Мұхтар ШЕРІМ. АТЫҢ ӨШСІН, АЙФОН!

Мұхтар ШЕРІМ. АТЫҢ ӨШСІН, АЙФОН!
жеке
блог

 

  Таңғы төртте төсектің үстінде әйелім сұңқылдап жылап отыр, «Әй мынауың кім?» деп сұрап отыр... Ұйқым ашылып, «өй, сен неее нене?» деп келе жатқан едім, екпінім басылып қалды. Айфонымды әйелім бермеді. Қысқасы, мәмілеге келмеді.

–Трамп дегенің кім?деп сұрады ол.

–Трекең ғой. Америка президенті Трампты айтамын.

Не, сен оның туған бажасысың ба,басқасысың ба? Сен кім? Ол кім? Өтірік айтпа, сен ұйықтап жатқанда сөйлестім. Өзінше «вацаппен», «Жаным, мен сені сағындыыым!» деп жазыпты! Трамп сені сағынып қайтсін? Мұсылмандарды жақтырмай жатқанда! Сөйтсем, Трампың Тарыгүлмін дейді ғой, «Сен кімсің?» деп сұрасам! 

  Жаным алқымыма келді. Көрпені тас бүркеніп жата қалайын десем, әйелім сұңқылдап жылап отыр, тағы бірдеңелерді сұрап отыр...

–Өй, ол... Тарыгүл... Трампгүл... Не ғой, бастықтың әйелі деймін. Ол өзі сондай әйел, бәрімізді сағына береді. Сағынышқа жаралғанмын дейді ме...

–Ал мынауың кім? «26-шы бап» деген? «Жаным, менің саған деген махаббатым өзгеріссіз қалды. Енді сен мен үшін «әркім» болмайсың...» деп жазыпты ұятсыз! Ызбандасам, Жергүлмін дейді... «Ааа, сіз әйелі ме едіңіз? Маған жесір еркекпін деп айқан еді...» дейді. Мені қашан өлтіріп қойғансың а? Сегізінші наурыз мерекесімен құттықтаған сюрпризің ғой бұларың? Ііііі... Ааааа. Өөөөө...

  Әйелім сұңқылдап жылады. Мен де жыладым. Дуэт болып жыласақ, жараса ма дегенім ғой.

–Өй, сен де кім болса содан қызғанып. Берші «Айфонымды»... 26-шы бап деген не ғой, Конституцияның 26 шы бабы...  Сондағы «азамат» деген сөз «әркім» деп өзгертілмек болғанда, халық қарсы шықты емес пе?

–Бәрін білемін! 26-шы бап дегенің шифровка! 26 жастағы қыз екен! Жергүл! Баб дегіні бабыма келіп тұрмын дегені... Өөөө, іііі, әәәәә...

–Әндетіп жыламашы, жаным!

–Не, мен жылағанда домбыра тартып тұрайын деп пе едің? «Қашан келесің? Әлде маған өкпеледің бе? Сені құшақтап, сүйгім келеді! Өткендегідей... Сәлеммен, қала әкімі...» деп жазыпты ғой. Бұл қандай әкім, соншама өліп бара жатқан деп хабарлассам, Әтіркүл деген біреу! Сен өзі қаншауымен жүресің? Жүрсең, жұрттың еркектері құсап, біреумен ғана жүрсеңші! Мына туған әйеліңмен! Болды, мен кетемін! Сенімен ажырасамын!

  Әйелімді құшақтадым. «Құшақтама! Бар, қатындарыңды құшақта!» деді. Еркелетейін деп, мойнынан иіскегім келген, «Бар, қала әкімі еркек қой, соның мойнынан иіскеп кел!» деп кекетті... Сосын бір кезде:

–«Мерседес» дегенің кім? –деп сұрады.

–Мәшине ғой...

–Атаңның басы мәшине! Немене, мәшинелер «Вацаппен» хат жаза ма? «Жаным, мен мерседеспін ғой. Махаббат майым ағып жүр. Жүрек моторым сен дегенде қызып кетті. Сені ойлап, фарларым жанбай қалды. Мені қашан сүйреп әкетесің?...» Бұл қандай жұмбақ айтшы?

–Не ғой, досымның «Мерседесі» бар еді, сатып аласың ба деп жүрген...

  Әйелім сұңқылдап жылады. Оған қосыла мен де жыладым... Одан әрі не болғанын сіздер сұрамай–ақ қойыңыздар, сіздер де қосыла жылайсыздар ма деп қорқамын. О, атың өшкір «Айфон», Түбіме жеткен «Айфон!»