Музаға хат
блог
Музаға хат
Құрметті Муза!
Білесің бе, сені ұнатудан бас тартқалы бері өмірім күрең тартқан күзге ұқсап, өңі мен түсін жоғалтып, қураған жапырақтай реңсіз болды да қалды. Әттең, бәрі бекер екен.
...Менің жүрегімде сен білмейтін қаншама сыр бар еді. Сенің көзіңе дос-жолдас болып көрінгеніммен, ішімдегі құпиямды сездірмеуге тырысатынмын. Өзіңе бауыр басып қалғанымды кеш ұқтым. Ал, бауыр басудың ең қатыгез сезім екенін мендей жағдайды басынан өткерген сезімтал жандар ғана түсініп-білетін шығар. Қатыгез дегенім, не махаббаттың шәрбатынан дәм татқызбайды, не жылы жауып қоя салуға мүмкіндік бермейтін шырмалтқан көңілдің күйі болып тұр. Соңында армандаймын, қиялдаймын, сені сағынғанда тек түсімде ғана көрісіп, мауқымды басып аламын. Бірақ, мына жердің қашықтығы үмітімді арбаумен, әлсіз сезімімді күн сайын жүдетіп, мені әбден сарсаңға салып өлтіретін болды.
Білесің бе, Муза?! Мен басқа қалаға кеткелі, сен туралы көп өлең жаздым. Жырларымның әр жолында сені бір көруге зар болып, сезімнің шоғына өртенген күндерімнің өмірбаяны қаз-қатар тізіліп тұрғандай. Әттең, оны сенің сезбесің анық.
Бір-біріне еркелеп, құдіретті махаббатымен айналасындағы бөтен көздерді шағылыстырған ғашықтарды, жөргектегі сәбиін бесік арбамен тербетіп, кешқұрым серуен құрған бақытты жанұяларды көсрем болғаны, орнына екеуімізді елестетіп, солардан көз алмай тына қаламын. Маған сенен басқа ешкімнің керегі жоғын қайдан білсін, «Мынау неге оқыраяды?» деп қасындағы ерін өзінше қызғанғандары да болған шығар. Десе де, сені қамқор әке, сүйікті жар атанып, балаларымызды алма-кезек құшағыңда еркелетіп, құшырлана иіскеп, мені ең бақытты ана, ең сүйікті жар құрметіне бөлеген көрініс көз алдымнан кетпей қойды.
Есіңде ме, саған бір ән тыңдаттым. «Екеуміз бірге болмаған соң, уақыттың маған бәрі де бекер...» деген ән мәтінімен шыдай алмай бөліскен түрім. Бірақ, сен қандай оймен, қандай сезіммен көңілге қабылдағаныңды біле алмадым. Бар болғаны, «жүрегі жаралылар тыңдайтын ән екен» деумен шектелдің.
Бір жолы сенімен кездестік, әрине топ болып. Сенің мінезің тұйықтау болған соң, шер тарқатып әңгіме айта бермейтінің бар. Мен болсам, үнсіздікке жол бермес үшін сампылдап сөйлей бердім. Сондағы тасып бара жатқан әңгімем де жоқ, арасында дәмсіз айтылған ойларым да болды-ау. Ұлдардың басқасы келе алмаса да, арпа ішінде бір бидай болып мен үшін ғана отырғаныңды көріп, өзіңе шексіз риза болдым. Соңынан қыздармен киноға баратын болдық. Сен болсаң жігітке тән мәнді сылтау айттың да, біз шуылдасып, біраз ұзап кеткенімізше көзбен шығарып салып тұрдың. Артыма бұрылып, көлікке мінгенше саған сүйсіне бір қарап алдым. Әрі қарай қараңғы бөлмедегі үлкен экранның алдына жиналған елдер ішек-сілесі қатып күліп жатса, мен комедияның бар қызығына өксіп тұрып жылай бердім. Сені ойлап жыладым. Саған деген пәк көңілімнің ешкім білмейтін сырын өзіме-өзім ақтарып жыладым. Мен басқа қалаға қоныс аударатын болғанда «кетпеші» деп шынашағымыз бір-бірінен сырғып үзілгенше аялдамада мені қимай қоштасқаның әлі күнге дейін кеудемді өкісікке толтыра береді екен. Шіркін, бұл достың емес, ғашық адамның жүрек сөзі болғанда ғой деп толғантқан сол кездегі жырымды қарашы:
Күлетін жерде күле алмай,
Жанымның дертін ұға алмай,
Отырмын жасты тыя алмай,
Ал саған бәрібір...
Атым бар жалғыз «Мұң» дейтін,
Өзгеге таңсық бұл кейпім,
Сонда да жасыруға келмейтін,
Ал саған бәрібір...
Үкідей үміт үлбіреп,
Қауышар сәтті жүр тілеп,
Сызданып бетер бұл жүрек,
Ал саған бәрібір...
Көрмеймін сені күнде мен,
Көңілім саған күнде елең,
Жазамын солай мың өлең,
Ал саған бәрібір...
Себепсіз кейде күрсінем,
Кеудемнің соққан дүрсілі ең,
Сағынудан қорқып түршігем,
Ал саған бәрібір...
Қиюға сені қақым жоқ,
Айта алмай бірақ жақын кеп,
Демімді кернеп батыл өрт,
Ал саған бәрібір...
Р.S. Бәрібір саған бәрібір,
Жылаймын, күлем тағы бір,
Сезімнің соқпақ жолында
Адасқаны ғой бағымның.
***
О, жарықтық Муза! Сен мені бүгін «өлім» аузынан құтқарып қалғаныңды білесің бе?! Бұлай дөрекі сөйлегеніме назар аударма, неше күннен бері көңіл сарайым жалғыздықтың ащы түтініне тұншығып, кеудемде тіршілік тоқтап қалғандай қуарып кеткен едім. Сонда барып анық көзім жеткені, адам баласы жердегі жалған дүниені бір күндік нан табудың қамымен талас-тартыс, мал-дүние жинап, қызметте жоғарылаудың әлегіне салынумен өткеріп жүргенде «сүю» мен «сүйікті болудың» ләззатынан құр қалады екен ғой. Менің халім дәл осындай болған соң айтып тұрмын...
Жаңа ғана сенің дауысыңды естігенде өңешіме су құйылғандай, жүрегімде әдемі гүл қауызын жарып, ғажайып күйдің ырғағымен бойыма қайтадан қан жүгіре бастағанын сездім.
Бірақ... екеуіміздің сөйлесуіміз ұзаққа бармады. Солай болғаны да дұрыс па деп ойлап қоямын. Өйткені, сенімен сөйлескенде біртүрлі әңгімеміз жараспай қалатындай. Мен бос сөйлеп, сені әп-сәтте жалықтырып жіберетін сияқтымын. Сондықтан сен де жасанды күліп, шынайы тыңдаушым еместігіңді аңғартып қоясың. Мейлі, бір ауыз жылы сөзіңді естіртіп, көңіліме көктем сыйлағаныңа да мен саған қарыздармын.
Иә, қарыздармын, өйткені сен мені бір жыл бойы осылай құтқарып келдің. Сондағы айтпағым, кеудемдегі қалың мұңды жібітіп, сені ойлап зарыққан шақта сынған қанатымды қайта көтеруге сенің қоңырауларың ғана көмектесті. Бөтен қалада жүріп жалғызсырайтынымды түсінгендіктен бе, айына екі рет болса да телефон соғып, қал-жағдайымды біліп тұратынсың. Алла Тағала аса шебер ғой, менің жүрегімді қалай және қашан жұбату керектігін сенің есіңе салып тұрған. Әйткенде, менің жағдайым сені қызықтыратыны қисынға келмейтін құбылыс қой...
***
Муза, Муза, Муза!
Бүгін сені көптен бері алғаш көріп тұрмын. Екеуіміз құшақтасып амандастық. Ұмыттым деп қоямын, тілім күрмеліп, сезімге еріп кеткенім қалай болғаны сонда.
Көз алдымда күлімсіреп жүрсің. Қалай сүйсінбейін енді. Сен туралы жазылған шығармаларыма жан бітіп, кейіпкерін айнала қоршап алған көрініс жанарымның алдында көлбеңдеп жүр. Қызық, шығармашылығымның кейіпкері екеніңді сен біледі ме екенсің? Маған бір түрлі жаның ашып қарап тұрғаныңа қарағанда, сезетін сияқтысың...
Неге, олай Муза? Сүйікті аруың барын әрең мойындаттым ғой. Айналамның бәрі сенің ол махаббатыңнан толық хабардар екен, мен ғана білмеген екенмін. Сонда маған айтпағаныңның себебі неде? Ұқтым, менің онсыз да жаралы жүрегімді қанталатқың келмеді. Ендеше, сен менің құпиямды білгенің ғой.
Сенің әлеуметтік желідегі парақшаларыңа жазған жүрек сөздеріңнің күзетшісі болғаным рас. Не деген ақымақпын! Сезіміңді өрнектеген әдемі сөздерің сол арудың құрметіне арналып келгенін қазір түсіндім. Өзімді тәтті өтірікпен алдауға қалай ғана жол бердім екен?!
Кешірші енді, Муза! Саған бауыр басуымның өзі бір әбестік екенін білемін. Бұл үшін сен тұрмақ, кейде өзімнен қатты ұяламын. Бала сияқты қиялға беріліп кеткенімді түсіндіре алмайтындаймын да. Сірә, маған күлетін боларсың. Дегенмен, сезімнің қашан қылық шығаратынын білмейміз ғой, беймаза шақта жүрекке қонақтап, ұзағынан жатып алады. Менде де солай, бұл қонаққа жүрегімнің есігін қашан ашқанымды тіпті, аңғармай қалыптым.
Муза! Мен сені ғана ұнатумен тұрақтап қалыптым. Бірде ой мен жүректен босатсам, кейде қимай абдырап қаламын. Соның кесірінен өз бақытымның шаңырағын көтеруде қалыс қалып бара жатқандаймын.
Бір күні менің саусағыма неке жүзігі тағылады. Оның басқа адам боларына күмәнім жоқ. Сонда сен жаққа соңғы рет қараймын да, жаңа махаббатыммен бірге бақыттың шыңына биіктеп, сен туралы бүгінгі ойларым мен қиялдарым анағұрлым төменде қалып қойғанын көрермін. Сол күн ертерек туса ғой, шіркін.
Р.S. Менің "бала" секілді ерке мінезім мен қылықтарымды ол сияқты ешкім танып, көріп, түсіне алмайтын шығар...