Махаббат – мәңгі жыр
немесе қазақ поэзиясындағы махаббат жырлары
Махаббатсыз дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар!
Абай
Дүниеде өзгелерден бағалырақ үш нәрсе бар. Ол – махаббат, сенім, достық.
Махаббат. Осы бір ауыз сөз адам өмірінің ажырамас бір бөлшегі іспетті. Бұл дүниенің шыр етіп шарана болып есігін ашқаннан бастап ана махаббатына бөленеміз. Ана махаббаты сәби үшін ең қажетті азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосатын өмір баспалдағы. Біздің қоғамда ана махаббатына құштар қаншама сәби бар, қаншама тағдыр бар...
Махаббат- өте ауқымды тақырып. Оны жырлап, оның құдіреттілігін қағазға түсірген жан жоқ шығар, сірә! Махаббат десек көз алдымызға қыз бен жігіт арасындағы сезім ғана елестейтіні анық .Көпшілігімізге аға- апаларымыз: «бесіктен белің шықпай жатып, саған махаббаттың не керегі бар!» деп айтатыны жасырын емес. Жоқ, махаббат тек сезім ғана емес, махаббат- құндылық. Әр өскелең ұрпақтың санасында Отанға, туған жеріне, ата – анасына, мамандығына деген шексіз махаббаты болуы керек. «Жас көңіл тың жер тәрізді, не ексең сол шығады әрі мол шығады» - деген екен сырбаз жазушы Ғабиден Мұстафин.
Иә, жастарға жол сілтеу, оң бағытқа түсіру аға буынның құзіретіндегі дүние.
Қазақ әдебиітінде өзіндік өрнегі бар, шоқтығы биік майталман ақындардың махаббатты жырға қоспағаны кем де кем. Қазақ поэзиясының бастауында тұратын һакім Абай шығармашылығында сұлу қыздың бейнесін:
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?
Аласы аз қара көзі айнадайын,
Жүрекке ыстық тиіп салған сайын,
Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді,
Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын? деп нанымды етіп сипаттайды.
«Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толық, басың бос.
Қайғысыз, ойсыз, мас күнің-
Кімді көрсең, бәрі дос.
Құдай-ау қайда сол жылдар?
Махаббат қызық мол жылдар!
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар!»- деген өлең жолдары тұтас бір поэмаға арқау болғаны баршамызға бесенеден белгілі.
Қазақ поэзясының ірі өкілдерінің бірі лирик ақын Мағжан Жұмабаев шығармашылығының негізгі арқауы махаббатпен үндесіп жатыр.
«Жандым, күйдім сені ойлап дамыл көрмей,
Еш жанға сенен басқа көңіл бөлмей.
Сен – бір жақ, жалған – бір жақ, қатар қойып,
Сені іздедім жалғаннан қолым серми»- деп ғашығын жырға қосса, қара өлеңнің құлагері, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:
«О,махаббат!
Сен әлі тірі ме едің,
Тірі ме едің, менде онда тірілемін.
Ақ періште алдыңа жүгінемін,
Қолдай көр ғашықтардың пірі мені!»- деп тіл қатса, енді бірде жан досы Шәмілге жазған хаттарында;
«Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады, жанымды жаралады.
Шәміл-ау білесің бе шын махаббат,
Осылай қарамаудан жаралады...
Шәміл-оу!
Күндер өтті, айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?
Махаббат сәулесіне ұрындым мен,
Махаббат өмірімді ойран етті» деп мұңын шағады. Ақын жүректі осынша әуре сарсаңға салған махаббат құдіреттілігін түйсінбеу мүмкін емес. Иә, махаббат- ұлы сезім. Осы тақырыпта ең көп қалам тебеген ақындардың бірі- Мұқаң болатын. Ақынның мына бір өлең жолдары ғашық болған жанның көкірегінде сайрап тұратыны белгілі.
Ғашықпын!
Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба!?
О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын!
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?!
Ғашықпын.
Қайтіп оны жасыра алам,
Бір алтын оның әр тал шашы маған.
Сағынайын, таусыла сағынайын,
Сағынышқа жаралған ғашық адам.
Шарықтап, қолым жетпес көкте Күнге,
Ақ қанат құсым менің, кеткенің бе?
Шарқ ұрып бар ғаламды шыр айналып,
Мәңгілік сені іздеумен өткенім бе?
Сарғайған сағынышты басып толық,
Бар үміт, бар сенімді шашып болып,
Өтермін сірә да мен бүл өмірден,
Мәңгілік қалармын мен ғашық болып
Қазақ поэзиясының тағы бір көрнекті өкілдерінің бірі, халқының қадірлі ұлы Қадыр атамыз:
«Жауқазын жыр, жапырақ ой болып жалғыз қорегім,
Жұрттың маған, менің жұртқа жоқ сияқты ед керегім.
Қазір міне сені тауып, саған ғашық болғалы,
Қыз біткеннің бәрін де енді періштедей көремін.
Тәкаппар ем бір кісідей, бір кісідей өр едім,
Тұқымындай ақсүйектің, тұқымындай төренің.
Тағдыр саған жолықтырып, саған ғашық болғалы
Таныс пенен бейтанысты – бәрін туыс көремін.
Бір қолымда ғашық жүрек, бір қолымда гүл тұрып,
Бұл өмірге қараймын мен мойынымды мың бұрып.
Жұрттың бәрі мына менше сүймейтұғын сияқты,
Менше сүйсе, бүкіл дүние кетер еді құлпырып» деп жырлайды. Қанша тәкаппар пенде де махаббаттың алдында дәрменсіз көрінеді.
«...Дидарына Жер де құштар, Күн құштар:
ол – нәзiктiк,
мәңгi шуақ, нұры – қүт,
сарқылмайтын жылылық,
ол тiрлiктiң қуаты –
ӘЙЕЛ атты ҰЛЫЛЫҚ!» деп жырлаған нәзік жандылардың өкілі Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын шолып өтсек.
Мен сонда жылап қалғам,
Сен сезбедің. Кетті ұшып жыраққа арман.
Бұның бәрі неліктен? Білесің сен –
өзіңді ұнатқаннан.
Сосын-сосын жүргеннен ұмыта алмай,
Алып ұшып жеткенде жырақтардан.
Кездеріңді алдымда құлап-талған,
Өліп-өшіп өртенген кезеңдерің,
сосын...түк болмағандай безергенің.
Осыларға түсінбей мың ақтарғам,
Басым қатып шешілмес сұрақтардан.
Сезіміңнің соншалық жалғандығы
Сен үшін бір сәт екен арман құны!
...Мен сонда жылап қалғам,
Өзіңді жек көргеннен және де
...ұнатқаннан! Осы бір өлең жолдарынан қазақ қызына тән биязылықты көре аламыз. Бірақ, бірақ... Неге деген сұрақ еріксіз көкейіңде тұрады. Неге қыздар да сезімін білдірмейді екен ғашығына? Махаббат деген қос жүректің әні емес пе?
Біз аға буын өкілдерінің поэзиясына зер салдық. Ал қазіргі поэзияның жарқын өкілдерінің бірі, замандастарынан көш ілгері жүрген жас ақын Қалқаман Сарин шығармашылығына көз жүгіртсек.
Қош! дедің неге? Қолыңды неге бұлғадың?
Күндердің санап келемін үмітпен бәрін.
Мен деп мынау мөп- мөлдір мұңлық сезімнің,
Сен едің, жаным, иесі сен едің жаным!
Қалқаманның жырларынан мөлдір мұң , тұңғиық сезімді көруге болады.
Сары түсті сағыныштар, Күз моншақ.
Тағып алып, тағы келді бізді аңсап.
Көздеріңді тұрды менен жасырып,
Кірпіктерің қызғаншақ...
Күз... Қыз... Сағыныш... Бәрі бәрі махаббат туралы жырға арқау тәрізді.
Махаббат –мәңгі жыр. Адамзаттың өткеніне көз жүгіртсек, оның өнері мен өмірінде махаббат пен ғашықтықтан асқан тақырып болмапты. Махаббатты көне заманда өздерінің ұғұмына, дініне, дәуіріне сәйкес әртүрлі түсінген тәрізді. Бірақ, бәрі келіп бір арнаға тоғысады. Ол – жүректің әмірі. «Махаббат өмірдің керемет көркі» деп жазды Луначарский. Ол табиғатты гүлдендіріп, неше түрлі бояулармен құбылтады, ғажайып би билетеді. Әр адам өз өмірінің суретшісі. Өмірін мәнді де баянды етіп өткізу үшін көп еңбектенуі керек. Махаббатпен өмір мәнді таңғажайып болып көрінеді.
Мақаламның соңын
«Ғашық болу келсе кімнің қолынан,
Әлем соған сенеді,
Құлай сүю ерлікпен тең себебі» деп сүюді бақыт деп санаған, махаббаты өзгеден биік қойған Мұхтар Шахановтың өлең жолдарымен аяқтасам.
Қадалған көз таларлық,
Жігер отын жанар ғып.
Эверестке шыққандардың тізімі,
Саусақпенен санарлық.
Махаббатта шың сияқты,
Күн жақындап қасына,
Бұлт қонатын тасына.
Қыран тектес жандар ғана,
Шыға алатын басына...
Иә, махаббат тек жігерлі адамдардың ғана жүрегінен орын табатын дүние. Менде махаббатты бәрінен де биік қоямын. Себебі, мен ғашыпын!!!