Алматыда келіндерге тәлім-тәрбие беретін мектеп ашылатын болды

«Басты мақсатымыз – қазақтың ибалы келінін тәрбиелеп, қоғамдағы ене мен келін арасындағы кикілжің, ажырасу секілді түйткілді мәселелердің түйінін шешу. Ақылы түрде жүргізілетін курсқа 18 жастан асқан қыз балалар, тұрмыстағы келіншектер де қатыса алады. Оларға отбасындағы психологиялық жағдайлар бойынша арнайы мамандар дәріс жүргізетін болады»,- дейді мекеме директоры Сағыныш Назар.

Мектепте тәлім алушылар үшін қазір ұйымдастырушылар, елге сыйлы, көпке өнеге болған «Алтын алқа» иегерлері, алтын құрсақты аналар, сексолог мамандарды іріктеп жатыр.

Келіндер мектебінің жетекшісі қазіргі қоғам үшін мұндай арнаулы орталықтың аса қажет екенін айтады. Екі аптаға созылатын курстан өткен қыз-келіншектер, отбасының ұйытқысы болу үшін не қажет, келіннің жанұядағы рөлі мен маңызы сынды басты құндылықты үйренеді.

Сондай-ақ мамандардың қолына «қазақтың келіні» деген сертификат алатын болады.



Бөлісу: