Сезім атты жыр

Сезім атты жыр
жеке
блог

Махаббат... бір ауыз сөздің ар жағында ойланып қарасаң қаншама мағына жатыр. «Махаббат» тақырыбында сөз қозғау екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ғашық болу, ұнату, бір жанның сүйіктісі болу адам бойындағы асыл да ұлы сезімдердің бірі. «Махаббат» атты кемеде тағдырлары тоғысқан Жанар мен Жандос отыр. Бірақ, өмірдің тәттісі мен ащтысы қатар жүретіні секілді қос ғашықтың «сезім» атты жырында мұң жатыр.

Жанар да Жандос та қарапайым отбасынан шыққан жандар. Айырмашылығы: Жанар – студент болса, Жандос бойжеткеннен үш жас айырмашылығы бар жұмыс істеп жүрген ер азамат. Көрген адам екеуінің жұбына сүйсінбей тұра алмаушы еді-ау, шіркін! Екеуінің таныстығы қоғамға сіңіп кеткен, ешкім ондай таныстыққа қарсы пікір айта қоймайтын «вконтакте» әлеуметтік желісінде орын алған. Парақшаларын қарай отырып бір-біріне ынталары ауғандай күй кешетін. Ай, әттеген-ай, Жанар Жандос есімді «жүргіш» жігіттің қармағына ілінгенін түсінсе ғой... Сонда сезім гүлі ерте солмас па еді кім білсін?!

Жандос Жанарға «вконтактеде» достарының тізіміне қосылуға ұсыныс жасады. Біраз уақыт өткеннен кейін телефон нөмірлерімен алмасқаннан кейін, махаббат бұғауына түскен қыз күн-түн демей соның хатын, хабарын, қоңырауын күтетін болды. Көп ұзамай Жандос кездесуге, яғни, саябақта серуендеп қайтуға шақырды. Жанар ол ұысынын құпа-құп қабыл алды.

Әуелбаста әлеуметтік желіде сөйлесіп, ғашықтықтан есі кеткен бойжеткен серіні көргенде шын ғашық екендігін түсінді. Араға біраз уақыт салып Жандос кезекті кездесулерінде Жанарға өзінің «серігі» болуға ұсыныс айтты. Бойжеткен де өзінің қарсы еместігін ишара арқылы жеткізді. Үнсіз ғана жымиып тұрып басын изеді. Бұл оның «иә» деген жауабы болатын. Уақыт ғашық пенде үшін тоқтап қалғандай. Айнала алма-кезек ауысып, әркім өз өмірімен өмір сүріп жатты.

Жанардың күлгенінен гөрі уайымы көбейе бастады. Неге дейсіз ғой?! Өйткені, «бақытым» деп санаған Жандосы әлеуметтік желіде танымайтындай күйде отырып, хабарласуды да қойды. Жанар хат жазса да жауап жоқ, телефонына қоңырау шалса да тұтқаны көтермейді. Ғашықтық сезімі адамға не істетіп, не ойды ойлатпайды десеңізші...

Қыз ғашық өзін қоярға жер таппай, әбден мазасы кетті. Тосынсый дегендей ма, ғашығы жауап жазды. Бойжеткеннің үйіп-төгіп қойған сұрақтарына қысқа ғана жауап қайырды. «Сенің мені қаншалықты жақсы көретіндігіңе көз жеткізгім келді. Іздер ме, жазар ма екен деген оймен істеген әрекетім. Соңында мені шын көңілмен ұнататындығыңа көз жеткіздім», - деген жауапты айтты. Жанардың да тас төбесіне шыққан жүрегі орнына келді. Екеуі бәз бұрынғыша «махаббат» кемесінде саяхаттап жүрді. Жоғарыда орын алған оқиға арасын суыттырмай тағы да қайталанды.

Ғашық жүрек әлденені сезді ме екен, әйтеуір Жанар Жандос екеуінің алғаш кездескен жері – саябаққа серуендеуге шықты. Жастардың демалыс орнында өзінің сүйіктісін көрді. Өз көзіне өзі сене алар емес. Анық сол. Жандос басқа қызбен қол ұстасып серуендеуде. Ол да Жанарды көрді. Көргенімен, көрмеген адамдай жанынан өте шықты. Қыз байғұстың көзіне жас келді. Сүйген адамы опасыздық жасап, оны алдады, жүрегіне жазылса да орны қалатын қанжар сұғып алды. Сірә, Аллаһ өкінетіндей жағдайдың орын алмасы үшін көрсетті ме екен, кім білсін...

Кейін анықталғандай, Жандос достарымен Жанар туралы бәстескен еді. Сөзден сөз шығып, бір жолдасы: «Жанарды өзіңе қарата алмайсың» деп ер азаматтың намысына тигені. Соңында бәсті ұтқанымен не тапты?! Жол ортада өксіп жылап Жанар да қалды.