вумбильдинг жаттығуына қарсы көрсеткіштер:

Жүктілік: Өйткені ол әйелге салмақ түсіріп, қан айналымына кері әсер етеді. Оны босанғаннан кейін 40 күннен соң немесе 2 айдан кейін ғана жасауға рұқсат.

Ота жасату, күрделі сырқаттар;

Ескеру керек:

Вумбилдингпен айналысарда міндетті түрде гинеколог кеңесі қажет. Себебі кейбір білінбей жүрген гинекологиялық ауру белгілері өздігінен өршіп кетуі мүмкін. Сондықтан мұқият болған жөн. Ал ол жақтан бәрі таза, жақсы болса, кері әсері жоқ.

Вумбилдингпен айналысқысы келген қыз-келіншектер басында жақсы тренер тауып, сонымен жұмыс істегені дұрыс. Себебі, кейбір тұсында қателік жіберсеңіз, зияны тиюі мүмкін. Көбісі қынапты қысуды күшенумен шатастырады. Салдарынан жатыр көтерілудің орнына төмендеп кетеді.

syrlasu.kz