Ақ көйлек, қызыл қан!

Нақты қай жылдары екені белгісіз, бірақ Үшарал жақта болған дейді. Шалғай ауылдардың бірінде малы бар, дүкені бар, қысқасы қысылмай өмір сүретін әулетпен, соның малын бағатын малшы көрші тұрыпты. Байдың қызы бар, малшының ұлы бар. Балалар кішкентай кезінен бірге ойнап, бір сыныпта оқыған. Балалық ойыннан жеткіншектер арасында бір-біріне деген сезімдері пайда болған.

Содан не керек, екі жастың арасындағы махаббат ұлғая береді. Он бірінші сыныпты тәмамдар кезде малшы ұлының туған күні болып, байдың қызы оған таза жібектен тоқылған, шетелдік ақ көйлек сыйлайды.

Бір қызығы, осы көйлекті малшының ұлы қызбен кездесуге барған сайын жуып, үтіктеп үнемі киіп барады екен. Уақыт өте келе байдың қызынын да туған күні болады. Малшының ұлы әдеті бойынша сүйген қызы сыйлыққа берген ақ көйлегін киіп, қолына бір құшақ гүлін алып, кездесуге барады.

Бірақ сол күні қыздың ағалары оны жолда ұстап алып, қарындасымызға жолама, сен оған лайық емессің, жағдайың жоқ, кедейсің, дейді. Махаббатына берік жігіт сүйіктісінен бас тартпайтынын айта салысымен, қыздың ағалары оны аямай соғып, жас жігіт ауруханаға ес-түссіз түсіп, ақыры «комада» жатады.

Өмір мен өлімнің арасында жатқан жігітінін бетін бері қарату үшін қыз баланың жасамағаны жоқ. Небір қымбат ауруханалараға, ең білікті профессор дәрігерлерге көрсеткен. Барлығының айтары тек біреу ғана «күту керек». Жүрегі қан жылаған қыз оған сенгісі келмей, ақыры амалы таусылып, халық арасында кеңінен таралған сенім бойынша «емшіге», «құмалақшыға» барады. Солардың бірі қыздың жігітіне ақ көйлек сыйлағанын біліп, сол көйлекті алып келуді айтады. Көйлекті алып келісімен емші көйлектегі қанды көріп, мынау жүректен шыққан, махаббаттың қаны, бұны көйлектен кетірсең жігіттіңнің беті бері қарайды деп кесіп айтады. Бірақ, оны тек мықты емшінің ғана қолынан келетінін айтып, өзі бас тартады.

Содан қойшы, қыз баланың қайта жанталасы басталады. Бармаған жері, жігітін көрсетпеген емшісі қалмады. Емшілердің барлығы қолдарынан келмейтінін айтып, есіктен шығарып тастайды. Амалы таусылған қыз бала ауылына келіп, ессіз «комада» жатқан сүйіктісінің қасында жылаудан басқа амалы қалмайды. Араға бір-екі жыл салып, қыз бала көрші ауылға мықты емші келгенін естиді. Ести салысымен, ана емшіге жетеді. Алпысты алқымдаған әжей қыздың басынан өткерген барлық оқиғасын естіп, алаңдамай ертең келуін өтінеді. Көптен бері сүйікті жігітінің жағдайы түзеледі дегенді естіп, үміт оты тұтанып, қыз бала түні бойы көз ілмей, жүрегі кеудесінен шығып кете жаздап, біресе жылап, біресе қуанып, таң атпастан жаңағы емшінің үйіне келеді. Үйге кірсе емші қолында жігітінің көйлегін ұстап тұр. О, тоба көйлектегі қан кеткен. Қыз жылап тұрып, емшіге алғысын жаудырады. Көптің қолынан келмеген «құдірет» қалайша қолыңыздан келді деп сұрайды. Сонда емші «тайд, чисто тайд», - депті.
П/С: Өмірде әсерлі қылып айтып бере аламын!



Бөлісу: