"Махаббат, қызық мол жылдар"

"Махаббат, қызық мол жылдар"
жеке
блог

04.03.2012. 
01:04
Бір ұл:
- «Махаббат, қызық мол жылдар» оқыдың ба ? Роман деп осыны айт, - деді. Барлық ұлдар Ерболдай болмағасын десем, «Барлық қыздар Меңтайдай болса ғой» дейді. Мен мұның тек пьеса түрін оқығам 10-сыныпта. Жалпы желісі таныс. Мынау ұл қатты қызықтырып қойды ғой. Тестке де, олимпиадаға да дайындықты ысырып қойып, осы романды оқып отырған жайым бар. Бітірген соң дұрыстап жазамын ғой. Енді ғана сегізінші бетіне келдім. Тағы бір ұл да: «Эһ, махаббат!» - дейді, - «Менің ең жылдам бітірген кітаптарымның бірі». Ал мен бітіруге асықпайтын сияқтымын. Тілінің көркемдігі, суреттеу, әңгімелеу шеберлігі енді... айтып жеткізе алмаймын кереметтігін. Қазірден бір жерін қайта қайталап оқып отырмын. 

04:57
80-бетке келдім. Әлгінде жаздым ғой тілінің көркемдігі таңдай қақтырарлық деп... Меңтайдың Ерболды ағасына ұқсатқаны, Сәлиманың Ерболға жазған «қоштасу» хатына, Меңтайдың жақындарынан қалай демде айырылғанына көз жасымды бір бұлап алдым. Енді байқасам тілінің көркемдігі, сөз саптау ерекшеліктері назарымнан тыс қалып, тек оқиға қалай өрбитініне, мен де әлгі ұл сияқты жылдам бітіруге асығатын тәріздімін. Бұл кітапты қайталап оқымасқа болмас. Әзілханның сөз айшықтарын сонда бақылап, қайта оқығанымда өзіме түртіп алармын. Мен оқыған пьесадан айырмашылығы аспан мен жердей. Жылдам аяқтауға асығудамын. 

05:22
85-бет. Мен бағанадан бері тани алмай отырған, Ерболдың тобына дәріс оқып, Абайдың өлеңдеріне сын тағып отырған бұл қандай профессор ? Өзі кітап жазған жазуша екен. «Ақын» романы. Қызықты қараңыз, Абай мен Тоғжан туралы дейді ғой. Әуезовтен бұрын жазып кетті ма екен? Әшекей сырғасының діріліне дейін осы кісі де жазған. Әлде екеуі де Тоғжан бейнесін халық аузында айтылып жүрген суретпен жазады ма деген сұрақтарым жауабын табар емес. Бұл жазушының прототипін эпилогтан оқып білсем, анама Алматыға барғанда «Ақын» романын алдыртып, оқуым керек деген жүйрік ойлар да санама келіп үлгерді. «Бел-белесте» деген тарауы дейді. Әуенов деп отырған ел сүйген профессор кәдуілгі өзіміздің Әуезов екенін қалай жаңа ғана аңғардым ? Құдай-ау ! Мынау Әуезов қой. «Мұхит Әуенов» дейді. Әуез - Әуен. Екеуі бір ұғым. Қалай ойлап тапқан аты-жөнін дәл етіп.
Таң атып қалды... Жылдам жалғастыруға кірісейін. Соңында барлығын бір-ақ жазам ғой деп ойлағам. Дәл осы кездегі алған әсерімді бірден жеткізіп отырмасам, кейін не жазғым келгенін ұмытып қаламын. Жә, уақыт шіркін зымырап өтіп барады, жалғастырайын. 

06:10
100-бет. Студенттер емтихан тапсыруда. Дәл осы бетте Жомартбек пен Зәйкүлдің күлдіргі әңгімелері. Зәйкүл сияқты «қазір ұққанын қазір ұмытып қалатын көкми» КазГУ-да тарих-филология факультетінен не жоғалтты екен?! Өкініштісі, қазір дәл Зәйкүл секілді қалаға білім қуып келегенін ұмітіп, қызық қуып кететіндер де бар. Қазақстанның болашағы өздерінің қолында екенін қалай түсінбейді екен сондайлар. Жерін, елін ойламаса да ең құрығанда неге ұрпақтың болашағына алаңдамайды екен? Адамдарды түсіну қиын. 

07:10
Анам ұйқысынан оянды. 
- Не істеп отырсың ?
- Кітап оқып. 
Ұрсыңқырай сөйледі:
- Адам осындай уақытта оқиды ма екен кітапты ? Ұйқтамайсың ба ? 
(Ақ мамамның айқайы да «айналайын» сияқты). Жауап қатпадым. Өтірік шүртиіп оқуымды жалғастыра бердім. (Еркелігім). Енді жай сөйлей бастады:
- Түнде кітап оқу кері әсерін тигізеді. Күннің жарығына оқисың ертең. Сол көзіңе де, миыңа да зиян екенін білесің ғой сен, - деп өз істерімен шұғылдана бастады. Осы уақытқа дейін отырғанда 120-ақ бетін оқыдым. Бұдан көп оқуға қабілетім бар еді. Арасында жасаған үзілісімді ұзатып алғандаймын. Ештеңе етпес. Анамдікі дұрыс қой қашанда. Ол бұл отырысымның бірінші рет емес екенін білмейді)) Енді тынығып алайын сәл. Оянған соң жалғастырамын, бұйырса. 
Біреулер ұйқысынан оянып, шаруаларын қамдап жатса, мен енді ұйықтайын деп отырмын. Адам киноны басқа уақытқа қарағанда түнде көрсе алар әсері мол болады емес пе?! Сол сияқты мен де кітапты күндіз оқығаннан көрі, түнде өлі тыныштықта, ешкімнің кедергісінсіз оқығанды жақсы көремін. Ал, жарайды, жаза берсем, отыра берем, ойларым таусылмайды. Әзірге осы жазғаным жетер. 07:21

11:52
Таңертең сағат сегізге дейін дөңбекшіп ұйықтай алмағам. Сол ұйықтағаннан жаңа ғана ояндым. Тұрып өзіме өзім келіп алып романымды жалғастырмақпын!

13:01
Жаңа ғана дүйім жұртты аузына қаратып, домбырамен мұңды ән салып, елдің бәрінің жан-жүйесіне бойлап, көздеріне жас алғызған дана мұғалім Тана қыз түн баласы болғанда бар ақылынан айырылғаны қалай. Жігіт пен ҚЫЗға бір бөлмеге төсек дайындап беріп жатқанына-ақ мұнысы несі деп таң қалып едім. Енді жігіттің бір ауыз шақыруына «ләм-мим» деместен өзі барып қойнына кіргені қай сасқаны. Жер қойнына кеше тапсырған сүйгенінің жан досы емес па еді бұл ? Ербол да ақылсыз емес еді ғой. Неге бұлай жасады дедім. Енді тек қыздың абыройын төкпеуін Ерболдың ұяты мен иманына тапсырдым. 
Бәсе, мұны Ербол жасамады. Мен білетін ар туын арқалаған Ербол осындай болса керек-ті. 

22:07
Оқып бітірдім. Меңтай өліп қалды(( Біліп отрсам да жыладым. Неше рет оқысам сонша рет жылататын шығар, сірә. Кешегі ұл «Барлық қыздар Меңтайдай болса ғой» деп қалды. Ондай болу қиын емес. Барлығы ана тәрбиесіне байланысты. Тек ол сияқты ешкімді жек көрмеу қиын ау деп ойладым. «Кербез ағайы» сияқты адамдарды қалай жек көрмеуге болады? Қырыққа келген кісі өзінің жарты жасындағы студенттердің, шәкірттерінің шашынан сипап, санына қызықса. Өзі де жиырмадағы жас болса бір сәрі, егде тартқан кісілердің сондай қылықтары тіпті жиіркенішті. Ал Ербол... Ол сияқты қыздың тәнінен көрі жанына көп мән беретін ұлдар жоқтың қасы ғой қазір !