Махаббат оты сөнбесін...

Махаббат оты сөнбесін...
жеке
блог

   «Мен – апамның тұңғыш немересімін» - деп бастады хикаясын ол. «Апам деп отырғаным – әкемнің анасы. Ол кісі - дүниеге он екі бала алып келген көп балалы ана. Оны бәрі «қара кемпір» деп атайды. Өзі - зор денелі, тік мінезді, қайратты адам. Алғашқы немересі болғандықтан да болар, мен «кемпірдің баласы» атанып кеткенмін. Апамның ерке баласы болған соң, үйдегілер бетіме жел боп тимейтін. Маған ешкімнің сөзі өтпейтін. Бәрі айтқанымды істеп, алдымда құрдай жорғалаушы еді. Кешеге дейін, көңіліме жақпай қалған нәрсе болса, «апама айтам» деп шыға келетінмін.

   Анам өмір бойы мұғалімдік қызмет атқарып, әкем комбайн айдап, содан өзгені көрмеген қарапайым отбасынанбыз. Шешемді «жеңге», әкемді «көке» деп атап, оларды әлі күнге дейін ата-анам ретінде мойындамаймын. Олар да апамнан аяқ тартып, құшақтарына алып, бетімнен сүйіп дегендей, мені еркелеткен кездері болған емес. Маған деген сүйіспеншілік сезімдерін тек іштерінде сақтайды. Анама - қайны, әкеме - іні іспеттес болып кеткенмін. Шешеммен жеңгем сияқты қалжыңдасып, кейде, тіпті, еркелікке басып «тентек қатын» деп қоятыным да рас. Ол да бұл секілді сөздеріме реніш білдірген емес. Мені үйде есімімді қысқартып, бәрі Дима деп атайды. Бірде анама: «Жеңеше, мені бәрі Дима дейді, шын атым кім өзі?» - деп әдейілеп сұрадым. Ол да ойланып тұрмай: «Иә, сосын «Тілләй менің атымды атады» деп қара кемпірге жеткізіп бармақшысың ғой» - деп қойып қалды. Иә, Тілләй шешемнің менің атымды атамайтыны рас еді.

   Ақжар - небәрі жүзден аса отбасылы үйі бар, алақандай ғана, 1983 жылы мен дүниеге келген ауыл. Біздің отбасы - осы ауылдағы сыйлы әулеттердің бірі. Ағаларым - молда, намазхан жанұялардың қатарынан болдық. Сондықтан, он төрт жасымда намаз оқып бастадым. Әке-шешем үлкен үйден Бадам станциясына енші алып, бөлек шыққанда, «бармаймын» деп қиғылық салғаным әлі есімде. Сол кезде апам: «Әншейін қыдырып барып қайтасың ғой» деп мені алдап-сулап жіберген болатын. Сонда да, әр тоқсандағы демалыс сайын бауырларыммен бірге осы Ақжарға келетінбіз. Аулымыз - біздің балалық шақтағы лагеріміз іспеттес еді.

   Жоғарғы сыныпта оқып жүргенімде бала махаббатым – Жадыра есімді қыз болды. Әкемнің ең кенже інісі менен екі жас кіші болатын. Жадыра - соның сыныптасы. Інім - ортамыздағы пошташымыз еді. Біздің сезімге толы ғашықтық сөздерімізді жеткіземін деп, екі ортада хат тасып әлек болатын. Ол біреуін әкелгенде, мен екіншісін жазып дайындап қоятынмын. Өзімізше құпия санап, бұл махаббатымызды ешкімге білдірмеуге тырысатынбыз. Бірақ, уақыт өте келе денсаулығыммен әуре болып, өз-өзіммен кеттім де, махаббат та, Жадыра да ұмыт қалды.    

   Ауруымның басы тынысым тарылып, мұрнымның жиі бітіп қала беруінен басталды. Содан апам: «Сен бала гайморит шығарсың» деп мені ауылдағы білікті деген лор дәрігерге алып барды. Ол кісі де бұл диагнозды растап, «мұрындағы іріңді ағызу керек» деді де, темір істігін мұрныма әкеп тыға берді. Ірің атымен жоқ, орнына саулап қан ағады. Қайта жасайды. Тағы солай. Бірнеше күн жазылған секілді боп жүрсем де, мұрнымның бітуі жалғаса берді. Апам байқұс қай жерде қандай емші, қандай тәуіп бар болса, соның бәріне де мені апарудан шаршамады. Тағы бірде осылардың біреуі «Темекі шегіп көр» деп кеңес берді. Содан бастап апам қорап-қорабымен темекіні үйге әкеліп қояды да, соңыра «Әй, темекіңді шекпейсің бе?!» деп маған ұрысатынды шығарды. Алғашында жиіркенішті көріп, жолағым келмей жүргенмін, кейін үйреніп алған соң, маған тіпті рахат болды, ешкімнен қашып-пысып, тығылудың қажеті жоқ, аулада тұрып алып, бұрқырата беретін болдым. Темекінің де пайдасын көрмеген соң, тастай алмай біраз жүрдім. Бір туысым «тіліңді кәлимаға келтір де, шекпей қой» - деген соң, өз-өзімді ноқталап, одан да бас тарттым. Бірақ бес-алты айда бір, қатты ашуланып қалған кездерімде, жүйкемді тыныштандыру үшін ара-арасында шегіп қойып жүрдім. 

   Мектеп бітірген соң, әкеме «оқуға түсем» деп құлақ етін жедім. Сол кездері жағдайымыз онша мәз емес-тін. Әкем егін егіп, аяғы пәленбай мың доллор ақшаға алданып, ақыр соңында оның банкрот болып, тақырға отырған кезі еді. Осы әңгімемді үйге қонаққа келген бөле ағамыз естіп қойды да, мені Сарыағаш қаласындағы колледжге ақылы бөлімге оқуға түсірді. Ол жаққа барған соң, баяғы ауруым қайта сыр бере бастады. Басым қайта-қайта қатты ауырып, еш нәрсеге дес бермеген соң, мені үйдегілер «көз алдымызда жүрсін» деп оқудан шығарып алды да, үйге алып кетті. Сөйтіп, ең болмаса бір курсты аяқтауға да мұршам келмей, елге қайттым. Ауруым асқынып бара жатқан соң, Шымкент қаласының дәрігерлеріне көріндім. Ары сандалтып, бері сандалтып, аяғында олар «мұрынның қатерлі ісігі» деп тауып, мені Алматыға жіберді. Мұндағылар болса: «Мұрында ісік бары рас, бірақ қатерлі емес» дегенді айтты. Әйтеуір, диагноз нақтыланбай, сан өзгере бастады. Содан не керек, Алматыға Ташкенттен білікті профессор келе қалды. Ұлты – қазақ. Нақты диагнозды сол кісі қойып, маған ота жасау қажеттігін айтты. Алғашқысы Алматы қаласында жасалды. Бірінші отадан соң, бір ай өтер-өтпес, екі мұрным тас боп бітелді де қалды. Мүлдем тыныс ала алмай қалдым. Екінші рет қайта жасаттым. Өз-өзіме келе бастаған соң, баяғы «оқуға түссем» деген ниетімнен айнымай, Шымкент қаласындағы Қазақ-Түрік университетінің филиалына оқуға тапсырып, студент атандым. Оқып жүргенімде мұрынға жайлап ет өсе бастады. Ол ет бетіме қарай өтіп, бұлтиып білініп тұратын болды. Амалсыз, Алматыға отаға қайта аттандым. Бұл алдыңғылардан күрделірек болды. Бір жақ бетімнің терісін ашып, артық етті алып тастады. Соңғы төртіншісіне кіргенімде, дәрігерлер: «Осымен ота бітеді, енді жасалмайды» - деп қуантты.

   Ота аяқталып, палатада жатырмын. Әкем жанымда отыр. Сөйлей алмаймын, даусым шықпайды. Сонда да өзімді қинап, бар күш-жігеріммен: «Көке» - дедім. Сол сәт әкем көзін жұмып қалып еді, жиналған жас тырс-тырс етіп, менің бетіме тама жөнелді. Әкем іштей күйзеліп отыр екен. Жүрегім ауырып кетті. Ары-қарай үн-түнсіз жатып қалдым. Апам барда байқатпайтын махаббатын әкем осы кезде алғаш рет маған осылай сездірген еді.  

   Осылайша төрт рет ота жасатып, төрт рет наркоз алдым. Бұл - арасындағы ұсақ-түйектерін есептемей айтып отырғаным. Мынау бетімде қалған тыртық – сол күндерден қалған белгі. Осылай аурудан көз ашпай, жаныммен әлек боп жүргенімде, оқуым жайына қалды. Университетке содан қайта бармадым. Үйдегілер менің жанымның аман қалғанына шүкіршілік етіп, олар да артық сөз қозғамады. Құжат қабылдау кезінде өткізген аттестатым да сол оқу орнының қабырғасында қалып қойды.

   Жағдайым дұрысталып, ауылда ұсақ-түйек жұмыстар жасап, күн өткізе бердім. Қарап жүрмей, тіл байлығымды молайтайын деп көптеген кітаптар, соның ішінде «Абай жолын» бірнеше рет оқып тастадым. Журналист болғым келетін. Негізі, сөздік қорым бұрын да жаман емес болатын, десе де ары қарай тағы да дамытуды жөн көрдім. Өнерден де құр алақан емес едім. Домбыра тартып, терме айтып қоятынмын ара-арасында.

   Бір күні Бадамда «Ордабасы» деп аталатын үлкен тойхана ашылды. Енді оқу жоқ, не болса да осы жерге жұмысқа тұруды көздедім. Сөйтіп, әдемі костюмымды кидім. Шашты қайырып тарадым. Көзілдірік тақтым. «Оқымысты адам секілді көрінейін» деп қоям өзімше. Тойхананың егесіне барып, алдын-ала нені қалай айтатынымды іштей дайындап қойған сөздерімді майын тамызып тұрып жеткіздім. «Мына баладан бір нәрсе шығады екен» - деді де, мені тойхананың администраторы етіп жұмысқа алды. Өзіме жеке кабинет берді. Қолыма телефон ұстатты. Аяқ асты көтерілген дәрежемді мақтан тұтып, шікірейіп қалдым. Жұмысым – той, банкет, сол секілді тағы да басқа нәрселерге алдын-ала тапсырыс алу, адамдармен келісу, той өткен соң түскен ақшаны тойхананың егесіне апарып тапсыру. Осындай қарбалас тірліктің арқасында ауруымды да ұмытып кеттім. Сөйтсем де, намазымды қаза қылмадым. Егесі – әйел адам болатын, оның сол жердің бастығы екенін ешкім, тіпті, қызметкерлері де білмейтін. Той аяқталған соң, көзбен ымдап шақырамын да, тапсырыстан түскен ақшаны беріп кетемін. Оны білмеген ауыл адамдары: «Дима тойхана ашып алыпты», «Дима – тойхананың бастығы екен» деп гу-гу әңгіме соғып, мені байшыкеш адамдардың қатарына жатқызып қойыпты. Ал менің болмашы отыз мың теңге айлыққа ғана жұмыс істеп жүргенімді ел қайдан білсін?!

    Бір күні жұмыстан келдім де, бірден ес-түссіз сылқ етіп құладым. Шешем қалбалақтап, не істерін білмей, ауылдан апамды шақырды. Қас қарая жанұшырып ол да жетті. Мен өз бөлмемдегі төсегімде жатырмын. Әл-дәрменім құрып, орнымнан тұра алар емеспін. Апам мені көріп, табалдырыққа сылқ етіп отыра кетті. «Апа, апа» - деп қоямын әлсіреген күйімде. Кенет: «Сен неге ауыра бердің, балам-ай?!» - деп ышқына айқай салып, сол отырған қалпынан айнымай, еңбектеген күйі маған қарай жүгіріп келді де, құшақтай алды. Апамның күйініп жылағаны осы кез еді. Қолынан келер дәрмен жоқ, шарасыз кемпірдің жан далбасасы болатын бұл. Ақжарға қайтпай, сол келгеннен қасымда қалды, әке-шешем жұмыста болған соң, апам маған өзі қарады.

   Сол жатқаннан көпке дейін тұрмадым. Алдымен екі құлағым тас бітіп, ешнәрсе, тіпті «тырс» еткен дыбыс та естімей, кәдімгі керең қалпына түстім. Сөйлеген адамның аузының жыбырын ғана байқаймын. Біртіндеп көздерім көруден қалды. Соңыра су қараңғы соқырға айналдым. Тілім күрмеліп, сөздерді анық айта алмайтын халге жеттім. Тілі жаңа шыққан балаша бірдеңені түсіндірген боламын, онымды апамнан басқа жан адам түсінбейді. Бір аяқ, бір қол – сол жағым түгелімен жансызданып қалды. Отырып-тұрудан, жүруден, тамақ ішуден қалдым. Түтікшемен аузыма су немесе шырын тамызады, ал тамақты езіп, нанды ұсақтап, қасықпен аздап жегізеді. Екі жағым кіріп, көзім шүңірейген. Үлкен-кіші дәретке онсыз да шыға алмаймын. Ыдыс әкеліп, апам тосады. Есім-кіресілі шығасылы. Арасында ес-түссіз талып қалатыным тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, тірі өлікке айналдым. «Кеудесінде жаны бар» деген атым ғана болмаса, әл де, дәрмен де жоқ еді. «Жағдайыңды сұрауға келген үш сыныптасың ауру жеген түріңді көріп, зәре-құты қалмағандары соншалық, кірген бойда сыртқа атып-атып шықты» - деген апам бір сөзінде. Осы уақыт аралығында мен көрінбеген дәрігер де, емші де қалмады. Керек десеңіз, үйге де келіп қарады. Бірақ, ешқайсысы орнымнан тұрғызбақ түгілі диагнозымды да дұрыстап тауып қоя алмады. Маған берген дәрі-дәрмектерінен ешқандай өзгеріс болған жоқ. «Баяғы жартас – бір жартас» боп қала берді. Бірде апам оларға: «Сендер не үшін оқыдыңдар? Бір диагноз қоя алмасаңдар, не үшін жүрсіңдер?! Дымды да білмейсіңдер, өңшең топас» - деп ашумен айқайлап қоя берді. «Апа, медицина жағынан түк те жоқ, сіз одан да балаңызды өзіңіздің қазақшылығыңызға қаратсаңызшы» - деді олар бірде. Содан үйге бірнеше молдаларды жинап, Құранды бастан-аяқ оқу арқылы дем салдырып, үш рет бойымды тазалатты.

   Бір күні өзімді емдеп жүрген дәрігер келіп: «Бұл баланың бес-алты-ақ күн өмірі қалды, дайындала беріңдер» - деп нүкте қойып кетеді. Үйдегілер жылап-еңіреп жүріп, маңайды жиып-тазалап, менің кетуіме дайындала бастады. «Өледі екен» дегенді естіген ауылдың бүкіл адамдары ағылып келіп, көңілімізді сұрап жатыр. Келгеннің бәрі түріме қарап, жандары ашып, «Сендей баланы Құдай неге қинап қойды екен?!» деп көздеріне жас алады. Келіп жатқан, кетіп жатқан адамдар.

   Бір күні «Намазды тұрып оқи алмасаң, отырып оқы, отырып оқи алмасаң, жатып оқы» деген шариғат сөзі ойыма оралды. «Егер осыдан мен тірі қалар болсам, қанша намазым қаза болайын деп тұр. Қарап жатпай, осы күйімде де намазымды оқи берейін» деген ойымды бірдеңе етіп, апама жеткіздім. Осыдан кейін күнде әр намаздың өз уақыты болғанда, апам келіп, таң намазында – бір, бесінде – екі, екінтіде – үш, ақшамда – төрт, құптанда – бес рет қолымнан түртіп отыратын болды. Ойлап тапқан осы ишарамыздың арқасында намазымды өз уақытында оқитынмын.

   Дәл осы күйімде тоғыз ай жаттым. Тоғыз айдан соң, денсаулығым өздігінен орнына келе бастады. Екі құлағым ашылды, сөйлеу қабілетім толығымен қалпына келді, жансызданған жағыма жан бітіп, аяқ-қолым қимылдай бастады, ақырындап тамақ ішіп, өздігімнен жүріп-тұра бастадым. Жағдайым оңалып, кәдімгідей адам қалпына келдім. Келе-келе күніне бірнеше рет ұстайтын талма ауруым да сирексіп, он бес-жиырма күнде бір рет қана қайталанатын болды. Осылайша Құдайға құлшылық ете жүріп, шүкір, қазіргі күйіме жеттім. Тек екі көзім ғана сол күйі көре алған жоқ. Білікті көз дәрігерлерінің бірнешеуіне қаралдым, бәрінің айтатыны: «Бұл жігіттің ауруының себебін де, емін де тауып бере алмаймыз. Күндердің күнінде таңғажайып құбылыс болып, өздігінен көріп кетпесе, біздің қолдан келер дәрмен жоқ» - деп шығарып салады. Содан бері ешқандай дәрігерге барған жоқпын. Орнымнан тұрып, өзіме келген соң, жатпай-тұрмай қаза намаздарымды қалпына келтірдім. Тапжылмай сағаттап оқыған күндерім де болды. Ондай кездері отырып-тұра бергеннен аяғым талып, шаршап қалатынмын.

   Осы жағдайдан соң, ілімге қатты көңіл бөле бастадым. Құранның 114 сүресін бастан-аяқ жаттауға ұмтылыс білдірдім. Алматы қаласынан зағиптерге Брайль қарпімен  Құран үйрететін бір айлық курс ашылғанын естіп, сонда жиналдым. Үйдегілер «бармайсың, ауырып қаласың» деп жібергісі келмегендерімен, апамның сөзінен ешқайсысы асып түсе алмады. «Өлсе сол жақта өледі, барсын» - деп бір-ақ кесіп айтты.

   Мақсатыма жетіп, Алматыда оқып жүрген күндерімнің бірі болатын. Телефоныма қоңырау келді. «Алло» дегенім сол еді, «Қалайсың, мен ғой - Жадыра» деген әдемі дауысты естідім. Әуелгіде бірден тани алмай, ауылдас бір ағайынымыздың осы аттас қызы болатын, сол екен деп ойладым. Сөйтсем, баяғы өзімнің Жадырам, мектептегі бала махаббатым. Тоғыз жылдан соң мені іздейді деп кім ойлаған?! Бұл күндері Жадыраны ұмытып та кеткен едім. Осыдан соң қайта-қайта хабарласып, хал сұрасып тұрдық. Қайтар уақытым жақындағанда, ол мені Шымкенттегі теміржол вокзалынан күтіп алатындығын айтты.

   «Ауылдағылар келіп әуре болмасын» - деген оймен Шымкентке сыныптасыммен бірге қайттым. Сол жерден ары қарай қарындасым күтіп алып, үйге алып кету керек болатын. Вокзалға келген соң, қипақтап, кете алмай тұрып қалдым. Қарындасым: «Не істеп тұрмыз, қайтайық та, жүр, кеттік» - деп болар емес. «Тоқтай тұршы, қазір біреу келу керек» - деп мен де қояр емеспін. Сәлден соң Жадыра да жетті. Сөйлестік, кетерімде қолымнан ұстады. Баяғы ұшқын қайта бой көтергендей болды. Жүзін көре алмай тұрсам да, жүрегім бір жылылықты сезінді. Сол күннен кейін біраз уақыт қыз-жігіт боп кездесіп жүрдік. Аяғында үйленуге сөз байластық.

   Үйдегілерге жоспарымның шет-жағасын жұқалап жеткіздім. «Жадыраны айттырайық» - дедім. Жадыраны олар бала кезінен білетін, көз алдарында өскен қыз. Өзіміз секілді мұсылманшылыққа бет бұрып, намазға жығылған жандардың бірі. Оған құда түсушілер де аз емес еді. «Мені араластырмаңдар. Ертең араларыңда бір нәрсе бола қалса, мен жауап бермеймін» - деп апам ат-тонын ала қашты. Осылайша бұл сөзіме алғашқыда бәрі де «Зағипқа кім қызын бере қояр дейсің?» деген күдікпен, қорқынышпен, тіпті, сенімсіздікпен де қарады. Десе де, менің көңіліме қарады ма, айттың бірінші күнінде Жадыраның үйіне сау етіп, бір топ адам жетіп бардық. Әуелгіде олар бізді айтшылап келген екен деп ойлады. Көп созбай апам сөз бастады. Келген мақсатымызды айтқан кезде, отбасы мүшелерінің бәрі үнсіз қалды. Сонан соң әкесі: «Біздің қыз ұлдарыңа қарай алмайды ғой» - деп жылап жіберді. Сөйтсем, бұл оның өз қызының денсаулығын меңзегені екен. Себебі, Жадырада талма ауруы бар еді. Қанша жерді шарлап, дертіне дауа таппаған соң, дәрігерлер: «Күйеуге шықсаң жазылып кетесің» - дей берген соң, күдерін үзіп қойған екен. Бұл сол «Екеуінен қандай отбасы шығады?» деген әкесіндегі күдік ой еді. Сөйтіп, қыздарын шақыртып алды да, біздің көзімізше «Бұған не дейсің?» деп оның да ойын сұрады. Жадыра да тайсалмай: «Мен Дінмұхамметті жақсы көремін, өлсе бірге өлемін» - деп жауап қатты. Содан олар түк айта алмастан: «Көреміз, әлі де ақылдасармыз» - деп бізді үнсіз шығарып салды. Апам үйге келген соң: «Әлдеқандай боп қалды ғой» - деп бір ашуланып алды.

   Айттырған күннің ертесіне Жадыраны ауыл шетіндегі қырға кездесуге шақырдым. Баяғы хат тасушы ініме: «Көлікпен апарып келші» - деп өтініш білдіріп едім, келісе кетті. Қайтарда Жадыра екеуміз көлікке отырдық. Содан мен ұмыт қалған дүнием есіме түсіп: «Үйде телефоным қалып кетіпті, үйге бұршы» - деп едім, інім де: «Айтсаңыз болды, қазір» - деп лыпылдай жөнелді. Айтқаным сол-ақ екен, машинаның сигналын басып-басып кеп жіберді. Ауылдың бүкіл тұрғындары көшеге атып-атып шықты. Екеуміз үрпиіп бір-бірімізге қараймыз. Аң-таңбыз. Үйге қарай бұрыла бергенде Жадыра: «Дима, біз бұлай келіскен жоқ едік қой» - деп бетін басып жылап қоя берді. Өзім де түк түсіне алар емеспін. Сөйтсем, үйдегілер жиналып, келін түсіруге дайындалып та үлгерген екен. Апам бастаған алты жеңгем, ағаларым, бала-шаға – барлығы бір қора адам аулаға кірген көлікті қаумалаған күйінде Жадыраны түсірді де, басына ақ орамал жауып, үйге қарай алып кетті. Осы кезде барып мен отбасылы болудың жауапкершілігін шынайы сезіндім. Анам байқұс алдымнан жүгіріп шығып: «Дима, сенің де көрер қуанышың бар екен ғой» - деп өмірінде алғаш рет мені құшағына алды. Анамның маған деген махаббатын сол сәтте ғана қуанышты көздерінен байқай алдым.

   Біразға дейін ауыл тұрғындары да: «Соқырға тиіп жатқан кім екен?» дегендей, менің үйленгеніме сене алмай жүрді. «Құтты болсын» айтып келушілердің де саны көп болды. Осылай жиырма сегіз жасымда қыз алып қашып, аяқ астынан үйленіп кеткен едім. Кейіннен жұбайымнан сол кездегі жылауының себебін сұрасам: «Ағаларымнан қорықтым» - деп бір күлдірген еді».

   Осы кезде Жадыра да әңгімеге араласып кетті. «Бойдақ кезімізде Дінмұхаммет Сарыағашқа оқуға барып келген соң, бір кездескенбіз. Сонда бұл сөз арасында: «Ол жақта әдемі қыздар көп екен. Соларды көріп келдім» - деді. Қызғаныштан жарыла жаздап: «Сол қыздарды көре алмайтын соқыр болып қалсаң екен» - деп қатты ашумен айтып қалдым. Кейін бірнеше жылдан соң, «Дінмұхамметтің көзі көрмей қалыпты» дегенді естігенімде, осы сөздерім бірден ойыма оралды. Сонда барып өзімді кінәлі сезініп, жазғырып алдым. Қанша балалықпен айтылған сөз болса да, «адам өмірінде жақсы сөз айтуы керек екен» деп ойланып қалдым» - деді.

   «Міне, қазір үйленгенімізге үш жарым жыл шамасы болды. «Үй болған соң, ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды» деген сөз бар емес пе?! Алғашқыда біздің де ұрысып, қайта татуласқан сәттеріміз болып жатты. Көп наркоз алғанның әсері ме, кейде ешкімге бой бермей, қатты ашуланып кететін кездерім болады. Осындай бір ашу үстінде әйеліме: «Кет!» - деп қалсам керек. Келініне жаны ашыған апам оны «Бірнеше күн жатып келе ғой» - деп, Сарыағашқа төркініне жіберіпті. (Қайынжұртым кейіннен Сарыағашқа көшіп кеткен болатын). «Жадыра қайда?» - десем, ол кісі: «Сарыағашқа кетті, бір-екі күнде келеді» - деп жуып-шайып қояды. «Ол неге маған ескертпей кетеді?» - деп тағы шу шығардым. Сөйттім де, ешкімге айтпастан, Сарыағашқа тартып отырдым. Қайырымды адамдар көп қой, бірі түсіріп, бірі мінгізіп, бірі жол сілтеп дегендей, қайынжұртқа жетіп бардым. Кіріп келгенімде әйелім: «Астапыралла, жалғыз өзің қалай келдің?» - деп шошып кетті. Кіре сала оған: «Маған неге айтпай кетесің?» - деп өзімше сасық көкіректеніп ұрсып алсам да, іштей онсыз жалғызсырап, өзімнің айдалада қалғандай күй кешкенімді білдіргім келмей, жасырып қалдым. «Айтпай кетіп пе едің?» - деп ата-енем де аң-таң. «Жадыра, жүр, үйге қайтайық» - деп қол ұстасып, кері қайтқан осындай күндеріміз де болды. Жасыратыны жоқ, үйленген соң Алла Тағала әйеліме деген махаббатымды бұрынғыдан да зор етіп, күшейте түсті. Қайда барсам да қасымда жүретін қазіргі таңдағы жан серігім де осы – Жадырам.   

Енді Алла сәтін салса, сәбилі боламыз деп күтіп жүрміз. Айтпақшы, Жадыраның талма ауруы маған тұрмысқа шыққан күннен бастап, жоғалып кетті. Өзім де, Құдайға шүкір, бұрынғы қалпымнан әлдеқайда жақсымын. Өзімнің азды-көпті зейнетақым бар. Күнкөріске сол жарап тұр. Әке-шешем де көмектесіп тұрады. Барымызға «қанағат» деп, өмірімізге шүкіршілік етіп отырмыз. Мына мешіттің түбіне әйелімді алып, көшіп келгендегі мақсатым да біреу – ілім алу. «Қары болсам» деген арманым бар. Қарылыққа баулитын жақсы ұстаз таба алмай жүрмін. Десе де, мешіттен азды-көпті сабақ алып жатқан жайым бар. Қалған өмірімді ислам жолына арнасам деймін» - деп Дінмұхаммет сөзін аяқтады.

   «Намаз уақыты болып қалды» - деп ол да мешітке қарай бет алды. Мен де қош айтысып, өз жөніме кете бардым.

   Міне, ағайын, бұл әңгіменің соңы осылай аяқталады. Қарап отырсаңыз, бұл хикаяның өнеге алар тұстары жетерлік. Екеуінің бір-біріне деген ұмытылмас махаббаты, Дінмұхамметтің Алланың кереметі мен Құранның қасиетін байқай білуі, зағип болса да, құр қарап отырмай, ілім алуға ұмтылуы, намазын қаза қылмай, шариғат жолын берік ұстануы, ата-анасының тұңғыштарын «біздің баламыз» демей, апасының бауырына басуы, Жадыраның болашақ өмірге тайсалмай батыл қадам тастауы және өз қателігін дер кезінде түсіне білуі – барлығы да оқыған адамға үлкен өнеге. Енді оларға Алла бақытты өмір жазсын деп тілейміз.