ІІ бөлім
«Сағаттай сырғып жатқан өмір. Тоқтамайды, әәә... Оның мына жалғаннан кеткеніне тура екі жыл болды. Екі жыл бойы мен білмейтін тылсым сыр жасырынып жүрген секілді. Жоқ, мен ақымақ та, есуас та емеспін. Соңғы бір апта бойы ол менің түсіме жиі кіріп жүр. Жастыққа бас тигізсем болды бұлыңғыр бейнесі көз алдыма елестейді. Әлде осы кезге дейін қабірінің басына бір рет те бармағанымнан соң іздеп жүр ме екен? Қалай барамын? Бұған менің жүрегім шыдамайды ғой. Дегенмен, мені онда жібермей жүрген бір құдырет те бар шығар...»
Осылай деп күнделігін шиырлатып өткен бойжеткен, сыртқа шығуға қамданды. Бірақ, жалғыздан жалғыз қайда барамын деген ой да көкейіне ұялап тұрып алды. Әйтсе де, аяғы далаға қарай тартып тұр еді. Санасымен арпалысқан ол Алматының алып шаһарларының арасынан қалай шыққанында байқамай қалды. Көше бойымен қаланың сұлулығына тамсанып, елігіп келе жатты. Төрт жыл бойы құшағында тербелгенімен, әсем табиғатын бірінші рет аңғарып, сезініп тұрғандай күй кешті. Бірер сәтте даңғылдар қиылысындағы саябаққа да келіп жетті. Бұл жолы ол өзгеше бір күйге бөленді. Сөзбен суреттеудің өзі де мүмкін емес еді. Бұны тек жаныңмен сезіну керек. Өйткені, бұл жерде оның көп естеліктері жасырынып қалған болатын. Жанарына жас ұялап, денесінің тітіркенгеніне қарамастан ішке қарай кіруге әрекет жасап, жүрісін бәсеңдете түсті. Бағанадан бері бал-бұл жайнаған жүзі әп сәтте ащы мұңның құрсауына оранды. Бақтағы әрбір тал «Мәрлен» деп әндетіп тұрған секілді боп көрінді. Сан мәрте кездесіп, жұптары жазылмай бірге өткізген сәттерінің жоғалғанына екі жыл болды емес пе?! Сол жоғалған сезімнен кейін, осы маңнан өткен де емес еді ғой. Содан болар, тұла бойы тұншығып, аяқ-қолынан жан кетіп, бір орында қаққан қазықтай сілейіп тұрып алды.
- Кәусәр! Ту сыртынан осылай деп естілген ер адамның қоңыр дауысы оған жақын боп көрінді.
- Еһһһ, Кәусәр, сені кезіктірем деп кім ойлаған? – деді де, құшағын айқара аша түсті. Ештеңенің байыбына бара алмаған күйі, кері айналып, көзін жоғары салды. Кенеттен езуіне күлкі үйіріліп:
- Еркебұлан! – деген даусы жарқынырақ шықты. Көкірегінде қатқан мұң сып етіп жоғала кетті. Сөйтті де, ескі достар бірін-бірі мауқын басқандарынша құшақтап, іштерінде қайнап жатқан сауалдарын қоюға асықты. Жандарындағы орындыққа жайғасып, өткен-кеткеннің бәрін қозғай жөнелді.
- Сен де сол оқиғадан кейін араға көп уақыт салмай ізім-ғайым жоқ болдың ғой. Қазір қайда оқып жатырсың? – деді Кәусәр кезекті сауалдарының бірін ортаға тастап.
- Үшінші және төртінші курстарды Ыстамбұл қаласында оқыған жайым бар. Дипломдық жұмысымды сәтті қорғап, Алматыға кеше келдім. Яғни, алдыңда білдей болашақ филология ғылымдарының профессоры, түрколг отыр, - деп әзілдеді де сөзін іле-шала жалғастырып – Өзіңнің оқуың қалай болды?
- Мен де көкқағаздарды қолында иіретін мамандардың бірімін, - деп жауабын қысқа ғана қайырды. Арадағы аздаған үнсіздікті Еркебұлан бұзды:
- ...Шұбатылған көштерге де жетемін,
Ұзатылған керуендерді тұрғызбай.
Аппақ жолдан мен де шығып кетемін,
Қара түнде ағып кеткен жұлдыздай.
Бұл өлеңнің авторы кім екенін білесің бе?
- Мұқағали Мақатаев?
- Жоқ, әәә... Мұқағали емес, Мәрлен Сейдіқожа! Арада өрбіген осы бір диолог Кәусәрді естен айыра жаздады. Тағы да үнсіздік орын алды. Сәлде соң жай ғана қайталап оқып беруін өтінді. Бұл жолы қайталап оқығанда оның көзіне ыстық жас келді.
- Бұл оның соңғы өлеңі болатын. Иә, ол ақын еді. Қойын дәптеріне қаншама жыр жазса да жарыққа шығаруға қымсынатын. Бәлкім, өзінің тұғыры мүлде бөлек пе еді? Осы жазған өлеңін оқығанымда менің де жүрегім суырылып түскендей болды. Дегенмен, ол өзінің бұл фәниден кететінін біліп жүрді ғой. Соңғы ғұмырының аптасында намазға жығылып, діни сауатын толықтыра бастаған еді. Бір күні маған «Өлмей тұрып жайнамазға маңдайым тигеніне қуанамын» деп еді. Мен оның осы сөзінің астарына мән бермеппін. Ал сенің туған күніңе жүз тал раушан гүлін жіберуінің де өзіндік сыры бар. Бақиға аттанарынан бір күн бұрын осылай жасауымды өтінген еді. Оқығаным көп болмаса да гүлді тақ қылып жіберу керектігін айтып, жұп қылып беру бақытсыздыққа апарады дегеніме де көнбеді. Оның үстіне «Сенің жалдамалы адамың емеспін. Өз қолыңмен тапсырсаң нең кетеді?» деп кері сұрақ қойғанымда, «Ертең жоқпын» деп қысқа ғана жауап берді. Өлім туралы көп айтуының себебі, асыл дінімізді толықтай қабылдауы деп топшаладым. Ақымақ болыппын. Жүз тал раушан гүлі... Бір талын мәңгілік сапарына әкетті ғой. Әлі есімде. Сол күні таңға дейін, қағазға бірнәрселер жазумен болды. Одан кейінгі жағдайды өзің де жақсы білесің. Қас қағым сәттің ішінде дүние күйреп кеткендей болды емес пе?! Айтпақшы, оның жеке жыр жинағы жақын арада жарыққа шығады. Ішінде саған арнаған өлеңдері де бар. Кітаптың атын «Өлім айтып келеді» деп қойдым. Шынында да, ол ажалының келетінін білді емес пе? Соңғы жазғанының тақырыбы да солай аталып, қойын дәптерінің төмеңгі жағына болашақ жинағының атын осылай деп түртіп қойыпты.
Кәусәр ештеңе дей алмады. Жүрек тұсы қатты шымырлап, солқылдап жылай берді. Сүйгенінің қабірінің басына бармағаны да өзегін өртеп жіберді. Көзінің алды тастүнекке айналып, орнынан тұрып кете барды. Жас сұлудың артында «Өлім айтып келеді» деп сері жігіт қала берді. Кейде тағдырды қатал дейміз. Ал, сол тағдыр деген Алланың берген сыйы емес пе? Сонда Алла Тағала тасжүрек болғаны ма? Жоқ, Жаббар иеміз жомарттардың жомарты ғой. «Аллаға да жақсы адамдар» керек деп жатады. Жүрегі пәктікті қалағаннан соң, қамшыдай ғұмыр жалғанның ішіне сыймаған шығар.
Авторы: Марат ҚАНИ 2015.ШІЛДЕ