Мен неге күле тұра мұңданамын...

  Адам жаратылысынан білмейтінін білуге, көрмейтінін көруге ынтызар. Бар болмысымен, ішкі жан дүниесімен жауап іздеуге құмар. Неге? Себебі, адамзат Жаратқанның жаратылыстарының ішіндегі ақылдысы һәм әдемісі. Абайдың тілімен айтқанда «Махаббатпен жаратқан адамзатты». Сондықтан да болар өмір деген не? Махаббат деген қандай сезім? Сүйініш пен күйініштің үлес салмағы қаншалықты? Қуаныш пен қорқыныштың қалпы қандай? Міне, осындай сауалдардың жауабын іздейді. Білгісі келеді, өйткені дәл осы белгісіз сезімдермен өмір сүреді.

  Махаббат дейміз. Ол не? Адамның көңіліндегі күн бе әлде көлеңке ме? Көзбен көріп қолмен ұстап көре алмайсың, пішіні не көлемі жоқ. Яғни, құнды болғаны ғой. Егер оның жоғарыда аталған бір қыры болса, онда бір тиынға татитын бағасы болмас еді. Мен жіпке тізген қасиеттерден де бөлек біле бермейтін қыры болуы әбден мүмкін. Ауада қалықтап, аспанда шарықтап, мәңгі алаудай лапылдап, жарық жұлдыздай жарқырап тұрған сезімді құнсыз қылатын тағы екі дүние бар. Ол менмендік және махаббат сырының білініп қалуы. Менің от болып жанған сезімімнің жаназасын шығарған дәл осы екеуі.

Махаббаттың үш түрі болады дейді білетіндер. Білмейтіндер осыған қосыламыз. Ол бала махаббат, шала махаббат және мәңгілік махаббат. Алғашқы махаббат қайда қалды деген сұрақтың жауабы да бар. Егер махаббат болса мәңгілік сезімнің бастауы - алғашқысы. Және ол үзілмей жалғаса береді. Оқиғаның толық болмысы түсінікті болуы үшін осындай алғышарттар жасауға тура келді. Енді оқиғаның өзіне көшелік.

  Жасым жиырма бірде болғанына қарамастан мен өте көп ғашық болдым. Сонша көп екенінің көрінісі сол, соңғы сәттерде аттарын ұмытып, танысу сәттерін шатастыратынды шығардым. Әйтеуір ес аманда жазып қояйын деп кейіннен жеке дәптер бастап «Арман аялаған арулар» деп айдар тағып жадымда сақталғандарын тізіп шықтым. Есімі. Танысу мерзімі. Бастан өткерген оқиға. Дәл осы принциптер бойынша. Соның ішінде қуанышпен және күйінішпен еске алатын екі сәт ерекше көңілді қозғайды. Себебі, пәк, ақ, адал, шынайы болғандықтан шығар. 2 сынып оқығанымда классымызға жаңа қыз келді. Ерекше көзге түсіп, есте қалғаны көк аспандай тұнық көздері. Ол жанарда арамдық пен айла, өтірік пен өкініш өмірі болмайтындай көрінетін. Тұңғиық терең. Өзгесінен тығылып көп қарайтынмын. Маған салса бар дүниеден бас тартып тек қарап отыруға дайынмын (екі оқығанда ол қандай махаббат деп күлемін кейіннен). Сол кездегі балалар «Д-шы» деп атайтын пән болатын. Толық айтсақ дене шынықтыру. Осы сабақ басталғанда ауылдың ортасындағы алаңға барып жүгіріп, доп теуіп ойнайтынбыз. Сол сәттер мен үшін басқа іс тындыратын уақыт келетін. Үлкен бір ағаш өсуші еді. Оған батыл жүректі батырлар ғана шыға алатын. Олардың қатарында мен бар едім. Басына шығып, адам баласына көрсетпей хат жазамын.

Сәлем хат!

Сәлем Айдана! Қалың қалай? Сабағың жақсы ма? Менің жайымды сұрасаң бәрі жақсы, алаңдама. Сабағымды озат болып оқып жүрмін. Менің айтайын дегенім, сенің жүрегің бос па? Бос болса менің ұсынысым бар еді... Жауап күтемін...

С/л:Арман 10 май 2001 ж.

  Ойға шомып отырып жазатыным осы. Мен үшін әлемдегі ең керемет хат әрине кімдікі екенін біліп отырған да шығарсыздар. Бір мектепте, бір сыныпта, бір қатарда, бір партада отыратын, күнде көз алдыңдағы қызға сабағың қалай, менде бәрі жақсы деп хат жазудан асқан ақымақтық жоқ шығар... (Сондағы С/л дегеніміз «с любовью» деген мағына екенін мен кейіннен білдім. Үлкендердің хатын тасып жүргенде ашып қарайсың ұрланып, соңында осылай деп тұрғасын білгенімізді қайталаппыз ғой. С/л-ның сыры маған есейіп ес кірген кейінгі жылдары ашылды.) Оқиғаға қайта оралайық. Сөйтіп әдемілеп хат жазамын да тірі жанға көрсетпей қойын қалтама тығып қоямын. Себебі бұл жеткіліксіз. «Мұқанның мәгәзіні» деп аталып кеткен дүкенде 50 теңге тұратын кішкентай алқаны нан алуға барғанда бір көрген едім. Көздің жауын алады. Жүрек пішіндес келетін сыйлықтың іші ашылып, сурет орналастырып қоюға болатын еді. Ойланбастан аламын дедім. Бірақ ақша қайдан. Он емес жиырма емес елу теңге деген біраз қаражат еді! Күнде анам «пирожки» алып же деп бес теңге беретін (бір кездері 5 теңге тұрған). Күнделікті ас ішуден бас тартып жүріп он күн жинап, ақыры қол жеткізген едім сыйлыққа. Амалы қанша айы-күні туып сыйлықты берейін дегенде мен ұнатқан қыздың туған күні болып, жоғары сыныптың оқушысы бес жүз теңге тұратын мен ұсынған алқадан анағұрлым үлкен және әдемісін сыйлап, орысшалап өлең жазып ұсыныпты. Сол сәтте 4-ші сынып оқымағаныма өкіндім. Себебі төртінші класста орыс тілін өтетін еді. Өтсек мен де орысшалап өлең жазатын едім деген өкініштер өн бойымды өртей берді. Одан бөлек бағасы бес жүз теңге тұратын алқаны айтсаңшы... Әке-шешем дәл сол баланың ата-анасындай неге «коммерсант» болмады деп өкінгенім бар. Әрине, ғашығым жасы да сыйлығы да меннен үлкен, құндырақ келген, орысша өлеңі бар жігітке көңілін бөлді де, менің хатым мен сыйлығымды қайырып берді.

  Уақыт өтіп жатты. Үзіліс арасында қол ұстасып кетіп бара жатқан екеуін көздің қиығымен шығарып салатынмын. Кейіннен естігенім екеуі көп жүрмепті. Ол уақытта мен мұғалімнен өтініп жүріп «ана қыздың бақытты болып жүргенін көрмеу үшін» басқа қатарға, өзіме ұнамаса да көп сөйлей қоймайтын қыздың қасына ауысып кеткенмін.  

  Сол шақтарда сезімді де сатып алуға болады екен ғой деген тоқтамға келген едім. Әйтпесе неге менің сыйлығымды, көңілімді таңдамады деген ойлар көпке дейін бала көңілімді мазалады. Есейіп ес кіргенде сезімнің сонша құны төмендеп, «әлпеті әжімденіп» кеткенін көріп өткен күнгі естеліктер есіме орала берді. Дегенмен ол қызды қазір кезіктірсем алғыс айтуға дайынмын. Неге деп сұрасаңыз, өлең жазуға деген талпынысты «сәтсіз сезімдер» оятты.

Қалғандаймын ішінде құм даланың,

Қарамайсың, дауыстап мұндаладым.

Көзіме, оттай ыстық көрінгенде,

Мен неге күле тұра мұңданамын...           



Бөлісу: