Көлеңкедегі керемет

Көлеңкедегі керемет
жеке
блог

     Бүгінгі күні тәрбие жайлы сөз қозғасақ өмірде орын алып жатқан оқиғалардың жағымсызын жинап алып ата-ана немесе ұстаздарға сын көзбен қарайтын болдық. Ғаламтордан «Ақ қағаз бен қара нүкте» жайлы ақпаратты оқығаннан кейін жазбалы ойға шомдым. Расымен де біз үлкен ақ парақтан кішкентай қара нүктені ғана байқайды екенбіз. Шындығында шалыс қадамдарға барып жүргендер жетерлік. Соны дабыра қылып талқыға салу арқылы отқа май құйып, мәселені өршітіп жатқанымыз өкінішті. Бәлкім бұл да дұрыс болар. Дегенмен сол нүктенің көлеңкесіндегі кереметті де көргеніміз жөн.

Отбасы – жылуынан жаның жайланып, мықты қорғанынан өзіңді қауіпсіз сезінетін мекен. Себебі тіршіліктің адамзатқа тән қарым-қатынас дейтін жұрнағы бар. Отбасының шаттығы да сол ара-қатынасты бағалауында. Бала күнімде анамды тынымсыз сұрақтарыммен мазалайтынмын. Білгім келетіні қайсымызды қаттырақ жақсы көретіні. Анашым болса мүлдем алаламайтынын түсіндіруге тырысатын: «Сендер менің жұмылған жұдырығым (жұдырығын түйіп) секілдісіңдер, әрқайсыңның өз орындарың бар. Бірің ақылшым, екіншің еркем, үшіншің қолғабысым, қалғандарың қорғанышым. Сендер бес саусақтай біріге аласыңдар, бірақ бөліне алмайсыңдар. Өйткені бойларыңда әкең екеумізден дарыған адамгершілік қасиеттері бар. Сол сендерді тас қылып біріктіреді» дейтін. Ал екеуіңіздің қайсыларыңыз көбірек жақсы көресіздер деген сауалға: «Мен бастарыңнан сипағанда мейірімділігімді, әкелерің маңдайларыңнан сүйгенде қамқорлығын танытқысы келеді. Сен де бауырларыңа баскөз болу арқылы жауапкершілікті сезінесің. Сол сияқты, кімнің қаншалықты жақсы көруін білу, оны артық не кем қылу бұрыс іс. Дұрысы махаббатыңды көрсете білгеніңде» дегенді жиі қайталайтын. Сенім білдіру, сенімге ие болу, сүйіспеншілікке бөлену, қуаныш сыйлау, жақсы көру, өзгеге алаң болу, қиындықты еңсеру, жетістікке жету, алға қадам басу тағы адалдық, сыйластық сынды сезімдердің не екенін, сол шақтарда бір-бірімізді тәрбиелеу барысында үйренгенімді және үйрете білгенімді ұғындым. Ең бастысы біз анамыз барда аштықты, әкеміз барда тоңудың не екенін білмей өстік.

Жанұядағы көзге көрінбейтін керемет – ол шексіз махаббат. Мақаланы жазарымда айтарымды жақынының нұрына бөленгендер түсініп, ал жетім күйін кешкендердің керісінше қабылдап қалуы мүмкін екендігін ойландым. Бәлкім мен олардың тағдырын сырттай топшалап отырған болармын. Әйтсе де, сол жандарға: «Қандай себеппен болмасын жалғыз қалсаңыз да өмір сүруіңізді тоқтатпаңыз. Бақытты болғыңыз келсе басқаның бақытын көре, өмірді көлеңкесімен сүйе біліңіз» дегім келеді.