Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі әзіл. ҰЯТСЫЗ ЕКЕН!

Ол бүгін тағы келмеді! Мен оған ессіз ғашық едім! Мен онымен күнде түнгі он екіде кездесіп жүретінмін. Әйелім ұйықтаған соң келетін. Оңашада кездесетінбіз. Әйелім ұйықтаса–тірі өлік! Кейде, үшеуміз жата беретінбіз. Таңғы алтыда білдірмей шығарып салатынмын. Әйелінің көзіне шөп салып жүр деп, сөге көрмеңіздер! Махаббат жасқа қарамайды!  Бүгін түнгі беске дейін күттім. Неге екені белгісіз, уәдесінде тұрмады. Екі жүзді екен. Келемін деп алып, келмей қалғанын қалай түсінуге болады? Таңертең келетін шығар деп ойлағанмын, міне күндізгі он екі, әлі келмеді... Өзін сондай сағындым. Кеше түнде келе қойғанда, құшағыма алар едім. Кейде күн сайын келмей қалады. Сосын, «Қашан келер екен?» -деп ұялы телефонымнан «Тик-токты» шұқылап жаттқаным сол. Бірдеңе болып қалды ма екен?  Кофе іштім, ыңылдап өлең айттым, кітап оқыдым. Бірақ, сүйіктім келмеді. Мұндай  ұятсыз бола ма? Келмейтін болса, вацаппен жаза салса болады ғой?  «Осылай да, осылай» деп! Бірақ, мен оған бәрібір ғашықпын! Онымен түнделетіп кездескен  сайын, рахаттанамын! Мен оны жек көре алмаймын! Сіздер де жақсы көресіздер. Ұйқымды айтамын да! Кездесуге келмеген» ұятсыз ұйқы десе!

 



Бөлісу: