Махаббат формуласы
блог
Арманына жайғандай құлаш керіп қанатын,
Сыңар құсын іздеген тауысқандай тағатын.
Махаббатты әлінше түсінеді әркімдер,
Жырға қосқан ол жайлы ғашық болып сан ақын.
Махаббатты біреулер күліп атқан таң дейді,
Біреу оны жоқ дейді, біреу оны бар дейді.
Махаббатты біреулер қиял дейді ұстатпас,
Махаббатты біреулер өзің сүйген жан дейді.
Махаббатты мен-дағы өз әлімше жырлағам,
Ғашық болдым аруға, енді кімнен ұрланам?
Ғашық болғым келді екен, шектемеймін жүректі,
Түсінбейтін біреулер таға берсін сын маған.
Тілеп алам осылай жүрегіме бір дертті,
Ғашық болу күнә емес, кімді кімдер күндепті?!
Махаббаттың белгісі - сүю, іздеу, сағыну,
Емес онда ғашықтар үйленуі міндетті.
Жетеді онда сол жанмен бірге өткізсең күндерді,
Соны ойлауға шыдайсың көз ілместен түндерді.
"Тең" белгісі болуы махаббатта шарт емес,
Махаббатта бастысы - "қосу" деген бір белгі.
Шыдау керек тек онда көрсең зәбір өсектен,
Құра алмайсың сезімді айламенен, есеппен.
Тән тояты сезімнің емес басты белгісі,
Шатастырар кей жандар махаббатты төсекпен.
Қадамыңды баса алсаң болашаққа таза нық,
Сатқындықты сен де онда ала алмайсың жаза ғып.
Махаббаттың белгісі - сағыну мен қауышу,
Махаббаттың белгісі - адалдық пен тазалық.
Сүйсең-дағы шын сүйгін жүрегіңді жандырып,
Сүйгеніне еркелеу махаббатқа тән қылық,
Махаббатты сан ақын жырға қосқан бұрын да
Махаббатты мен-дағы жырлай берем мәңгілік.
Авторы: Ғабиден Қожахмет