Мұхтар ШЕРІМ. БІРТҮРЛІ ӨМІР

Мұхтар ШЕРІМ. БІРТҮРЛІ ӨМІР
жеке
блог

Содан не керек, Ғабит Мүсіреповтің  «Ұлпанына» үйленіп тындым. Төлеген Айбергеновше «Бір тойым бар» деп жүр едім, оған жағдайымыз келмеді. «Ұлпаныма» Мұқағалиша «Күрсінбеші...» дедім. Басқа не дейін? Ол Айбергеновше жәй ғана:  «Мені ойла» деді де жылап қалды. Үш-төрт жыл өткен соң, балалы-шағалы болған соң Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» басталды.

–Сенің Сабырхан Асанов жазғандай «Шолпан», «Ақбота» деген жүретін қыздарың бар! –деді «Ұлпаным» өнер шығарып.

–Мұқағали жырлағандай, «Отыздан асып барамын», қайдағы қыздар? –деймін мен.

–Мен сені Әуезовтің «Оқыған азаматы» деп жүрсем. Отырайын енді сол жазушының «Қаралы сұлуындай» болып...

–Ойебо–ой. Мәлік Ғабдуллиннің «Сұрапыл жылдары» басталды ма? Ілияс Есенберлиннің «Қатерлі өткелінен» өттік пе десем...

–Сол жазушының «Қаһарына» ұшырадық. «Көшпенділер» трилогиясы сияқты пәтерден– пәтерге көшіп жүргеніміз сол. Бұл қазақ қашан жариды пәтерге?

–Жақыпбек Есенқұл сияқты «Ағымнан жарыламын»... Иран Ғайып секілді «Мен ішпеген у бар ма?» Бұл қазақ не көрмеді? Енді еңіреп, дағдарыс кеңір­дектен қысып, Дулат Исабековтің «Мазасыз күндері» басталмаса еді...  Үкімет нанның өзін «карточкамен» бермек, баяғы отызыншы жылдар­дағыдай. Ғаббас Қабышұлындай «Күлеміз бе, қайтеміз?» Ал, Қос­танай­да бидайлар қар астында, Жақыпбек Есенқұлдың «Есіл дүниесіндей» болып жатады.

–Қойшы, зарлай бермей! Ұлықбек Есдәулетовше қайда сол «Көздеріңе ғашықпын!» дегенің? Сол ақынның «Қара пимасын» киіп жүргенім мынау. Айтатының «ақша жоқ, қымбатшылық, қымбатшылық...» Есік алдындағы Әуезовтің «Көксерегі» де аш...

–Қайғыра берме, қатын. Дулат Исабековше «Тіршілік» етерміз. Бауыржан Момышұлыдай айтсам, бұл–«Біздің семья»...

–Тұманбай Молдағалиевше айтсам, саған тиген жылдары «Бақыт құшағында» едім. Сен маған «Әнім сен едің» дейтінсің. Енді сол ақынның «Құстары қайтып барады»...

–Шенеуніктер оңбайды! Иран Ғайыптың «Құдай қарғағандары» ғой! Жемқорлар десе! Халық Мұқағалидің «Адасқан шағаласы» болды...

Үкіметке Жұмабаев Мағжанның «Өтірік ертегісіндей» қарайтын болдық. Жетпейді әйтеуір. Жағымпаз Мәдениет және Спорт министрінің  «бақыттан басы айналғанындай», «шынын айтқанда, бақытты кезде өмір сүріп жатырмыз ғой.»

–Болды, жетер! Ажырасымын!

–Қой жаным! Бақыттан басымыз айналатындай өмір  сүруге  Тахауи Ахтановша «Ант» етемін!

  Осылай Мүсіреповтің «Ұлпанымен»  біртүрлі өмір сүріп жатырмын. Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі–ай!»