Махаббат еді керегі

Махаббат еді керегі
жеке
блог

Бастапқыда, блог жазу үшін тақырып таңдайын дегенімде көп ойландым. Оқырмандарды тақырыптың өзектілігі қызықтырады ғой, әрине. Оның үстіне ағыңнан жарылып, мәселені ашық айтатын болсаң, одан бетер, міне, бір оқуға жарап қалар блог жаздым деп сенесің.

Ағылшын тілдес ортада жүріп, көбіне орыс тілінде ойланып, кейде арасына басқа тілге аударуға келмейтін ерекше кезде қазақ тілін қосып, досымнан күнде неміс тілін, бөлмедегі көршім мен оның құрбыларынан судай шүлдіреген қытай тілін естіп өмір сүргенде, иә, қиындықтар туындайды. Кейде бірімен сөйлескенде бейімделіп үлгермей, өзге тілде "вас махст ду" дейтінім де бар ғой. Дегенмен қазіргі ортада ағылшын мен орыс тілдері ең басты байланыс құралдары болып тұр, құрғыр. Бұрындары әдемі әдеби тілмен сөйлейтінім есімде. Қазір бұның бәрі қайда кетті десеңізші? Бәрі сол тұрмыста күнделікті қолданбағаннан болар.

Бүгін, мысалы, бір жігітті кездестірдім. Түркістанның тумасы екен. Есімі Рамазан. Маған:

-Қазақша білесің бе?- дейді.

-Иә, білем. -Онда неге қазақша сөйлемейсің, неге орысша сөйлейсің?-оның бұл сұрағы иә дөрекі, иә айыптаушы кейіппен айтылмады, қайта бір ерекше сыпайлықпен, тіпті қамқорлықпен айтылғандай көрінді маған. Алайда, сүйегімнен өтіп, ұялғаннан қайда кірермді таппай қалдым. Өзімді ақтауға тырысып:

-Қазір бәрі орысша сөйлейді ғой, саған да солай ыңғайлы болар деп ойладым,- деп жауап қаттым мен. 

-Қазақ тілінде сөйлеуге ұялатын болды көбісі. - Даусынан күрсінгенін байқадым.

-Тілден ұялғанынан емес, өз құлағына өз сөзі оқыс, ерсі естілгеннен болар,- дедім - менің өзіме де кейде солай көрінеді.

-Жоқ, сен қайта қазақша жақсы сөйлейді екенсің,- деді: менің қысылғанымды байқап, еңсемді көтергісі келгені шығар, бәлкім.

Қанша дегенімен, өзге тілден өз тілімнің тұғыры маған әрдайым биік тұрады. Шет тілін санаммен түсінсем, өз тілімді жүрегіммен ұғынамын. Кейбір заттар, әлде сезім, қағаз бетіне сыймайтындай кең, ауқымды болады. Сол анамның ақ сүтімен келген туған тілім менің - жер-көкке сыймайтын, ата-бабамның ғасырлар бойғы тарихын сақтап келген таңғажайып ауқымды тіл.

Туған тілімді ұмыттым ба? - Жоқ. Тек жетіспегені осы ғой, міне – жетпегені, сәл ғана сағыныш, сәл ғана махаббат. Мен сағындым.