Мұхтар ШЕРІМ. ЕРКЕК БОЛЫП ТУҒАНЫМА ШҮКІР!

Кейде қуанып кетемін. Шын айтамын...  Еркек болып туылғаныма да... Ойеба-ай, қазіргі заманда  туылсам, жасым 17-де болса... Сұлу-у-у-у-у қыз болсам. Аяқтарым оқтай, жанарларым 220 ваттық тоқтай, маңдайым шоттай, қастарым қиылған, етек-жеңім жиылған, аққу мойын, ыстық қойын, кірпіктерімді қағып-қағып жібергенімде, жалмаңдаған жігіттердің біразы инсульт алып, талып қалатындай болса...

Жігіттер кезекпен келіп:

– Мұхтаргүл, мен сізге ғашық болып қалдым! – дейді.

– Ағай, қойыңызшы, мен әлі он екі де бір гүлім ашылмаған, жасым әлі он жетіде.. .

– Онда мен сізді алып қашамын.

– Қойыңызшы, мамам ұрсады. «Алып қашып бара жатқанда сілекейіңді ағызып, өтірік қояншық бола қалмадың ба? - деп...

Қой, құрысыншы, еркек болып туылғаныма шүкір! Қандай қорқынышты...  Сен оны сүйесің бе, сүймейсің бе, оған қарамай алып қашып кетіп жүрер... Сосын отырасың, екі аяғыңды айқастырып алып, еңіреп жылап, көнбей... Шынында,  осы заманның қызы болып туылсам ә?  Көшеде сағыз шайна–а–а–ап келе жатыр едім,  танымайтын жігіттер артымнан қалмайды. Тоқтасам тоқтайды, жүрсем жүреді. Қуғынбайлар ғой деймін. Мені «сындырайын» деп жүр ме деймін? Точно мені алып қашпақ. «Тормоз» ғой, маған  ғашық жігітті айтам. Оңаша жолығып, «тема» әңгімеден  жіберіп, «движение» жасамайды ма?  Ойбай, мені қуып жетіп, көтеріп алды да, машинаға атып ұрды! Жәй келіп: «Қарындас, біз сені алып қашпақпыз...» десе, өзім-ақ жүгіріп барып көліктеріне отыра кетемін ғой.

Қой, құрысыншы, еркек болып туылғаныма шүкір! Адам ұрлау фактісімен сотталып кететіндердің обалына қалармын... Еркекпін ғой, еркек! Жоқ деймін, шынында әдемі қыз болып...

– Ақша тапқың келе ме? –деп сұрайды бір апай.

– Ия.

– Сауд арабиясында керемет жұмыс бар. Модольер боласың. Доллардан дамбал тігіп киесің...

– Өлә–ә апай, олай сөйлемеңізші.

– Саған жаным ашып тұр! Мықты жұмыс!

  Жұмыс дегені, шетелдіктермен төсектес болу екен! Рас айтам, Қарағандыда сән агенттігінің директоры 16-22 жас аралығындағы қыздарды шетелге тән саудалауға жіберіп отырған ғой! Құрысын! Одан да еркек болып жүре бергенім артық! Арымды еріксіз ақшаға сатып...

  Айтпақшы, кеше түсімде  «біртүрлі» оқиға болды.  Біртүрлі дейтінім,  17 жасар әдемі қыз екенмін деймін...  Бір кезде.. Ия, бір кезде бір топ жігіттер жетіп келде де:

– Мұхтаргүл сіз бе? –деп сұрады.

– Ия менмін.

– Күйеуге тигің келе ме?

– Құдай сақтасын, мен әлі жаспын.

– Шыныңды айт, а то кейін «мені неге алып қашпай кетті?» деп өкініп жүрме.

– Мен сіздерді танымаймын! Байға тигім келмейді! Оқуым керек! Оқуымды бітірген соң алып қашыңдаршы... –дедім жыламсырап.

– Оған уақыт жоқ!

– Кімге алып қашасыздар?

– Мынаған... –деп көрсетті жылдам сөйлейтін жігіт.

– Өләә, мына пұшыққа, мыртыққа ма? Өлсем де тимеймін! Аулақ жүріңдер! – дегенім сол, жігіттер менің жылағаныма қарамастан, алып қашты! Құдая беті құрысын, тыпырлап жатып, шошып ояндым! Еркек болып туылғаныма шүкір! Менің атым– Мұхтар!



Бөлісу: