Мұхтар ШЕРІМ. Кешкі әзіл. «СҮЙЕДІ, СҮЙМЕЙДІ...»

Жапондар жыбырлап, тыным таппайды, әйтеуір бір жаңалық ашуға құмар, ағылшындарың да, американың да солай, әйтеуір бірдеңеге ұмтылыс бар. Ал, біздің қазақ, әсіресе, ақша дегенде... Ақшаға ұмтылыс бар! Креслоға ұмтылыс бар, карьераға ұмтылыс бар, бастық болуға, немесе, сол бастыққа жастық болуға ұмтылыс бар!  Осы қағиданы қақырата бұзып–жару үшін өз басым керемет ғылыми жаңалық аштым! Отандық инновация! Не жасап шығардым десеңші? Микро схемаларды жинап, жанымды қинап, диоттарды жиып, кейбір сымдарын қиып, шағын ғана электрондық аппарат ойлап таптым, жастарға таптырмайтын құрал! Мәселен, сіз жассыз, жалындап тұрсыз, бір қызбен жүресіз, ойнап–күлесіз, бірақ, ол сізді сүймейтін сияқты. Сүйеді ме, сүймейді ме? Мен ойлап тапқан «Махаббат» атты аппараттың  жіңішке теміріне тіліңізді тигізсеңіз болды, дисплейде «сүйеді!», немесе «сүймейді» деген жазу шыға келеді! Оның миын тілі арқылы оқып, қатты ғашық болып тұрса, қызарып жанады, сүймесе көгеріп жанады... Керемет емес пе? Бұрын тұрмысқа шыққан ба, жоқ әлде есік көрмеген бе, оны да, анықтай алады! Содан не керек,  жақында үйленеміз деп жүрген сүйіктіме келдім. Әжептеуір «движение» жасап жүргенмін. Зың қыз енді. Көздері дәу–дәу...–Жаным, тіліңді шығаршы.. –деп сұрадым мен.–Неге? Күн суық қой? –деп сұрады ол.–Тіліңді шығаршы, и?–Қойшы?

    Қоймадым. Ол тілін шығарды. «Махаббаттың» сымын тіліне тигізе қойып едім, «сүймейді!» деген жазу шыға келді! Сүйіктіме көрсетіп, «ұнатпайды екенсің ғой?» деп аппаратымды көрсеттім. –Қойшы аппаратыңды! Мен сені сүйемін! Сүйем! Қысқасы, саған ғана тием! –деген ол тілін салаңдатып жіберді. Тағы тигізіп едім, «алдап жүр, әкеңнің байлығына қызығады...» деген жазу шықты. Тұра қаштым. Сүймейді екен ғой? Менің аппаратым әмбебап! Ұрыны– ұры, алаяқты– алаяқ, сұмды– сұм  деп көрсете береді. Тек, түймелерін басып тұру керек. Бір күні бастығым шақырып алды.

–Естіп жатырмын. Жаңалық ашыпсың. Аппаратыңды көрсетші? –деп сұрады. Мен қалтамнан «Махаббатымды» шығарып, ережесін түсіндірдім. Бастығым әйел болатын. Тілін шығарды. Мені мазақтап тұрғандай. Сымын тигізе қойып едім, дисплейде «парақор қатын!» деген жазудың шыға келгені. Ұялғаным–ай! «Мені неге парақор қатын дейсің?» деп жерден алып, жерге салып, сотқа да берді. Ақырында жұмыстан қуылып, әрең құтылдым. Әне, біздің елде шенеуніктер жаңалық ашқан адамды қолдамайды, қудалайды! Кейбір көкелерім «жаңалық ашқанымен, салық төлемеген...» деп сырттай қылмыстық іс қозғапты... Қысқасы,, басым дың–дың, ал аппаратым менің, зың–зың!

 

 



Бөлісу: