Махаббат тақырыбындағы өлеңдерімнен бір үзік сыр...

Ғашық нама

«Самархан мен Бұхара -

бердім қара мең үшін...»

Қожа ХАФИЗ

Әр тал шашың інжу-маржан төгілген,

Бал тамады гүл-гүл алау ерніңнен.                                              

Табаныңда топырақ боп жатсамшы,

Жел соқсада ізді сүйген СЕН жүрген...

Көздеріңе түйіссе ғой көздерім,

Жан-тәнімді жандырсашы сөз-демің.

Тозағында тырп етпестен жатар ем,

Айықтырмас арақ * болса бергенің...

Жіпсіз байлап, тылсым қара түн-меңің,

Жұпарыңды шаша берші күнбе-күн.

Қыл көпірден жүз қайтара құлар ем,

СЕН деп ұшса, жаһаннамға күлдерім!..

*          *          *

Өліп-өшу – мендік шердің шипасы,

Махаббаттың бал шарабын сыйлашы.

СЕН - ӨЛЕҢСІҢ, шуақ қылған өмірді,

Бір сөзіңнің болсам етті ұйқасы.

Жамалыңды жасырасың пердеңмен,

Бір бейбақпын СЕН деп ессіз сенделген.

Бұл азаптан құтқармашы, жалынам,

Мұның бәрі жоқ болмай ма, емделсем!.

                        *          *          *

Бұл-бұл жүрек ән салады бір СЕН деп,

Жұпарға бай райхан қызыл гүл СЕН деп.

Көз қиығын мен сорлыдан аударма,

Тәнім солар, жаным тоңар бүрсеңдеп...

Бұл-бұл жүрек гүл көрмесе құсалы,

Гүлді көрсе, самғап, көкке ұшады.

Дүниеде саған теңдес сұлу жоқ,

Мендік дұға - сәрідегі құс әні.

                        *          *          *



Бөлісу: