Тақырыпсыз жазба

Күз... Тағы күз. Алып қалаға ауылдан алғаш келгенімде күз еді. Биыл да күз болды. Тағы да жаңбыр. Жаңбырды жақсы көремін. Көз жасымды жасыратыны үшін ұнатамын. Қаланың қатыгездігіне қапа болған ақымақ ару бақытсыз балмұздаққа айналғанда Сіз қорған болған едіңіз. Сондықтан, Күз бен Сіз - егізсіздер. Сіз - қызық едіңіз. Сіз - бұзық едіңіз. Жүрегімдегі жылулық жұтап, жалғанды жалғыз кезіп кеткім келгенде жаныма жақын болып едіңіз. 

Қазір де жаңбыр. Терезем тағы кітапханаға қарап тұр. Мен аспанға қарап отырмын. Сіз ше? Сіз де сол күнді еске алып отырсыз ба? Жоқ әлде, будақтаған түтінге тұмашаланып алып, мәнсіз өміріңізде мәз-мейрам болып отырсыз ба? 

Өкінемін. 18 жыл бойы ешкімге бүйрегім бұрмаса да, Сізге сенгеніме өкінем. Таңдау талабыма көнбеді. Сізді жақсы көргенім үшін өзімді жек көремін. Сізді кешіре берем-ау, ал өзімді қалай кешірер екенмін?..

ПыСы: Аға, айтпақшы, мен қолшатыр сатып алдым ғой.Себебі, мен енді жылауық қыз емеспін. Уайымдамаңыз...



Бөлісу: