Ғашықтыққа қашықтықтың қатысы жоқ

 Ғашықтыққа қашықтықтың қатысы жоқ
жеке
блог

Жұдырық. Оның жұдырықтай ғана жүрегі. Жүрек. Оның лүпілдеп соққан жүрегінің әлемі. Әлем. Оның ғажайып пен бақытқа толы әлемінің Патшасы. Патша!

Ағасы да, Көкесі де, ақылшысы да, қорғаушысы да, түзеушісі де, тіреушісі де – бір өзі. Ол оның сезімінің, жүрегінің тынысатуына жол ашты. Ол қиналғанда, жығылғанда, қуанғанда жанынан табылды. Ол екеуінің болашағы үшін шетел асып жүр. Оның бойында бәрі бар: салмақтылық, шынайылық, адалдық, білімділік, қайсарлық, батылдық, жауапкершілік, балалық, сүйкімділік, тіл табысқыш, бастысы оның жүрегінде кішкентай ғана Жапырағы бар. Ол – Жапырағының Бағбаны. Ол қазір Жапырағынан алыста. Бірақ, Жапырағының жүрегі, жаны, даусы, тынысы оның жанында. Оның бойындағының бәрі – Патшасында.

Оның әлемі – тірі гүлдер мен қанатты гүлдердің мекені, әдемі алып бақша сарай. Ол сол мекенінде Патшасымен жүргенді ұнатады. Ол өзгелерге «қиял» болып көрінері сөзсіз. Ол әлемге басқа терезеден қарайды. Ол айналасына алыстан қарайды. Ол алысқа жақыннан қарап та үйренген. 4 190 шақырымды да, 5 122,3 километрді де жақыннан көрген. Оған қашықтық деген сөз ХХІ ғасырда екінші рет айналып келген жылқы жылында, Құт айынан бастап «әсер етпейтін». Сол сәтте Жапырақ біліп еді, «Дәуірі басталғанын сағыныштың». Бұл сөзді оның жадынан ысырған ұлы күш. Қадыр Мырза Әлі айтқан «кәріні жас, алысты жақын ететін ұлы күш». Бұл – махаббат.

Ол мұндай мөлтек сырды саябаққа алғаш рет еркін жіберіп отыр. Көпке көрсеткісі келмейтін бұйығы сезімін... Бұған әсер еткен күзбен «жағаласып» келген сағыныш еді. Ол осыған дейін күздің сағыныш белгісі екеніне сенбейтін. Қазір түсінді. Себебі, сырластарының Жер-Ананы сары түске бояп жатқаны сарғайған сағынышына өң бере түскендей.

Жұдырықтай жүрек Патшасын, иесін, Көкесін сағынды. Иесінің жүрек лүпілін тыңдағысы келеді. Бұл жүрек сағат секілді тықылдап соғып, сағат санап жүр. Оның жүрегі «Сағатыңыз неше болды, Жапырақ?» деп сұрай береді. Ал ол «Саған, саған бұрын жетем өзімнен, Бұрын жетем сағыныштан, төзімнен» деп жауап қатады. Ол үнемі «Жапырақ жерге түскенше, сағынып үлгердім сені» дейді. Ал мен «Жанымнан тұрып кеткенше» деймін.

Бақша сарайының ұлы Бағбаны! Ол гүліне көп дүние үйретті. Өмірге тік қарауды, бой түзеуді, нән қоғамда өмір сүруді, махаббат бесігін тербетуді, көзбен үндесуді, бастысы жүректің сезімін үйретті. Жапырақтай ғана жүрекке алып сезімді ұялатқан иесіне алғысы шексіз! 

33!!!