Жігіттермен қарым-қатынаста қыздар жіберетін 30 қателік

1. Өз сезіміңді айқын көрінетіндей ету. Яғни, қимылдарың, іс-әрекеттеріңнің сол адамды жақсы көретінін анық көрінуі. Меніңше, қыздың сезімдерінің тарапынан белгілі бір дәрежеде жұмбақтық, анықталмағандық болуы керек. Әйтпесе, екінші адам жақсы көрмесе де, оны таза "меншіктеп" алуы мүмкін. 

2. Өзіңді төмендету. Басқа біреуді асқақтату арқылы өзіңді төмендету, өз бағаңды білмеу. Мысалы, басқа біреуде өзіңде кездеспейтін жақсы қасиеттерді көресің де, өзіңді толыққанды (полноценно) сезінбей кетесің. Сол қуыстың орнын сол адамның тарапынан бөлінетін назармен толықтыруға тырысасың. Мен қайта-қайта айтуға жалықпаймын: өзіңді Мариан шұңғымасындай төмен сезінгің келмесе, басқа біреуді Эверестке шығарма! Бұл екеуі бір тиынның екі жағы сияқты. 

3. Сезім білдіру. Егер басқа адам сені жақсы көрсе, сөзсіз-ақ сезесің. Бірақ жақсы көрмесе, сезімдеріңді айтудың һеш пайдасы жоқ. Жауап та болмайды, болса да, сен ойлағандай болмайды. Сезім білдіру 18 жасқа дейін жай ғана сезім білдіру болса, 18 жастан кейін ер адамдарға «Мен сені қалаймын» деген мағынаға да ие болып жетуі мүмкін. 

4. Үнемі "иә" деу. Жақсы көретін адамың қандай керемет адам болмасын, айтқандары мен "істе" дегенінің бәріне көне беру - ақымақтық. Кейде өзіңе ұнамайтын нәрсеге "жоқ" деп айтуды осы бастан үйрену керек. Тек жігіттермен қарым-қатынаста емес, жалпы өмірде. 

5. Жақсы қыз болып көрінуге тырысу. Ең ақымақ нәрсе. Сен де, сен жақсы көретін адам да ешкімнің кемшіліксіз емес екенін керемет түсінеді. Ендеше, өзіңнен "жақсы қыз" істеуі керек нәрселерді талап етуің, оның көзіне барынша жақсы болып көрінуге тырысуың - түбі ешқайда апараймайтын іс-әрекеттер. Керісінше, жақсы болып көрінуге тырысқан сайын жасанды болып көріне бастайсың. 

6. Үлкен әлемді тек бір адаммен шектеу. Ең басында тек бір адамның назары бір өзіңе жеткілкті болып көрінуі мүмкін. Себебі, сен өзіңді ерекше сезінесің, эйфория, анау-мынау, махаббат-сахаббат дегендей... Сосын бір күн ол адам саған назар аудармаса, есірігің ұстап (истерика), өзіңнен өзің шығып, сол адамның назарының тұрақты қабылдайтын дозаңа айналып кеткенін түсінесің. Бірақ ол саған қайта назар аударған сайын одан да ынтығырақ бола түсесің. Сол үшін жаныңды тамақтандыратын тек бір энергия көзі болмасын. Сүйікті істерің, жақсы достарың, жаңа адамдар мен жерлер, тіпті басқа адамдардың назары болсын. 

7. Бар уақыт мен энергияны бір адамға арнау. Байқап отырсаңдар, осындағы пунктер бір-бірінен келіп шығатын немесе бір-біріне тығыз байланысты пунктер. Сондықтан, ой қайталануы болуы мүмкін. Бірақ осы пункте айтқым келетіні - ғашық болсаң да, азырақ қиналып, өмірдің тәтті дәмін көбірек сезінгілерің келсе, сол адам жайлы ойларға мейлінше аз уақыт бөл. 

8. Жоғалтып алуға қорқу. Біріншіден, жоғалтатындай адам - зат емес. Екіншіден, жоғалтатындай ол саған тиесілі емес. Бірақ сен қорқасың, "Осы адам өмірімнен кетіп қала ма, мені тастап кете ме, сосын өзімді жалғыз сезінемін бе" деп. Заңды. Бірақ бір қызық нәрсе - қаншалықты жоғалтып алуға қорқасың, жоғалтып алатыныңның ықтималдығы соншалықты жоғары. Ол сені қазір тастамаса да, кейін тастап кетеді деген қорқыныш өзіңнің ол адаммен қарым-қатынасты өз қолыңмен үзуіңе әкеледі. 

9. Әлеуметтік желідегі хат-хабарлардың көбеюі. Әрине, қарым-қатынас басында немесе алыс жерде болсаңдар, әлеуметтік желідегі сөйлесулер жақындықтың иллюзиясын ұстап тұруға жетеді. Бірақ егер өмірде кездесетін болсаңдар, әлеуметтік желілердегі өмірде өлсең де айтпайтын сентименталды немесе шектен тыс ашық әңгімелер қарым-қатынасты бұзатын негізгі балта болуы мүмкін. Әлеуметтік желідегі "досыңның" бейнесін өмірде іздейсің, бірақ таппайсың. Таныс па? 

10. Өзіңді ұмыту. Өзіңнің кім екеніңді ұмытып қалдың ба? Не істеп жүрсің? Мақсаттарың мен приоритеттерің қандай? Өмірде не істегің келеді? Саған жалпы не істеген ұнайды? Сен өздіңді ұмытқанмен, басқа адам сен деп өзін ұмытатынына сенімдісің бе? 

11. Өз шекараңды қоймау, тым ашық болу. Сен бар жаныңды ашқаныңмен екінші адамның оны аялауы ғана емес, аямауы да мүмкін екенін білесің бе? Сен өзіңнен басқа ешкімге 100% ашық болуға міндетті емессің. Сенің өз құпияларың мен жеке өміріңе құқың бар. 

12. Қарым-қатынасты болашағының жоқ екендігіне қарамай құру. Фильмдерде ғана бір-бірін жақсы көретін адамдар «енді қанша уақыт бірге болатынымыз белгісіз, бірақ бар уақытты бір-бірімізбен бақытты өткізейік» деп келіскені романтикалық болып көрінеді. Шын өмірде бәрібір қосылмайтынын білетін адамдардың болашаққа құратын іш жылытатын жоспарлары болмайды, соған сәйкес ғашықтық аспанда қалықтатпайды. 

13. Ортақ қызығушылықтары немесе көзқарастары мүлде жоқ адаммен кездесу. Әрине, мұндай адамдар қосылмайды немесе бірін-бірі жақсы көре алмайды деген сөз жоқ. Кейде тіпті екі адамның, қызығушылықтарының әр түрлі болғаны махаббат отына май құюы мүмкін. Дегенмен, сөйлесетін ортақ тақырыптарың¸ бірге істеуге болатын іс-әрекеттерің, ортақ көзқарастарың болмаса, қарым-қатынас қаншалықты берік болмақ? 

14. Ортақ қызығушылықтарың немесе көзқарастарың мүлде көп сияқты көрінетін адаммен кездесу. Бұл жердегі кілт сөз – «сияқты». Бір қарағанда алдыңғы пунктке қарама-қарсы көрінгенімен, шын мәнінде, олай емес. Егер бір адам сенің барлық көзқарастарыңмен келісіп, сен әлдене істесең ол да солай істейтінін, өте ұқсас екендеріңді, мұның сирек құбылыс екендігін тілге тиек етсе, ол адамнан сәл күдіктенуге болады. Бәлкім ол осы арқылы сенің сеніміңе, жақын адамдарыңның қатарына кіргісі келетін шығар. Оның артында қандай ниет жатқанын сен білмейсің. Тіпті түсініктері бірдей адамдардың ішінде өзара айырмашылықтар болуы керек. Соны ескер. «Ой, біз қатты ұқсаспыз» дегендерге сене берме. Тау тауға, маймыл маймылға ұқсай береді. 

15. Ол (жігіт) айтқан барлық сөзді шындық деп қабылдау. Қарым-қатынаста, жалпы өмірде біз өзімізге тиімді, мақсатымызға жақындататын сөзді таңдап айтуға бейімбіз. Себебі ақиқат үнемі бізге көмектесе бермейді. Сондықтан да, барлық адамдар сияқты сүйіктің де кейде ақиқатты жасырып, дәл сенімен қарым-қатынаста сенің естігің келген немесе өзін жақсы позициядан көрсететін сөздерді таңдап айтуы мүмкін. Үнемі оның сөздеріне анализ жаса. Көбінесе, басқа жігіттер және қыздар туралы айтатынына назар аудар. Басқа жігіттер туралы қандай нәрсе айтса, өзі де сондай, басқа қыздар жайлы не айтса, саған да қарым-қатынасы сондай екендігінің ықтималдығы зор. 

16. Ашық кітап сияқты болу. Өзің, құпияларың, қалауларың(!), әлсіздіктерің жайлы сен ғана ең көп білетін адам болуың керек. Басқа ешкімге сені өзіңнен артық білуге рұқсат берме. Ол білім саған қарсы қолданылатын қару болып шығуы мүмкін. Себебі, адамның кейбір іс-әрекеттері, сөздері ол туралы көп нәрсені айтып береді. Ол артынан манипуляцияның көмекшісі болып шығуы әбден мүмкін. 

17. Бір адаммен қарым-қатынасыңды екінші бір адаммен талқылау. Біріншіден, ішіңе сыймай бара жатса, сол адамның өзімен сөйлес, талқыла. Екіншіден, басқа біреу «Ол кім? Нешеде? Қайда жұмыс істейді? Неге дәл сол адам?» деген ыңғайсыз сұрақтар қойса, жұмсақ қана осы сұрақтарға жауаптан сытыл. Сен ешкімнің алдында өз қарым-қатынастарың, адамдарың жайлы есеп беруге міндетті емессің. 

18. Саған сендердің қарым-қатынастарыңда әлдене ұнамаса, айтпау. Сен жігітіңнің алдында ұнамайтын нәрсені жасырып, үнемі күліп, риза болып жүруге міндетті емессің. Әлдене ұнаса, айт. Ұнамаса, тағы айт. Бәріне шыдау, әлдене ұнамаса да көне беру бағаланбайды. Өзіңді бағала. 

19. Өзіңді жақсы көрмеу. «Я разлюбил себя чтобы полюбить тебя сильней». Сені ғашық қылған адам өзіңді жек көруіңе себепші болуы мүмкін. Қалай? Жай ғана сенің кемшіліктерің мен әлсіздіктеріңді жанама һәм тура бетіңе басады, сенің кемшіліксіз адам емес екеніңе меңзейді. Сен де өзіңді төмендетуге рұқсат бересің. Бұдан тәуелді қарым-қатынастар пайда болады. Қалайша? Оңайша. Сені төмендеткен адам енді сенің өзбағаңа қатты әсер етеді. Оған ұнайтын әлдене істесең, сенен артық адам жоқ. Оған ұнамайтын әлдене істесең, сенен жексұрын адам жоқ. Бәрі өте оңай. Біртіндеп, сен өз жігері жоқ, өзбағасы төмен, өзін жақсы көруі басқа біреудің жақсы көргеніне тәуелді адам болып кетесің. Мұны қаламасаң, өз приоритеттеріңнің арасында бірінші тұр. 

20. Манипуляторлармен, әлденеге тәуелді адамдармен қарым-қатынас құру. Бұл өте біржақты емес пункт. Дегенмен, қысқаша айтқанда, сенің аяушылық, өзіңді кінәлі сезіну, өзіңді толыққанды сезінбеу деген сезімдеріңе басып, сенен қалайтын нәрсесін алуға тырысатын немесе алатын адамдардан аулақ жүру керек. 

21. Қарым-қатынасты басқа мақсатта пайдалануға тырысу. Кейбір қыздар қарым-қатынасты басқа біреуден заттай сыйлық алу үшін пайдаланады. Кейбір ұлдар қарым-қатынасты тұрақты романтикалық партнеры болуы үшін пайдаланады. Бұрынғы мен сияқты қуғынбайлар қарым-қатынасты психологиялық көлемді үлкейту, даму үшін пайдаланады. Меніңше, қарым-қатынастың мақсаты екі жаққа ортақ болса немесе тек қатынастың өзі болса, жөн-ау. 

22. Басқа адамдардың сезімдеріне өзіңді жауапты сезіну. Жігітіңнің бүгінгі кездесуде көңіл-күйі жоқ. Сен ол сені енді жақсы көрмейтін шығар, енді мені тастайын деп жатқан шығар, басқа біреуі бар шығар деп қиялданып кетесің. Бәлкім, оның үйінде оның сүйікті иті қайтыс болып, ол соған қамығып отырған болар? Немесе жігітіңде депрессия пайда болды. Сен клоун сияқты оның қанша көңіл-күйін көтеруге тырыссаң да, ол көтерілмейді. Сен өзіңді кінәлі сезінесің, ол өзін кінәлі сезінеді. Ал, шын мәнінде, ол сенің ең жақын адамың болса да, сен оның сезімдеріне жауап бермейсің. 

23. Басталған қарым-қатынас ғұмыр бақиға болады деп ойлау. Тіпті адам сені қатты жақсы көрсе де, «мәңгі сенімен боламын» десе де, өзің жақсы көрсең де, бірге бола алмауларың мүмкін, бірге болсаңдар да, бақытты болмауларың мүмкін. Бәрі мүмкін. Сондықтан, қырым-қатынасқа тұрақты нәрсе ретінде, тым салмақты қарама. 

24. Қарым-қатынасты жаппау. «Ең жаманы – ұрыс үстінде айырылысу» дейді білетіндер. Себебі, айтылмаған сөзі мен шығарылмаған сезімі қалған адамдардың қарым-қатынасы ашық қалады. Дұрысы – адамнан алған құндылықтарыңды өзіне қайтару, оны жіберу, кешіру. Әрине, айтуға оңай. Бірақ қарым-қатынас ертең сенің өміріңе кедергі келтірмесін десең, оның нүктесін қою керек. Артық қоқысты жүрегіңнен де, миыңнан да алып таста. 


25. Қарым-қатынас өміріңді жақсы жаққа 180° градусқа өзгертетінін күту. Ал енді сенің арманыңдағы ақ боз атты ханзадаң кездесті делік. Сен соншалықты көп уақыт махаббат көрмеген аш адамдай оған жабыстың да қалдың. Енді сен оны кездестірмей тұрған кездегідей бақытсыз, мұңлы, т.с.с. болмаймын деп ойлайың. Ни фига. Сенің барлық проблемаларыңның шешімі қарым-қатынаста емес, сенде. 

26. Ұнататын адамыңның әлеуметтік желіде тым көп мазасын алу. Иә, білемін, жақсы көргеніңнен соң жақсы көретін адамыңның не істеп жатқанын, түскі асқа не жегенін, қай уақытта дәретханаға барғанын, қашан ұйықтайын деп жатқанын – бәрін-бәрін білгің келеді. Бірақ осылай істеу арқылы сен өзіңді оның алдында өте қызықсыз қылып алмайсың ба? 

27. Шынайы мінезіңді көрсетуге қорқу, негативті эмоцияларды басу. Иә, позитивті эмоциялар шығарғанда өзіңмен өзің болу оңай. Себебі позитивті бәрі жақсы көреді. Бірақ тіпті жақсы көретін адамыңа негативіңді көрсетуге батылың жете ме? Егер жетпесе, сенің оны көргендегі шынайы күлкің бірдіндеп-біртіндеп артында өте үлкен ашу-ыза жасырып жататын жасанды күлкіге айналып кетуі мүмкін. Себебі, адамды жақсы көре тұрып, сен оны жек көресің, кейде ашуланасың. Оларды басу дертке шалдықтыруы, қарым-қатынасты бұзуы мүмкін. 

28. Қарым-қатынасты эгоңды тамақтандыруға пайдалану. «Қыз қуу», «Ұл қуу» деген ойындар, менің ойымша, адамдардың өз эголарын тамақтандыруы үшін пайда болған сияқты. Қуып жүрген адам «Мен осы адамды қаратсам, маған бәрі де қарайды. Яғни, мені жақсы көруге болады», «Ертең осы сұлу қызбен ата-анамның, достарымның алдында мақтанбаймын ба?», «Осыны ғашық қылдыра алмасам, кім болғаным?» деген ой-ниеттермен өз-өзіне маңыздылығын, ерекшелігін дәлелдеп, қарым-қатынасты өз өзін өзі сенбейтін нәрселерге сендіруге пайдаланады. Мақсаты махаббат беру, махаббат алу немесе жақсы қарым-қатынас құру болмағандықтан, мұндай ойындар жиі драмамен аяқталуы мүмкін. 

29. Қарым-қатынастарға мүлде жабық болу. Басқа біреу жаныңды жаралауы мүмкін деп, бұрынғы тәжірибең қайта қайталанады-ау деп, «Барлық жігіттің ниеті бір» деп, «Мен махаббатқа лайық емеспін, әдемі емеспін, т.с.с.» деп, «Маған өзім жалғыз болған ыңғайлырақ» деп, «Кемшіліктерім бар екенін басқалар көріп қояды-ау» деп, тағы да басқа жүздеген, мыңдаған сылтау айтып үйде қарым-қатынас жайлы кітап оқып жата берсең, ешқашан қарым-қатынас құруға үйренбейсің. 

30. "Бұл адам мені төзімге сынап жатқан шығар" деп басқа адамның жүрегінің бір түбінде сезім бар екеніне үміттену. Бұл да бір ақымақтық. Мен мұндай ловушкаға өзімнің ойларым үшін ғана қанша рет түстім десеңдерші. Мысалы, бір адам маған әр түрлі мінезін көрсетті, әр түрлі қырларын танытты, кейде мен өзімді өте ыңғайсыз сезіндім, кейде қиналдым, оның іс-әрекеттеріне өзімнен себеп іздедім. Бірақ «бәлкім бұл адам мені сынап жатқан шығар, әдейі өзін осылай көрсетіп, менің осыған ол үшін шыдай алатын-алмайтынымды тексеріп жатқан шығар» деп әрі қарай да шыдай бердім. Ақымақтық. Толық ақымақтық. Егер адам саған қатқыл қараса, сенің эмоцияларыңа бейтарап қараса, саған құрмет көрсетпесе, ол оның сені сынап жатқаны емес, оның сені жақсы көрмейтіні! Нүкте!



Бөлісу: