“Dala Crafts”- құмыра жасау орталығы қалай ашылды?!

                              
Нұрболат Өмірхан: «Ақшасыз кәсіп аштым»

Нұрболат Өмірхан кім?

Нұрболат Өмірхан – 22 жаста. Бір кітап пен кәсіптің иесі. «Dala Crafts» арт орталығының директоры, «Ең сауапты амалдар» кітабының авторы, ҚазҰУ-дың «Атамекен патриоттары» ұйымының тұңғыш Президенті, «Мейірім» еріктілер тобының негізін қалаушы.

Кәсіп бастаймын деген жастар жетерлік. Жеке кәсіптің иесі атану үшін не керек?

Ізденіс, тәуекел, әрекет. Қазір әрекет ететіндер бар. Бірақ тәуекел ете бермейді. Тәуекел ететіндер бар. Ізденіс пен еңбекті шетке ысырып қояды. Осы үшеуін берік ұстай білген жан өз кәсібін дөңгелете алады. Менің ойымша, курс пен тренинг жағалап ұзақ жүрудің де қажеті жоқ. Себебі Қазақстан кез келген кәсіпті ашуға, оны дамытуға қолайлы мемлекет. 140 елге жүргізген статистика бойынша Қазақстан кәсіппен айналысуға тиімді 30 мемлекеттің қатарында. Бүгінде қазақша контент те дамыған. Салыстырып қарасақ орыс тіліндегі саясаткерге қарағанда қазақ тіліндегі саясаткерді ұйып тыңдаймыз. Кәсіпте де дәл солай. Өніміңіз сапалы болса, тұтынатын халық көбейеді. Бәрі өзімізге байланысты.

Бүгінде бизнестің түрлері көп. Неліктен арт-орталығын аштыңыз?

2021 жылы қазан айында жарыммен құмыра жасау үшін арнайы орталыққа барған болатынмын.  Орталықтағы жүйе де, шебер де орыс тілінде. Бұрын Орта Азияда қыштан бұйымды жасайтын да нарыққа шығаратын да біз едік. Мені «Неге қазақ тілінде жұмыс жасайтын мұнадай орталықтар жоқ?» деген сауал қызықтырды. Кейіннен нарықты зерттедім. Мұндай орталық Нұрсұлтан мен Алматы қалаларында ғана бар екен. Бұл қалаларда да көп емес. Санаулы. Құлдырап бара жатқан сала болғандықтан, қазақтың далалық өнерін дамытқым келді.


«Dala crafts» неге бұл атауды таңдадыңыз?

Қазақтың далалық өнерін жаңғыртуды көздегендіктен, атауы қазақ тілінде болғанын қаладым. Қазақтың сөзін брендке айналдырғым келді. Көпшілік білетін арт-орталықтардың атауы орыс және ағылшын тілінде. Instagram парақшамда орталықтың атауына байланысты бірнеше ұсыныстар түсті. Өзім іштей «Dala» сөзін өзгертпеймін деп бекінген болатынмын. Бір оқырманым «Dala Crafts» атауын ұсынды. Мұндағы «Crafts» «қолөнер», «өнер» деген мағынаны білдіреді. Яғни, далалық өнер деген оймен қойылды.

 

Арт орталықты тиімді табыс көзі ретінде қарастыруға бола ма?

Дәл қазіргі уақытта иә. Менен «Қай кәсіпті ашуға кеңес бересіз?» деп сұраса, мен дәл 

осы орталықты айтар едім. Жақында серіктестік бойынша 5 қаладан ұсыныс келді. Мұның

өзі бұл салаға қызығушылардың көп екендігін көрсетеді. Алдымен өзімнің жақын 

туыстарыммен серіктес болғым келеді. Біріншіден, сенімді. Екіншіден, өз орталығымның 

атына кір келгенін қаламаймын.

Кәсіп бастауда қандай да бір қиындықтар туды ма?

Бұл салада жұмыс жасайтын жандар санаулы. Қазақ тілін білетін құмыра жасайтын шеберді табу да қиынға соқты. Бүгінде орталығымыздағы шебердің бұл салада 21 жылдық тәжірибиесі бар. Өз ісін сүйетін жан. Шыны керек, алғашында кәсіп ашатындай менде қаражат болмады. Ақшасыз кәсіп аштым. Тек айқын мақсатым бар еді. Армандар орындалады екен. Ниетімнің арқасында тез арада инвестор табылып, маған қаржылай жәрдемдесті.

«Ең сауапты амалдар» деген кітабыңыз бар. Діни кітаптарды сол саланың эксперті жазу керек деп ойламайсыз ба?

Маған жиі қойылған сұрақтардың бірі. Кітапты жазбас бұрын өзіме де қойған едім. Кітап жазуды 3-курста оқып жүргенде бастадым. Кітапты бір жылдық біліміме сүйеніп жаздым. Яғни, Нұр-Мубарак Египет Ислам мәдениеті университетінің мешітінде Исламның 4 бағыты бойынша сабақ алдым. Дінде ең көп талқыланатын да, адамдарды түзу жолдан адастыратын да осы сенім мәселесі. Исламда бірнеше бағыт бар. Бұл кітаптың сенімге, бұл бағыттарға еш қатысы жоқ. Аты айтып тұрғандай адамды сауапты амалдар жасауға жетелейді. Діни кітап болғанымен, күнделікті өмірде жиі айтылатын, адамдар білетін дүниелер. Мәселен, дәрет алу мен намаз оқу. Дәрет пен намаздың сауабы қандай, ғылымда қандай маңызға ие деген сұрақтарға жауап бердім. Тілі де, оқылуы да жеңіл.

Кітап жазудағы мақсатыңыз қандай?

Адамдарға діндегі ең сауапты амалдарды қарапайым тілде түсіндіру. Яғни, діндегі дайын хадис, ғылымдағы дайын ақпарат, тарихтағы ерекше оқиға. Барлығын байланыстырып, оқырманға түсінікті еттім. Ойымнан түйін шығардым. Кітап 1000 дана болып шығарылды. 

Кітапты пайда үшін жазбадым. Жарнама да жасамадым. Кітап жаздым деп мақтанбаймын. Мендегі бар ойым адамдарды рухани байыту, мотивация беру болды.

 

 

 



Бөлісу: