Әйел адам бала тәрбиесінің негізгі тірегі болғандықтан оған артылытын жүктің ауырлығын бәріміз білеміз. Бірақ, қоғамда кейде ақылға сыйғысыз, кеңінен тараған «ұятты» жағдайға байланысты сіздермен ой тарқатсақ деп едік:
• Шетелдік азаматқа тұрмысқа шығу;
• Тұрмысқа уақытында шықпау, отырып қалу.
Мұның ешқайсысы жасырын емес, айналамызда болып жатыр. Бірақ, біз ешқашан адамның ішкі сезімі мен оның арпалысына мән берместен, таңдауына қарсы шығып, қоғамда қалыптасқан пікірді өзіндік пікірге алмастырып, барынша, оған өз дегенімізбен жүруді міндеттейміз. Дәл солай. Ол қыздың намысы тапталды ма, өзге де қорлықты көрді ме – бізді толғандырмайды. Жаңалықтардан естиміз де, «өзі кінәлі» деп жазғыра саламыз. Бірақ, өзінің таңдауы бойынша өмір сүре отырып, өзгелерден ерекшелене бастаса, оны «көргенсіздер» қатарына жатқызамыз.
Махаббат жасқа қарамайды дейміз. Махаббат нәсілге де, ұлтқа да қарамайды. Осыны да ұмытамыз. Санамызда қалыптасқан стереотип бойынша біздің белгілі бір кеңістік аумағында ғана таңдау жасауға мүмкіндігіміз бар.
Адамның тағдыры бар, басқа салғанына көнеміз дейтін болсақ, қыздың қазіргі өміріне бола неге сонша күйінесіз? Мүмкін, қиыншылықта сөз ететін тағдыр мәселесі осындай жағдайда да байқалатын шығар.
Бірнеше апта бұрын ғаламтор беттерінде ұяты ойламаған жерден оянып кететін "намысқой" жігітсымақтар көшеде шетелдік азаматпен кетіп бара жатқан қазақ қыздарын қуып жүріп, видеоға түсіріп, таратқан болатын. Жеке бастың мүддесіне қол сұғу арқылы заңға қайшы келіп қана қоймай, адамның рухани сезімімен ойнағаны үшін жазалануы керек пе еді деген ой да туады.
Одан бөлек, айналаңызда жасы 30-ға келген, әлі тұрмыс құрмаған әпкеңіз (апаңыз), сіңіліңіз, қарындасыңыз бар шығар. Туыстарыңыз бас қоса қалса сұрайтыны “Қашан күйеуге шығасың?”. Сіз тарс етіп бұл сұрақты қойдыңыз, ал қыз байғұстың ішкі дүниесіндегі арпалысты сезбейсіз. Оның ішінде жүріп жатқан ішкі майданды көрмейсіз: “ Күлгеннің бәрі бақытты емес...” Кейбір адамдардың бойында туа бітті еркелік, қылықтылық пен нәзіктік болады. Ал, кейбір адамдар ондай қасиетке қол жеткізу үшін еңбектену керек. Жасанды көрінетін сол қасиеттерді бойынан оятуға тырысады. Батылдық, лидерлік қасиеттерді тұншықтырады. Енді бір адам қанша тырысса да, қолынан келмейді... Қолынан келмегендер жалғыз қалуға мәжбүр болады. Бірақ, ол себепті ешқашан айтып көрсеткен емес: оның орнына адамдардың бәрі қабылдайтын «мінсіздік» синдромын қалыптастырып алады...
Сіз үшін жалғыздық деген не?
Мен үшін жалғыздық сенің жағдайың қызықтыратын жанның табылмауы. Сенсіз өмір сүре алатын, сені еске алмайтын, сенің қажеттілігің сезілмейтін тобырдың қалыптасуы. Өмірде өз жүрегінің иесін таппағандар сол сезімді басынан кешері анық. Ал сіздің аңдаусыз қойған сауалыңыз бір адамның жылдар бойы күрескен майданында жаралы болуға мәжбүрлейді.
Біз ойланбай әрекет етеміз. Белгілі бір нәрсенің байыбына бара бермейміз. Өзіміз байқағымыз келген нәрсені ғана көреміз, соған қарап-ақ түйін жасаймыз. Ұят деген нәрсе бар. Бірақ, оның қолданатын аясы бар.
Қыз баласы еңбек жолын таңдаса ол – ұят емес. Бар болғаны, оның таңдауы. Қыз баласы қалаған адамына тұрмысқа шығады. Ол – ұят емес, ол – таңдау.
Қарапайым дүкенде қара мен ақ нанның ішінен, ақты таңдағаныңыз үшін сізді «расист» деп айыптаса қалай ақталар едіңіз? Бұл да сол секілді. Егер, шынымен, өзіндік оймен өмір сүруді қаласаңыз, қоғамның адастырма жолына ілеспеңіз. Әркімнің бір құпиясы бар... Тіпті, сіздің де.