Қанаттарымсың...

Қанаттарымсың...
жеке
блог

Адам баласына жаңа леп беретін, шабытына шабыт қосатын ең биік күш - махаббат. Әлемің қара түнекке оранып, тұмандана бастағанда, күн секілді шуақ шашып, нұрландыратын да сол. Жаныңызды өзге түгіл, өзіңіз түсінбейтін күйді басыңыздан өткердіңіз бе? Ешбір жаннан айналып өтпейтін, жүрегіңізге келіп мәңгі орнығатын, ерекше, өзгеше сезім - МАХАББАТ деп аталады! 

Өзіңізді қанаты сынған, қарашаның суығында, қалың орманда адасқан құсқа теңеп көріңізші. Бұл өмірден түңіліп, меңіреу күйде, айналасынан күдерін үзген дәрменсіз кішкене құс... Ол құсты сол тозақтан алып шыға алатын тек махаббатқа деген сенім, жүрегіне ұялаған кішкене бір сезімнің бөлшегі. Махаббат сол құсты қанаттандырып, қараңғы, қою түннен алып шыға алатын адамның жүрегіне қоныстанған періштесі іспеттес. Әрдайым дұрыс бағыт-бағдар беріп, алдағы өміріне деген сенімін арттырады. 

Өміріңізде қанша рет ғашық болдыңыз? Қайсысы сіз үшін ерекше орын алып, жадыңызда көпке сақталды? Бірнеше рет ғашық болуға болады деп ойлайсыз ба? Жоқ! Адам баласы екінші бір жанға өмірінде бір-ақ рет ғашық болады! Сол кезде, осы уақытқа дейінгінің барлығы жай ғана жүрегіндегі бір ұшқын ғана болғанын түсінеді. Сонда ғана, өмірінің текке кетіп жатпағандығын, өз өмірін толықтай арнауға тұрарлық жанды кезіктіргенін біледі. Бар ойы тек сонда, соның жанында болып, жүрегімен қоса санасы да жауланады... 

Ғашық болыңыз! Жүрегіңізге ерік беріңіз! Оның өз жартысын табуына рұқсат етіңіз! "Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар" - деп, дана да, дара туған Абай атамыз тектен-текке айтпаса керек-ті...