Сен қайдасың?
Өмірімді өзгеше өрт шалдырып,
Құлазытып көңілімді көп қалдырып.
Жанарымды талдырып, жүрегімді
Сөнбей қалған оттардың шоқтары қып...
Сен қайдасың?
Көктемімді әп-сәтте күз еттің ғой,
Көңілімді суыттың, сыз еттің ғой.
Дауылдан соң қиранды көңілімнің
Жиып әрең сынығын түзеттім ғой.
Сен қайдасың?
Елесіңе көп алданып, елеңдеймін.
Қай жақтардан, қай уақыт келер деймін?
Сенсіз жерде бақытта теріс қарап,
Сенсіз жерде шуаққа бөленбеймін.
Сен қайдасың?
Естіледі құстардың қаңқу әні,
Таң артынан тағы да таң туады.
Көңілімнің шертіліп күйсандығы
Жүрегімде тамаша ән туады!
Сен қайдасың?
Жұлдыздарда жасырып сырын менен,
Сылдыр қақпай өзен де гүрілдеген,
Сен деміңді алғанда кеудемдегі
Жүрегімді қайтемін дірілдеген!?