Мектеп қабырғасында жүргенде кітап көп оқитынмын. Балалар кітапханасының «шетел әдебиеті» сөресіндегі барлық кітапты тауысып тастағанымды күні бүгінге шейін мақтанышпен еске аламын. Уақыт өте келе кітапқа деген махаббатың сөнбесе де оған уақыт таппайтын болады екенсің. Соңғы кезде іштей соған қынжылып жүрген едім. Жолдасым осыны сезді ме, білмедім, мені бір күні кітап дүкеніне апарып, «ұнаған кітапты таңда, міндетті түрде оқитын бол» деп тіл қатты. Австралиялық жазушы Колин Макколаудың «Тікенекте ән салушылар» романы көзіме ерекше түсті. «Міне, осы кітап» дедім.
«Махаббаттан басқа ойлайтындарың жоқ па?» деген сынды құлағым шалған. Махаббат деп аһ ұрып, зар жылап ән айтып, ұзын-сонар шиелініскен оқиғаны баяндап жүргеніміз рас. Бұл мәңгілік тақырыпты жырлау, жазу оңай шаруа деп кім айтты?! Бір ода жазу үшін кейде бір ғұмырдың өзі аз. Мен бүгін оқырман назарына әйгілі махаббат романын ұсынбақшымын. Өз кезегімде махаббат романы дегенді тек екі ғашықтың қарым-қатынасы деп түсіну, аталмыш әдебиет жанрын жеңіл-желпі дүние деңгейінде қарастыру өрескел қате екендігін атап өткім келеді. «Тікенекте ән салушылардың» басты кейіпкерлері Мэгги мен Ральф. Бұл қарапайым отбасынан шыққан қыз бен одан он сегіз жасқа үлкен дін қызметшісі арасындағы сезім арпалысы. Жарты ғасырлық уақыт шеңберін қамтитын роман махаббат пен мансап яғни неден бас тартып, неге ұмтылу керек, кімбіз және не үшін жаратылғанбыз деген сұрақтарға жауап іздейді. Өзінің амбициясын барлығынан жоғары қоятын, көңіл емес карьера қуанышын аңсайтын, пайда көздеп бас қосатын жаңа заманда аталмыш туынды бұрынғыдан әлдеқайда өзектірек. Жоғарыда басты кейіпкердің бірі деп Ральф есімді дін қызметшісі екендігін атап өткен болатынмын. Мақсат-мүдде мен Құдайға құлшылық етудің қандай байланысы бар деген сұрақты оқырман өз-өзіне қойып үлгерген болар. Мәселе сол Ральфтің үйленбей, жар құшағын сезінбей, бала күлкісін естімей, католик священнигі жолын таңдауында емес, сол жолда қарапайым дін қызметшісі атану аздық етіп, жоғары лауазымды қызметке тағайындалғысы келгендігі, соған ұмтылуы. Архиепископ болып сайланған ол аңсаған арманына қол жеткізгенмен өмірбақи мұң мен налаға толы азапты ойлардан арыла алмай қойды (Бұл ретте мен католик дінін сынға алмағандығымды түсіндіріп өтейін).
Лондон университеттерінің бірінде жүргізілген зерттеу кезінде минут сайын әлемде «Тікенекте ән салушылар» романының екі данасы сатылатындығы анықталыпты. Жиырмадан асқан тілге аударылып, сегіз бөлімнен тұратын хикая ретінде көгілдір экраннан көрсетілген роман мені ең біріншіден атауымен қызықтырды. Автордың сөзіне сенсек, кәдімгі ағаш бұтағына емес аяусыз тікенекке ғана қонатын құс жайлы аңыз бар. Ол құс тікенекке кеудесімен жаншылғанда, шырылдап, ең соңғы, ең керемет әнін құйқылжыта орындайды екен. Оның шырқаған әнін бұлбұл да, бозторғай да таңдай қағып тыңдайды деседі. Мэгги аңыздағы құстай тыйым салынған махаббаттың құны тым қымбат болатындығын біле тұра сүюден бас тарта алмады. Біз бәріміз Мэггидей, Ральфтей әлдекімге, әлденеге ынтық боламыз, «болмайды» десе де бас тартпаймыз. Адами болмысымыз, табиғатымыз сондай шығар, бәлкім. Бәлкім, бұл тек ақталу. 638 беттен тұратын кітап сіздің оқуыңызға тұрарлық.