"Сүйікті, Әсел! Қалың қалай? Ауырмай, аман-сау жүр деп ойлаймын. Біраз кітаптың бетін "жыртып" тастаған шығарсың?! Менің қазақшам қазір сенікінен әлдеқайда мықты. Көркем сөйлеп достарымды таңдандырудамын. Жаңалық сұрайын десем, бәрібір жауап жазбайсың ғой. Сол үшін ауылыңа барар жазды тағатсыздана тосып жүрмін... 27.03.2015жыл."
Бұл өткен айда келген хат. Семейімнен! Сүйгені Семейде жүр екен деп отырсыз-ау ойыңызда?.. Сонымен...
...Екі мың он екінің жазы. Ол жазда да жылдағыдай ауылға қайттым. Жылдағыдай мені ауыл да, ауылдағы достарым да жылы шыраймен құшақ жая қарсы алды. Қонақ та қонақ, қыдыру, ойнау, тау-тас аралап кетумен көңілді күндер басталып кеткен. Сондай күндердің бірінде ес білгелі бірге ойнап өскен туған көршілерім, достарым, сыныптастарым, парталастарым десем кете береді енді, қысқасы, жақын бауырларым - Жансая, Мақсат есімді екі жасымнан бері достасып кеткен жандармен доп теуіп ойнап жүргем. (Дәп-дәу қыз боп доп тепкені несі дейтін шығарсыз...) Ол да Сіздей ойлаған ғой: "Ей, Әнуар, сен әлі күнге дейін футбол ойнап жүрсің бе?" - негізі бұл орысша айтылған болатын. Дауыс шыққан жаққа жалт қарадым. Жымиғаны сондай жарасымды, орысқа да ұқсайтын, қазаққа да келетін бір сүйкімді бала тұр (бала деп қоямын ғой, өзіммен түйдей құрдас). Маған қарап тұрғаны несі, жынды шығар неге күліп тұр деп сұрау белгісі болып бетіне бажырайып қалыппын. Менің досым Мақсатпен қол алысып амандасып, үлкен жігіттерге ұқсап өздерінше шүйіркелесіп әңгіме айтып тұрды.
- Қашаннан бері біздің ауылда орыстар жүретін болған? - деп Жансаяға бұрылдым.
- Орыс емес. Әділет ағаның үйінде жүрген қонақ бала ғой. Танисың ғой сен оны! Семейден келген Серік қой!
- Қайдағы Серік? Сергей десеңші, - деп әбден күлдім.
- Танып тұр екенсің ғой, - деп Жансая да күлді. Оның есіне басқа бірдеңе түсіп кетіп күлген болу керек. Өйткені, мен оны танымаған едім... Сөйтіп сол күн де өтті. Аса мән бермеген күйі үйге қайттым. Ертесінде таңертең папаммен аулада жаттығу жасап жүргем, үй арасында үй жоқ, көрші тұратын Әділет ағаның есігінің алдында сол үйдің жолбарыстай итімен алысып кешегі қаладан келген қонақ бала жүр. Папама келіп амандасып жатыр. Қазақшаға шорқақтау тілін бұрай-бұрай үлкен кісіше оны-мұны айтып, әрнені сұрап, арасында әзілдесіп, күлісіп, папамды әңгімеге үйіріп алып кетті. Осы бір ашық-жарқын, елгезек ұлды бұрын көргееен секілдімін, түрі таныс боп барады... Кім еді?..
Ее, есіме түсті!
...кішкееентай кезім еді. Бастауыш сынып шығар сол... Осындай жаймашуақ жаздың бірінде сол баяғы достарыммен тағы да доп теуіп жүргем. Тілі шүлдірлеген осы бір орысша қазақ бала "Қыз деген футбол ойнаушы ма еді?" деп өзінше болып "кругымызға" бас сұққаны бар-тын. Мені папам "қызым" деп атамай, "ұлыма келіншек алып берем" деген тәрбиелі түрдегі еркелікпен өсіргеннен кейін қонақ баланың бұл сөзін жаратпай: "Мен - ұлмын, атым - Әнуар! Футболды менен мықты ойнай алмайсың" деп, "төбелесіп" қалғам. Содан кейін де талай "төбелескенбіз". Бірақ, қаланың мәдениетті баласы менен өтірік жеңіліп құтылып кететін. Менің "ашуыма" тиетіні де сол еді. Иеее, бұл сол Серік екен ғой! Әділет ағаның құдасының жиенінің досының інісі ме еді? Әйтеуір, әкесі қазақ, шешесі орыс. Сол үшін қаладағы есімі Сергей де, ауылдағы аты Серік! Кешегі Жансаяның да күлгені осы екен. Одан кейін не болды дейсіз бе? Одан кейін не болғанын айтпаймын...
Тамыз туа бақытты жазды ауылға қалдырып, ол Семейге, мен Алматыға аттанып кеттік. Біртүрлі деп ойларсыз, әлі күнге дейін бізде бір-біріміздің телефон нөміріміз де жоқ, тіпті әлеуметтік (вконтакте,фейсбук) желілерде де бір-бірімізде жоқпыз, іздескен де емеспіз. Алайда, үш жылдан бері мен бірде бір рет жауап жазбасам да, ол ай сайын хат жазуын тоқтатқан емес. Мен де үйреніп қалдым. Тағатсыздана күтіп жүретінді шығарғам. Хатын оқып отырып балалықта қалып қойған ақжарқын ұл мен көрші апа атап кеткен "қалақтай" қызды сағынамын... Міне, осылаааай...
P.S.: Айтпақшы, егер "Воровка книг" деген фильмді көрген болсаңыз, бала Серіктің түрі де, өзі де сондағы Рудиден айнымайды!
Кезексөзді Нағашымнан алдым, енді Қымбат ағам Слямбекке жолдаймын!