Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. КЕҢКЕЛЕС КЛИП

«Әй дейтін әже, қой дейтін, қожа, тәйт дейтін мәдениет министрі» болмаған соң, ұлттық сана, ой, өріс миларына қонбаған соң, «киіз үйді құрметтеңдер!» деп айыппұл салып, ақшаларын жонбаған соң, кеңкелестер, милары мипалау болғандар қазақтың көне сарқыты–әсем безендірілген киіз үйдің ішінде «жалаңаштар» биін түсіріп жатқан. Қыздар жалаңаш бөкселерімен былқылдап, бір әуенге ыңқылдап, тоңқайып, отыра кетіп, шоңқайып, анайы билеп әлек...

  Бір кезде, продюссер киіз үйге кіріп келді:

–Тез, қазақтың байырғы киімдерін киіп отыра қалыңдар! Президент келе жатыр екен! –деді. Сол екен, қыздар үкілі кәмшат бөріктерін киіп, жігіттер шапан, саптама етік киіп, отыра қалысты. Президент, премьер минситр және мәдениет министрі кіріп келді.

–Қане, «киіз үйді қорлап, клип түсіріп жатыр сорлап?» деген хабар өтірік болып шықты ғой? –деді президент. Биші қыз үшеуіне қымыз ұсынды.

–Солай хабарлаған кім екен? –деді үкімет басшысы қымыздан сыздықтатып ішіп тұрып.–Осындай, майда шүйдеге бас қатыра беремін бе? Америка сайқымазағы Борат хабарласты! Мәдениет министрі, сен неге осы мәселелердің алдын алмайсың? –деді президент

.–Кешіріңіз, жалған ақпарат қой деймін? –деп міңгірледі мәдениет министрі.

  Үшеуі тік ұшақпен кетіп қалды. Киімдерін сыпырып тастаған қыздар клипке түсу үшін, жалаңаштана бастады. Билеп жатқанда, продюссер кіріп келді.

–Ойбай, тоқтаңдар, президент тікұшағы қайта ұшып келеді! –деді. Қыздар бұрынғыдай киініп алды. Ішке кірген президент:

–Айтуды ұмытып кетіппін. Киіз үйдің төбесіне көк туымызды іліп қойыңдар. Сондай клип түсіріңдер. Американың қандай бір киносы болсын, жалаулары желбіреп тұрады, –деді.

–Клиптеріңнің аты қандай?–деп сұрады мәдениет министрі.

–«Киіз үйдегі қымыз» деп аталады, –деп өтіріктен жіберді продюссер. Үшеуі кеткен соң, есерсоқ бишлер «өнерлерін» қайта жалғады. Бір кезде, аттылы сарбаздар шауып келе жатты. Қолдарында найза, садақ асынған қазақ батырлары! Олар ай–шай жоқ, киіз үйге кіріп келіп, продюссердің басына шоқпармен бір ұрып құлатты, операторрды да, сұлатты, қыздардың шашынан тартып, жылатты.

–Сендер кімсіңдер? Сотқа береміз! –деді есін жиған продюссер.

–Біз «Клип ішіндегі клип» деген бейне түсірушілерміз, сценарий бойынша қыздарды найзамен түйреп тастауымыз керек еді, режиссер өзгертті. Біз жәй қыздардың беттеріне түкіріп кетеміз...

 Сөйтті де, ежелгі қазақ батырларындай киінген жігіттер, жүндері жұлынған тауықтай болып тұрған қыздардың беттеріне «қық, қық!» деп түкіріп, кетіп қалды.–Нешауа, мен оларды сотқа беремін.Так, клип түсіруді жалғастырамыз! –деп бұйрық берді режиссер. Қайтадан, жалаңаш би басталған, сол кезде, киіз үй «ұялғанынан» жалп етіп, құлап түсті... Биші қыздар тарақан сияқты тым–тырақай еңбектеп бара жатты... Бейшаралар...



Бөлісу: