Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. ҮКІМЕТ ҚАТЫН ӘПЕРСІН!

Қызық–ей, үйлене алмай жүргеніме жеті жыл болды, жасым болса, отызға толды. «Ойбай, Оңтүстіктен Солтүстік Қазақстан облысына көшіп барған­дарға жұмыс береді екен, үй береді екен!» дегенге құлақ антеннам елеңдеп, тіркейтін жерге желкілдеп жетіп барайын.

–Павлодарға, не Оралға менің де көшіп барғым келеді.. –дедім салған жерден. Бастық бас–аяғыма қарады да:

–Өте жөн. Түсіндіре кетейін, еліміздің солтүстік өңірлерінде қазақтардың үлес салмағы өте төмен. Мәселен, Қостанайда – 35,6, Солтүстік Қазақстан облысында – 33,7,  Павлодарда – 45,7, Ақмола облысында 44,6 пайыз қазақтар тұрады. Сондықтан, қазақтарды көбейтуіміз керек!  Келіндер кергімей, бала туа берсін, туа берсін дегендей... Өйткені, Ресей көршісі Украйнаның шекаралас облыстарына қалай басып кіргенін көріп отырмыз ғой! Осылай болып қалмауымыз үшін  ең алдымен Ресеймен шекарадағы облыстарды қазақыландырғанымыз жөн айналайын... –деді. –Үй береді ғой?–Береді! Жұмысқа да орналастырады!–Онда үкімет маған қатын да әперсін! –деп салдым мен.–Как, қалай? –деп қалды ол.–Мен бойдақпын. Атаңа нәлет доллар өскен сайын қалың мал Шаян жақта 500 мың теңгеге, Жетісайда 1000 долларға  дейін өсті! Ағасы, сүйген қызым бар еді, махаббатым «сыразым» өшті!

–Айналайын–ау, үкімет қаулысында қатын мәселесі... Қазір қарап көрейінші... –деген басекең әлдебір қағаздарға шұқшиды да:–Қарағым, қатын мәселесі қаралмапты, –деді.–Премьер–министр маған қатын әперсін! –Қой олай деме! Премьер–министр сені үйлендіруге міндетті емес! Бәлкім, солтүстіктің қалың малсыз қызына үйленерсің?–«Арзанның суы татымас» деген. Өзімнің сүйіктім бар. Жетісайдан. Көп емес, 999  доллардың жетпей тұрғаны. Егер Үкімет махаббатыма субцидия бөлсе, ертең көшемін! Құдалығымды да үкімет көтерсе... Желге ұшқан қаржылардың қасында не тұрады дейсіз?–Айналайын, басымды цементтей бермеші. Сенсіз де 400-ге жуық қазақ көшкелі отыр! «Қатын қатын!» деп қақылдап қоймадың ғой! Жүдә үйленгің келіп бара жатса, менің қызыма үйлене қойшы, тегін–ақ берейін!

Қуанығанымнан оны құшақтай алдым! Не деген пейілі кең, мейірімді кісі мынау? Танымайтын адамға...–Көке... ой, қайын ата, қызыңызды шынымен...–Енді... Үш рет күйеуден шығып, махаббат банкротына ұшырағаны болмаса...

Қуанышым көбік астында қалды. Шынымен телефонын сұрап алып, танысқым келіп еді... Сонда да,  арнайы тіркеліп, Павлодарға көшетін бол­дым. Жаса, қазақ! Көш құтты болсын! Айтпақшы, Павлодардың қыздары, сәле–е–ем, маған тиесіңдер ме, а?



Бөлісу: