Менің жадым өте нашар ғой. Компьютердегі венчестер сияқты оны–мұныға толып қалған ғой. Ватцаптағы мағынасыз хабарламалар сияқты... Атым кім еді өзі? Жеке куәлігіме қарап, біліп аламын кейде, Мыжбан екенімді... Сегізінші наурыз күні әйелімді бір құшақ гүлмен құттықтап, екеуміз ерте жатып қалғанбыз, кене болып, жабысып... Түнгі он бір жарым кезінде ме, орнымнан тұрып, аяғымды еппен басып, есікті ақырын ашып, әйеліме сыйлаған гүлді бауырыма басып, өзім күнде көріп жүрген, ындыным қурап, өліп жүрген, ол да маған көңіл бөліп, етегін түрген, көре қалса, ыржиып күлген, көздері танадай, күлгені жас баладай, юбкесі өзіне шап–шақ, балтыры сүттей аппақ, айта алмаймын, оттап, кеудесінде екі тостақ, аяқ–қолы балғадай, жо–жоқ, балтадай, өзін көргендер, «Аах!» –деп талғандай, біреу пышақпен белін қырнай–қырнай салғандай, сұлу келіншектің пәтері осы болар деп, бір түрлі уайым жеп, қоңырауды бастым, есік ашылғанша, қатты састым. Орыс кемпір есікті еңіретіп ашқанда, не айтарымды білмей: –«Ыс пыраздыйком, 8–го–го марта!» –деппін. Кемпір:–«Спасибо, сынок, жейсің бе, пирог?»–деп ішке кіргізіп алды да, құшақтай алып, тыпырлағаныма қарамастан, құшырлана ерніме жабысқаны. «Сынок, никогда так не целовалься»–деп қояды. Екі тал раушан гүлімді беріп, үшінші қабатқа ышқындым. Бірдеңе жегендей болдым. Сөйтсем, кемпірдің алынбалы–салынбалы протез тістерін жұлып алыппын. Жұтып қоймағаныма шүкір. Оны лақтырып жіберіп, «Жесір келіншек осында тұрар?» –деген оймен қоңырауды бастым. Бір еңгезердей еркек есік ашты да, мен пақырың: –«Мерекеңізбен, апай, ой, ағай!» –деп гүл ұсына салдым. Шалқамнан түсіп, екі «удар» алдым.
Содан, «Пәтер нөмірін айтқан сияқты еді ғой?» –деп есеңгіреп, үшінші қабатқа көтерілдім. Ескті бір қазақ кемпірі ашты. Сасқанымнан, екі тал раушан гүлін ұсына беріп едім: –«Ой, айналайын, рахмет!»,–деп бетімнен жалай сүйгені. «Балаларым мені осылай құттықтаған емес еді!» –деп жылап қалды. Мен де қосыла жылап, төртінші қабатқа көтерілдім. Осы пәтер ме екен и? Есікті тоқылдатып едім, бір семіз әйел шықты. Қорқып кеттім. «Ме–мерекеңізбен!» –деп екі тал гүлді ұсына беріп едім, гүлімді жұлып алды да, басыма салып–салып жібергені. Жүйкесі тозған әйел екен, бесінші қабатқа жүгіріп шықтым. «Құрысыншы, бірінші қабатқа, әйелімнің қасына топ етіп, жата кетейін» –деп ойладым да, «көре салайыншы» деген оймен есіктің қоңырауын... Ойебаай, басып қалып едім, өз үйім екен ғой, әйелім жайраңдай шығып, «Неге кешігіп келдің?» –деп еркелей күліп, әуелі, таң қалды да, қолымда қалған екі тал гүлімді алды да, төсекке қарай тарсылдата шауып, жетелей жөнелді. Одан арғы жағы есімде жоқ. Мерекелеріңізбен!
ЕСКЕРТУ: Автордың рұхсатынсыз театрларда пайдалануға болмайды. Авторын хабарлай пайдалану үшін 87014282108.