Өз махаббатымды әлі кездестірмедім ...

Махаббат - әлемдегі ең нәзік сезім. Қайғы, мұң, сағыныш пен қызғаныш, қуаныш пен бақыт секілді сезімдерді өзіне сыйдырған қасиетті сезім. Алайда әр адам үшін оның анықтамасы әр түрлі.

Меніңше, ең ұлы махаббат ол сені жоқтан бар еткен, өзі әуелден бар, ақыры жоқ, жаратушы – Аллаға деген махаббат. Алланы сүйе білген адам ғана, оның жаратқан жаратылыстарын сүйе алады, өмірді және өзін сүйе алады. Жұрт ақылынан адасты дескен Мәжнүн Ләйліні құлай сүйіп, оған қарап, егерде осындай сұлулықты біреу жаратқан болса, оның болмысы бұдан  мың есе, тіпті миллион есе  көркем  екендігіне көзі жетіп, Алланы осылай таныған екен.

Сені жаратқан әуелі Құдай болса, екінші дүниеге келуіңе себепкер болған жандар – сенің ата-анаң. Сондықтан, одан кейінгі махаббаттың ұлысы ата-анаға деген махаббат.

Қазіргі кезде көпшіліктің құмарлықты махаббат деп атайтыны осындай асыл сезімді қорлаушылық деп білемін.

Ғашықтық, құмарлық пен - ол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.- деп Абай атамыз айтқандай, құмарлық тек тәннің, нәпсінің қызығушылығы, ал ғашықтық болса, адамның жанын, бар болмысын сүю. Абай атамыздың мына бір өлеңін қарасақ:

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!

Мүмкін мен ескіліктің адамымын, бәлкім басқа ғасырда дүниеге келуім керек болған шығар, себебі менің ойымша, нағыз саф махаббат ол әйелінің күйеуіне деген, күйеуінің әйеліне деген махаббаты. Махаббат иманмен болса нұрландырады, имансыз болса жындандырады деген екен біреу. Сондықтан мен өз махаббатымды әлі кездестірмедім, бірақ оны болашақ жарыма, сол бір иманды қазақтың баласына арнайтыныма сенімдімін.

жазған: R.T.



Бөлісу: