Мәңгілік махаббат
блог
Түн ортасы ауған шақ. Әділдің бұл түні де ұйқысыз өтуде. Көз ілмей өтіп жатқан үшінші түні. Екі бөлмелі пәтерде жалғыз өзі тұрып жатқан Әділ үшін түнді ұйқысыз өткізу үйреншікті іске айналғандай. Себебі бұл үйге оның достары көңіл көтеріп, бас қосу үшін жиі жиналатын. Бірақ бүгін олардан хабар жоқ.
Құлаққабымен әуен тыңдап, әлеуметтік желіде әртүрлі әңгімелерді оқып отырған Әділге арғы бөлмеден бірдеңенің құлап түскен дыбысы естілді. Дереу музыка үнін бәсеңдетіп, құлағын қайта түрді. Көшедегі көліктер дауысы естіледі. Қатты соққан желден терезе ашылған секілді. Ойында ештеңе жоқ ол терезені жауып өз бөлмесіне қайта келгенде аң-таң болып, есіктен кірер-кірмес тұрып қалды. Өз көзіне сенер емес, түсім екен деп ойлады. Себебі түні бойы жалғыз отырған бөлмесінде қонақ барын көрді. Орта бойлы, тұла бойы арықтау келген, қою қара шаштары арқасын жапқан бойжеткен терезден аулаға қарап тұр екен.
Әділді әйнектегі сұлбасынан байқаған бойжеткен үй иесіне қарап:
-Сәлем, - деп үн қатты. Кекілі маңдайын жапқан, көздері мөлдіреген бойжеткеннің сөзін естімегендей қатқыл үнмен:
-Сіз кімсіз? Мұнда кайдан жүрсіз? Қалай кірдіңіз?- деп сұрақтардың астына алды. Бір сәт пәтердің кіреберіс есігіне қарап қойды. Кілттеулі.
-Қорықпаңыз, мен ешқандай ұры емеспін. Есімім - Жанар. Қайдан кіргеніме келер болсам, терезеден-, деп мырс күлді. Достарының қалжыңы болар деп ойлады. Өйткені Жомарт есімді досына пәтер есігінің бір кілтін беріп қойған-ды.
- Бірақ пәтер үшінші қабатта ғой-, деп жымиды әлгі ойын мақұлдап.
-Олар өздері қайда?- деді содан соң.
-Кімдер олар? Мен жалғызбын. Жә, қойыңызшы, сіздің есіміңіз кім болады?- деп Жанар әңгімені бұрып әкетті.
-Есімім-Әділ. Осы пәтердің иесі боламын.
Сұлу бойжеткенмен танысып, әңгімеге қызып таңның қалай атқаны білінбей қалды. Күн бозарып ұясынан шығып келе жатты.
-Қой, Әділ, таң атып қалыпты. Мен кетейін,- деп Жанар орнынан тұрып есік жаққа бет алды.
-Тағы да көрісе аламыз ба? Сені қалай іздеп тапсам болады?
- Көрісеміз, Әділ. Мені іздеп әуре болма. Мен саған күн ауа өзім келіп тұрам. Ал, әзірге, сау бол!
- Көріскенше, Жанар!
Қонағын шығарып салған Әділ түрлі ойлармен кереуетіне келіп жатты. "Расында, қайдан кірді екен? Жомарттың ісі болса, артынша есіктен кіріп, аң-таң түрімді көріп, мазақ етуші еді-ау?!" Небір ойлардың арасында жатып, көзі ілініп кеткен екен. Оянса сағат түскі бірге таяп қалыпты. Ұйқысы қанбағандықтан болса керек, көзі ісіп, қызарып кетіпті. Түскі асқа тәбеті болмай, киініп университетке қарай бет алды. Аудиторияға кіргені сол екен, алдынан қалжыңбас Жомарт ыржалақтап:
-Оу, көзің ісіп кетіпті ғой. Түнді ұйқысыз өткізгенсің-ау,- деп мазақ қылды.
Әділ досының қалжыңына жауап қайтармай барлығымен сәлемдесіп, орнына отыра кетті. Бар ойы:"әлгі Жанар деген қызды осы жіберген екен ғой. Білгенімдей келді" деумен болды. Бірақ Жомартқа өткені түні не болғанын айтпады. Өзі келіп сұрағанын қаласа керек.
Әділ сабақтан шығысымен дереу үйіне қарай бет алды. Достары бұл қылығына таңырқай қарады. Үнемі сабақтан соң жүр-жүрмен не бильярдқа, не компьтер клубтарына жетелейтін курстастарына бұл таңсық жағдай.
Әділдің бар ойы үйіне тезірек жету. Түнде үйіне қонаққа келген қыз қайта келіп қалар деген үміті. Ойынан кетер емес. Бейнесі, көздері, қою қара шашы.
Үйіне кеп, Жанардың келуін күтіп жатыр. Айтар әңгімесі де көп сыңайлы. Есіктің қоңырауы шыр ете қалды. Әйтеуір келді-ау деп, алқынып барып есікті ашты. Жанар емес. Көңіл-күйі түсіп, күлкісін тез жиып алды.
-Ә, сен бе едің, Жомарт?!
-Шақырып қойған қонағың бар ма еді? Мезгілсіз келдім бе?
-Жо-жоқ кіре бер, төрлет.
- Саған бүгін не болды, Әділ? Өз-өзіңе ұқсамайсың ғой? Жігіттер де түсінбей жатыр.
- Жомарт, мен Жанарды ойымнан шығара алмай жатырмын. Ол қайда оқиды? Қандай қыз? Қайдан танисың?-деп Әділдің үсті-үстіне қойған сұрақтарын түсінер емес.
-Жанарың кім? Мен бір ғана Жанарды білем.
-Жомарт, номерін берші хабарласайын!-деп телефонын қолына алып, әлденені термек болды.
-Әй, есіңнен алжасқанбысың? Біздің староста- Жанар. Сен кімді айтып отырсың?
-Саған берген кілтімді беріп, кеше үйге жіберген қызың-Жанар!
-Түсінсем бұйырмасын. Сен берген кілтің міне, өзімде. Мен саған ешкімді де жібергенім жоқ,- деп досына таңырқай қарады
- Тыңдашы, Жомарт! Менің қалжыңдасуға жағдайым жоқ. Кеше түнде қайдан кіргенін білмеймін, Жанар есімді қыз келді. Екеуміз таңға дейін отырып әңгіме айтқан болатынбыз. Бүгін университетте өзің де түнді ұйқысыз өткізгенсің-ау дедің. Енді сенің жібергенің анықталды ғой. Шыныңды айтшы, ол кім? Маған телефон номерін берші
- Түсінсем бұйырмасын! Мен тек бір ғана Жанарды білем...
- Иә-иә, номерін берші енді соның!
- Есіңнен адасқанбысың? Ол Жанар біздің топтағы староста- Жанар
- Ей қойшы сенде, - Әділ ренжіп арғы бөлмеге кіріп кетті. Бар ойы Жанарда. "Мені іздеме. Сені өзім іздеп табам "деген сөздері есіне түсіп, неге олай деді екен деп ойға шомды. Мүмкін бүгін түнде тағы келер. Иә-иә, тағы келері анық. Ендеше ұйықтап қалмауым керек...
Түн ортасы ауған шақ. Күндізгі ойларынан соң Әділ Жомартқа деген ренішін ұмытқан. Екеуі әртүрлі тақырыпта сөйлесіп отыр. Бірақ Жанар туралы әңгіме әлі қозғалмады.
Жомарт күндіз қатты шаршағандықтан ба, әлде белгісіз тылсым күш әсер еттіме өздігінен маужырап, дем арасында ұйқы әлеміне еніп кетті. Ал Әділ Жанарды қайта көру үшін таңды ұйқысыз аттыруға дайын.
Түнгі сағат үштің шамасы. Әділдің ұялы телефоны шымшып алғандай "баж" ете қалды. "Анықталмаған номер..."
-Алло, тыңдап тұрмын!
-....,- үнсіздік
-Бұл кім? Алло сөйлесеңізші!
-Әділ, бұл мен ,- деген Жанардың нәзік үні естілді.
- Жанар! Жанар, сен қайдасың? Қашан көрісеміз? Өзің келем деп маған ешқандай мағұлмат бермей кеттің ғой? неге "анықталмаған номер?"
- Үйіңде қонақ бар секілді ғой?- бейне бір үйдің ішінде тұрып бар жаңдайды біліп тұрғандай сөйледі. Таң қалған Әділ:
- Сен қайдасың? қашан көрісеміз?
- Мен сенің аулаңда тұрмын. Шықсаңшы сыртқа!- байланыс үзіліп кетті. Әділ асығып сыртқа шықты. Аулада тірі жан көрінбейді. Кенеттен аспан бозарып, көз алдынан бір жарық сәуле пайда болып, жоқ болып кетті. Алыстан бір адамның сұлбасы көрінеді. Басқан қадамы түзу. Қыздың жүрісіне ұқсайды. Иә бұл Жанар болатын. Оны байқаған Әділ Жанарға қарай кездесуге асығып алдынан шықты.
- Сәлем, Әділ,- дегені сол екен Әділ Жанарды құшақтап алды. Әділ айтарға сөз таппады. Бір түн ішінде қалай ғашық болып қалғанын айтып жеткізе алмады.
-Әділ, тыңдашы...Менің ұзақ сапарға кетуім керек. Екеуміздің жолымыз осы жерден айырылуы тиіс. Мені ұмыт.
-Жоқ, қалайша? Қайда кетесің?
- Оны саған білудің қажеті жоқ. Бәрі-бір онда саған орын жоқ.
- Дүниенің төрт бұрышына да адам бара алады. Демек менде бара алам. Мен саған ғашықпын. Сенсіз ендігі өмір сүргім келмейді. Жылдар бойы іздегенім өзіңсің,- деп Әділ бар сезімін жайып салды. Ал Жанар болса, бұл сөздерді күнде естіп жүргендей болып, мән бермей, алысқа көз салып тұр.
- Егер шыныменде барғың келсе, ол жақтан қайтар жол жоқ, сонда да келісесің бе?
-Иә, келісемін
- Онда қазір менің бір айтқанымды орындауың керек....
.................................................................................
Жомарт ұйқыдан әдеттегіден кеш тұрды. Үйде Әділ жоқ. Ол қайда кетуі мүмкін? Бүгін жексенбі, сабақ жоқ. Мүмкін, дүкенге кеткен болар деп Жомарт үйіне қайтуға ыңғайланғаны сол екен айна алдынан бір қағазды көзі шалып қалды. "Бәріңе Қош! Мені іздемеңдер. Мен бақыт мекеніне жол тарттым."
Бұл жазбаларды оқып Жомарт не істерін, не ойларын білмеді. Жақын араласатын адамдарына хабарласты Әділді көрген-білген ешкім жоқ. Полиция қызметкерілеріне хабарлады. Нәтижесіз. Тек сол бір түні Әділді көшеден сырттай көрген бейтаныс адамдардың айтуына қарап Әділдің өзінің қиял әлеміне, бақыт мекеніне кеткенін байқауға болатындай.
Куәгерлердің айтуы бойынша: "Әділ көше жиегімен жалғыз өзі-өзімен сөйлесіп, біреудің қолынан ұстағандай кетіп бара жатқан. Көздері жұмулы екен."
Бұл оқиғадан соң үш жыл өткен соң дәл осындай жағдай сол Әділ тұрған үйде қайта орын алған деседі. Бұл жолы да жас студент жігіт екен-мыс. Үйді тексеруге балгер-бақсы, елес аулаушылар келісімен-ақ қорыққаннан тұра қашады. Бұл үйде не болғанын ешкім білмейді. Осы оқиғалардан соң қаңырап бос тұрған көрінеді.