Мұхтар ШҮЕРІМ: (Сатирик-жазушы)
ЖІГІТТЕРГЕ «ҚАТҚАНСКИЙ» ТРЕНД
Өткенде, қыз–келіншектерге арналған тренд өткізген едім ғой? Енді жігіттерге арналған кеңкелес кеңестерімді қабыл алыңыздар,
Бірінші кеңес: –Жүретін, ойнап–күлетін қызыңды кафеге шақырғанда: «Кәуәп жемейсің, ә? Есектің етінен болуы мүмкін ғой?», «Донер жемейсің, ә? Арасында не барын ит біліп пе?», «Үйден тойып келген шығарсың, ә? Бәсе, аштан өлейін деп отырған жоқсың...» деп тек шәйға тапсырыс бер. Қызың өкпелесе, сені сүймейді, сен үшін отқа түсіп, сексен пайыз күймейді.
Екінші кеңес: –Қызыңа роза гүл сыйлама. Жантақ сыйлап көр. Қайтер екен?
Үшінші кеңес:–Болашақ келіншегіңнің несиесі бар екенін былай сұра: «Шетелдің «Котак» банкінен несие алма, өзіміздің банктерден алған шығарсың?» – деп сұра.
Төртінші кеңес: –Қызды шығарып салғанда, бас салып құшақтап, сыразм сүйме. «Ерніңнің дәмі қандай? Тұзы көп пе?» –деп сұра. Мәдениетті бол.
Бесінші кеңес: –Қызыңды таксиге отырғызып болып: –«Ақшаң жетпесе, бір аялдама кейін түсе сал!» – дейсің.
Алтыншы кеңес: –Көшеде келе жатқанда, қызыңнын қолынан ұстап, алақанын қасы. Тырқылдап күлсе, ақ көңіл болғаны. Бетіңе бажырайып қараса, ұрысқақ болғаны.
Жетінші кеңес:–Үйленген соң, алғашқы түнде ыржалақтап күле берме. Болашақ балаң күлегеш болады.
Сегізінші кеңес: –Әйеліңмен ұрысып қалғанда, боқтама. Айып пұл төлеген жақсы емес. Ол үшін қолына алдын–ала алпыс тоғыз мың теңге ұстата салып: –: «О, шешең...» –деп бір рет боқтай сал.
Тоғызыншы кеңес:–Әйеліңді ұрма. Шектен шығып бара жатса, басына басыңмен қойып қал. Ол ұрғанға жатпайды. Сүзіске жатады,.
Оныншы кеңес: –Әйелің көзіңе шөп салса, дереу көз дәрігеріне бар. Шөпті алып тастамаса, соқыр боласың.
Он бірінші кеңес: –Темекі тарпа, домбыра тарт.
Он бірінші А кеңес: –Арақ ішпе, тек бетіңе жаға бер. Сонда «алқаш бет» қана боласың.
Он бірінші Б кеңес: –Қайын жұртыңа сыйлы бол. «Сіздер өлгенде, өкіріп жылаймын!» деп айта бер.
Он екінші кеңес: –Әйелің ақша сұрай берсе, «ухажер» тауып бер.
Он үшінші кеңес: –Он баладан кейін әйеліңмен бірге жатпа. «Әр балаға бір жусан артық шығады» –деген өтірік. Бала мал емес.
Он төртінші кеңес: –Керегін ал, алмасаң көштен қал, алсаң, астарын ақылға сал, Аман болсын, жан мен мал! Бірінші тұрсын, адами ар!