Жүрек сыры

   Өмір деген төрт әріптің ішіндегі бір пенде жүректің сыры:
Күліп таңым атады күнде менің,
Көріп келем өмірдің нұр желегін, 
Сенің ғана қуатың шын жетеді, 
Тазартуға кеудемнің кірлегенін...
     Бұл жыртылған жүз дәптердің ішіндегі тек қолға ілінген бір бетіндегі бір шумақ қана еді...
Сөздің шыны керек, мен ақын да, батыр да, әкім де емеспін. Мен өмір деген төрт әріптің махаббат деген сегіз қарыс қазығына байланған шарасыз бір бейбақ жанымын. Тәнім еркіндікте. Жан мен тән таласып талай күнәні мойныма артып қойғаны тағы бар. Қысқасы, мен өмірге ғашық адаммын. Ал, өмір деген махаббаттан мәңгілік ажырамас ұғым. 
     Осынау алты құрлық, төрт мұхитты құшағына сыйдырған Жер ғаламшарына жұдырықтай жүректің сыймай аласұра беретінін қарашы...
     Ол, менің өмірімдегі, ата-ана, туғандарымнан кейінгі ең құдіретті орындардың бірінде тұра беретін жан! Қай кезде, қалай болғаны есімде жоқ, менің бала жүрегімде бұлаң қағып бір бейне пайда болды. Ол, сенің бейнең. Менің өмірге деген көзқарасым сені жүрегіммен сезінген сәтте 180 градусқа бұрылды. Бұрынғы тас жүрек, сені ойлағанда Самарқанның көк тасындай жібіді. Мүлде өзгеше қалыпқа түстім. Бұл менің маңдайыма жазылған бақ пен сордың сыбағасы болар...
Неге, кім үшін, не үшін жазып отырғанымды да білмеймін осы нәрсені бірақ, дәл қазір осы сәтте ойымда сен ғана тұрсың, тұра бересің де! 
      Махаббат деген үлкен ұғым екені айтпаса да түсінікті. Өмірдің өлшемі. Менің жүрегімнің қағысындағы, тамырымдағы ыстық қанымдай буы бұрқыраған оттай күйдіретін ұлы сезім. Мен өмірде жолым болған жанмын, себебі тағдырымда сен барсың. Сосын тағы да жолым болмаған жанмын, оның себебі, сенің мені сүймегендігің. "Жүрекке әмір жүрмейді" деген сөзді мен сияқты махаббаттың майданында жараланған адам айтып кетсе керек. Мейлі, сен мені жақсы көрмей-ақ қой, бірақ менің бір түсінгенім: мен сені жақсы көргендей ешкімді жақсы көре алмайды екенмін. Осы сөзімді теріске шығару үшін қаншама құйтырқылық жасадым, қанша қызға жасанды ғашық боп, жылт еткен сезіммен өлең де арнадым. Ешқандай нәтиже бермеді. "Он күнәнің тоғызы - тілден" дейді, қанша күнә арқаладым екен...
... қаншама рет өтірік айттым екен...
бәрі тек уақыт еншісімен бірге сөніп қала берді ол сезімдер, барлығы өтірік екен. Бұл жерде мен білетін, мен ұғынған бір ғана шындық бар еді. Ол, сенсің!!!



Бөлісу: