Түн!!!

Түн.
Жазу үстел.
Рамкада суретің.
Мұны неге мұнда қойдым?!
Білмедім!
Суретіңе сырымды айттым сыбырлап,
Қайғырмадың, тым болмаса күлмедің.

«Жансыз бейне не дей алсын сөзіңе,
жындысың ба?» – дедім сосын өзіме.
Менде... әлде сенде екені, белгісіз...
Бір көзәйнек қаратпады көзіңе.

Көріп тұрып суреттегі қалпыңды,
Шыбын жаным шырқырады, шарқ ұрды.
Ақылымды көндірсем де «Ол жоқ!» деп,
Сол жақ кеудем аласұрып, алқынды.

Өлеңімді қоя салып бастаған,
Хабарласқым келген... бірақ, жасқанам.
Мен – адаммын, маған керек жүрегім,
Жүрегіме керек екен басқа адам.

Жыным келіп, іштей қаным қайнады,
Суретіңді лақтырдым кеп... жайрады...
Көзімді ашсам, орынында әлі тұр,
Сындырыппын жанындағы айнаны.



Бөлісу: