Мен оның күлкісіне ғашықпын...
блог
Алланың разылығы үшін жақсы көремін.
Қыз қылығымен тәтті. Бірақ оның қылығын емес, мен ең бірінші оның күлкісін көрдім. Шынайы өмірде емес, суреттегі. Ұлы суретшілердің шедеверлеріне сүйсініп қарайтын секілді, оның бір суретіне күніне мың рет үңілем. Сондағы ессіздік болар, танысып не жазуды ойламаппын. Жай ғана суретіне қараумен бірер аптаны өткіздім. Сол бейне, сол күлкі.
«Сенің адамың әлі кездеспеген болар...» деп, қыз баласынан жолым болмаған сайын, достарым, жақындарым айтатын еді. Сонда іштей ойлаушы едім «сонда менің адамым қандай болуы керек? Ол аспаннан түсе ме?» деп. Сөйтсем...
Бұл сезім мүлде бөлек. Тіпті суреттеу үшін де сол сезіммен біте қайнасып туу да керек шығар. Сенің адамың сенің табиғатыңа сай келе ме, мінезіңе лайық па, саған шыдай ма жоқ па, қызық емес. Сенің адамың жолыққан күні сенің мінезің де, өзің де, табиғатың да соның әлеміне ұйысып, жаның тыныш таба қалады. Тіпті саған байқалмайды. Тек сезесің...
Алғашқы кездесуде ол күліп келді. Күліп жүрді. Күліп кетті. Адамға да осындай шынайы әрі кіршіксіз күлкіні де береді екен ғой, құдірет! Әйтпесе жалған күліп жалпағынан басатын қызды да, ұлды да көрдім. Тек бұл жолғы күлкі, менің жалған күлкімнің күл-талқанын шығарды. Жүрегім «әй, сен іздеген адам осы» дегендей бір рет қаттырақ қағып қалды. Сол бір реттік жүректің қағысы, бүкіл он екі мүшеме белгі бергендей бір толқын бойымда жүріп өтті де, алпыс екі тамырда қанды тулатып, есті алды.
Жұмыстан шаршаған кезде сол күлкіні іздеймін. Ашуға берілген кезде сол күлкіні іздеймін. Қуанған кезде сол күлкіні іздеймін. Ал ол күлкінің иесі өзінің сауап жасап жүргенін сезбейтін де болар. Себебі бір адамның құлазып бара жатқан өмірін түп тамырымен суырып алып, орнына қойды. Керемет ә!
Егер екеуара ұрысып қалып, соңы жанжалға барған кезде, келіспеушілік туындап қалған кезде, бәрінен шаршаған кезде жақсы көретін адамның бір ерекшелігі сізді риясыз түрде өзіне баурап, көндіріп алса, ол сенің адамың. Себебі ол сізді дерттен құлан-таза айықтырады.
Менің дертімнің емі оның күлкісі. Күлкі адамның өмір жасын ұзартады екен. Ал бұл қыз өзімен қоса тағы бір тағдырдың өміріне өмір қосып беріп жүр.
Күліп бірге өмір сүруге жазсын...
(с) Марғұлан Ақан