"Журналист боласың!"... Мен ағайым жазғызған шығарманы ұзақ ойланып жазатынмын... Тексеріліп келген парақ қолыма тиісімен төңкеріп ақырғы бетін ақтаратынмын... Йә, сол сөз бар-жоғын тексеру үшін... Міне осыған дейін сол сөзден құралақан шығарма жазған емеспін... Алғаш келген күні: "Араларыңнан 2-3 журналист шықса қуаныңдар!"-деген ұстазымды жаратпай қалғанымнан кейінгі әрекеттердің бірі еді бұл... Сырғанап 3 жыл сырғып өте шықты... Есейдік... Таныстық... Сол сөздің расын мойындай бастадық...
Жанарымда жас жоқ, тек көңілім біртүрлі құлазулы... "Оған сырға салды ғой,естімедің бе?!",-құрбымның жанындағы жанның сөзі топ еткізе жаздады... Шын ба, өтірік пе?! Жүз толғанып, өз ойыма өзім сенбей шатысып біттім. Түнімен дөңбекшіп, таң атысымен алып-ұшып әзер жеттім... "Йә, рас" деген сөзді естігім келмей құлағындағы сырғаға қарай бердім...
Менің алтын құрбым сырттағыға тым көкірек көрінетін. Әйткенмен мен оның жаны кейбір сырты бүтіндерден сұлу екенін жақсы білемін. Күтпеген жаңалық көңілімді күпті етті ме, ес жия алмай жүрмін... Қызғанатын сияқтымын, әлде қимастық па бұл?! Йә, ол ғажап адам! Қиын күндерімде қолымнан қысып ұстап дем берушім сол... Оның есімін ылғи өзімсіне айтатынмын... Ол меніңкі еді, басқаның бағы боларымызды білсек те, оның жанымнан алыстағанын қаламайтынмын... Аядай қаланың аяулы келіні боларына сенемін...
Былтырғы жыл жылатқан еді аямай... Ең ақылды құрбымды Отырар келін еткен... Онда да ол өңірді жаратпай қалғам... Мықты маман болатынына сенген қос адамым жаңа таңдауды осылай жасады... "Бақыт деген мамандықта дейсің бе,жаным",-дейді олар...
Мен көрген қазіргінің қос ғашығы... Менің періште құрбым да: "Мамандық па, махаббат па?!"-деп жүріп, махаббатты таңдады. Ренішімді айтқанымда: "Біздің парызымыз журналист болу емес, ана болу ғой, күнім",-деп өзімді ұялтты... Ұялдым, бақ тіледім...
Жақында жаныма жақын жанды жолықтырдым... Тағдырымыз ұқсас деп жүріп, табысып, тілдескен едік... Алматы сүйген жансыз сүйкімсіз екен... "Мен бәрінен бас тарттым, мамандығымнан да..."-деді алғашқыда қиын соққанымен, шешімі осылай аяқталғанын айтқан ғашық адам...
Өмір сөзі көреген жанды көріпкелдей етіп көкке көтергізіп тастады... Бүгін де сабақта күйіп-пісіп, шыр-пыры шығып, жан-тәнімен беріліп түсіндіріп жатқан оқытушыға жаным аши қарадым... Сөзіңіз зая кетпей, ең болмағанда 2-3-еуіміз журналист бола алсақ екен дедім күбірлей... Соны сезгендей аудиторияның қақ ортасында кілт тоқтап, ойымды оқығандай: "Сендердің алдарыңда екі жол бар: Не журналист боласыңдар, не бала бағып саналы ұрпақ өсіретін ана боласыңдар! Қайсысын таңдасаңдар да бақытты болуға тиіссіңдер!"- деді де тістене сөйлеп, өмірлік пайымын парақтағандай етіп жіпке тізе айта бастады... Осыдан соң ұзақ ойландым...
Менің алтын құрбыларым, қайсарсыздар! Адам баласы басына түспей жатты қайдан ұғушы еді... Ұқтым... Мен мамандығымнан бас тарта алмадым... Ал сіздер... Сіздер менен де мықты болып шықтыңыздар... Мен сіздерді мойындаймын! Мен сіздермен мақтанамын!
Дәріс бітуге таяды... Ұстазым алыстағы шәкіртінің хатын оқып болысымен жанарын үйкеген болып жасын сүртті... Аңдадым... Жанарымнан еріксіз жас тамды... Орынынан қуанғандай кейіпте көтеріліп: "Мен таңертең осында келерде аяғым тайып кеткеніне қарамастан, асығып жетемін... Қайтарда ұзақ ойланып, үйге сабырмен барамын... Таң атпай сендерге асығып жетсем, асығыс адамдай сыртқа сығалап отырғандарың не?! Айналайындар-ау, ең болмаса 2-3-еуің журналист болсаңдаршы..."-деді жүрегі көрінердей шынайылығы жүзінен көрініп...
Йә, мен қалайда сол 2-3 журналисттің біреуі болуға тиіспін... Мен жасымды сүрте бере, тістене осылай дедім...