"Махаббатсыз дүние бос..."

 

Дөңгеленген дүние қанша үлкен болсада, мына әлемнің адамдарының пейілін соншалықты тар әрі әртүрлі десекте бәріне ортақ, біріктіруші бір ұлы сезім бар, ол-махаббат. Иә, атының өзін естігенде тұла бойы қаның тулап, жүзіңнен нұр шашып,жүрегіңе мейрім келеді. Ақ ұлпадай кіршіксіз таза, мөп-мөлдір тұңғиықтай тұнық сезім оты адам өміріне келіп бақ болып қонса бағыңның жанғаны ал жауапсыз қалдырса тағдырыңның жазғаны. Жұмыр басты пенде мына өмірден не көрмейді десеңізші?! Ал, соның ішіндегі ең тәттісі мен ащщысы, ыстығы мен суығы қатар жүрген адамды өмірге ынтызар етіп, ынтықтыратын, құмарландырып қанатсыз қалықтататын құдіретті күшке ие ғажайып ғажап сезім.

Әрине бұл тақырыпты қозғамаған жан, жырламаған ақын, жазбаған жазушы жоқ-ау сірә?! Жазса сия таусылатын, айтса таң ататын ұлы сезімді әр адам өздігінше қаламына арқау етері хақ. Ал, бұл шығарма бұрынғыдан өзгерек, қалың оқырманның жүрегіне оқтай тиіп,өзіне бірден жаулап алып, ыстық ықыласына бөленді. Содан болса керек, жиырмасыншы ғасырдың орта ширегінде жарық көрседе әлі күнге дейін өз оқырманын жоғалытпай, деңгейін асқақтатпаса еш түсірмеді.Адам жанын тербеген, жалпы адам баласына тән мөлдір сезімді өзек еткен Әзілхан Нұршайықовтың бәрімізге белгілі «Махаббат қызық мол жылдар» романы яғни Ербол мен Меңтайдың шынайы мөлдір махаббат дастанын оқымаған қазақ жоқ шығар. Оқыған кезде өн бойыңа қаның тасып, махаббатың құдіретін сезініп, Ерболдың сабырлығы мен Меңтайдың қылығына қызығып нағыз ынтызарлық пен махаббат алауын сезіндіретін, сілекейіңді шұбыртатын, тілі жеңіл әрі еш боямасыз, бүкпесіз жазылған бұл шығарма көптің көкейінде ұзаққа тұрақтады.

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?

Ақырын-ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау, құрғырлар.-деп хакім Абайдың жанды тербететін өлең жолдарымен бастау алуы романның беташары іспеттес болды. Автордың екі жастың сезім отын сезіндіріп тұрып баяндауы әрі еш қоспасыз шынайы жазуы арқылы оқырманды өзіне балқыта тұрып баурады. Талай махаббат дастанын, қосыла алмай кеткен қос ғашықтың хикаясын, сағынған жүректің сазды әнін тыңдап,оқып жүрсекте бұл роман өздігінше өзгелерден оқ бойы озық тұрды. Сөзге шорқақ, олақ ұйқасты болсада Ербол жүрегінің иесі үшін Меңтайға ыстық ықыласпен «Қызыл көрпе» атты жол үстінде өлең жазды. Міне осының өзі ғашықтықтың жансызға жан бітіріп, тілсізді тіл қатқызатын күшке ие екенін көрсетеді емес пе?!

Талай жүрек нағыз махаббатты сезінбей өтті, талай жүрекке махаббатқа шөлдеп өтті ал бәз біреулер қосыла алмай тасада кетсе енді бірі қадіріне жетпей кетті.Ұлы сезім бақытқа оңайлықпен жеткізбейді біраз көпірден, сын сағаттан сүрінбей өткеніңді көздейді. Ерболдай ақ адал мінсіз өзіңе ер іздесең, Меңтайдай пәк таза, ақылына көркі сай болуыңды қалайды. Екі жарты бір бүтін болып, өз сыңарыңды мына дүниеден еш

жаңылмай табу әсте қиын болары сөзсіз деседе махаббаттың ұшқыны жаныңа жайлы жанды табары хақ. Ербол мен Меңтай бастарына осындай бақ қонып махаббат деген сезімді бастан кешседе, тағдырдың тауқыметі, махаббат машақаты оларды еш айналып өткен жоқ. Талай таңдарды бірге атырып, әуезді әнді қосыла шырқап, махаббаттың бал дәмін татып отбасын құрсада ажал оларды тосыннан екіге айырып Ерболды Меңтайсыз және перзентсіз қалдырып жүрегін қақ айырды. Меңтай ажалын алыстан сезгендей көптен бері қойын дәптеріне бар сырын ақтарса керек, соны кейіннен Ербол өзіне арнап жазылған шынайы лебізді оқып Меңтайдың махаббатының тағы бір куәсі болды. Әрине шығарма тек махаббатан құралмаған нағыз адал достар мен жолдастарды да қаламға серік еткен, соның бірі Ерболдың жан жолдасы Заман болатын. Заманда баянды махаббаттың куәсі бола жүріп отбасылы болып перзент сүйгесін, жұбайы Танамен бірге қос ғашықтың құрметіне балаларының атын Ербол мен Меңтай деп атайды.

Шығарма өз кезегінде қайғылы аяқталғаны өкінішті дейтұрғанмен менде өз өмірімде ешқашан аяқталмайтын баянды махаббаттың басты кейіпкері болғым келеді. Ерболдай нағыз адал ерді мына заманда маңдайыма нәсіп етсе, Меңтайдай сол жанға серік боларымды көздеймін. «Сұлулық әлемді құтқарады»-дейді дана халқымыз меніңше мына әлемді тек махаббат құтқарса керек ал сұлулық оған дәм беруші тұздықтай.Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы мен Баян, Әбдірахман мен Шұға, Ербол мен Меңтай тағы сол сияқты тарихта есімдері алтын әріппен жазылған, тағдырлары таң атқанша жырланған небір қосыла алмай кеткен ғашықтар бар мүмкін меніңде махаббат дастаным осы есімдердің арасынан көзіңіз шалса еш таңғалмаңыз себебі мен мына әлемде махббаттың қадіріне жететін жанның барына және нағыз махаббаттың барына шын көңіліммен сенемін ал менің сенімім мені ешқашан алдамайды. Қазіргі таңда нағыз аяулы махаббатты жоқ дейді меніңше жансақ пікр махаббат жойылған емес және жойылмайдыда егер махаббат кетсе мына әлемде бізде болмаушы едік, тек махаббаттың қадіріне жетпеген жетесіздер мен ақ аяулы сезімді кірлеткендер қатары көбейді. Жалған дүние махаббатымен ғана жанарлы ал адам сол сезіммен ажарлы жүректегі сезім отын сөндірмей бағалайық қолдағы бар жақұтты. Махаббатсыз дүние бос, жанарда қалар жара мұң, көңілде кетер бір кірбің....

Жайна Мәлімқожа

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университеті,

Журналистика кафедрасының 2 курс студенті.



Бөлісу: