"Махаббат айтып келмейді"

Махаббат айтып келмейді

Райхан өз махаббатын ұзақ іздеді. Шығармашылық адамы болған соң үнемі ой үстінде жүріп, қандай адамға жолығар екенмін деп бас қатырумен болды. Аудандық, облыстық газет-журналдарға жариялайтын шығармалары да «Қайдасың, махаббатым?» «Сені күтемін», «Үміт үзбеймін» сияқты тақырыптарда болды. Отбасы мүшелері мұндай газеттерді парақтамайды да деп ойлаған Райхан жоғары сыныпта оқып жүрген кезінде мұндай ұялмасы бар ма. Бірде әкесі сәл «қызып келіп»: «Менің әлгі махаббатшыл қызым қайда?» - деп үйді басына көтереді. Сөйтсе үй іші адамдары бір санын да қалдырмай оқып, қызының шығармашылығымен танысып отырады екен. Райхан кірерге тесік таппай қынжылады.

Анасы да, әпкелері де үнемі: «Райхан біздің үйдегі ең ұсқынсыз бала. Қыз балаға тән нәзіктігі де жоқ. Дене бітмі де келіссіз. Жүріс-тұрысы да ебедейсіз. Осыны ертең кім алар екен? Жасы келген шал болса да алса жарар еді», - деп айта береді. Оған еті де, құлағы да үйренген Райхан «Шал болса шал болсын, кім де болса ең құрығанда ауқатты отбасынан болса екен. Кәрі шал болса артындағы балаларыма қалдыратын мұрасы мол болса екен» деп тілейтінді шығарды. Осындай ойлармен әуре боп жүріп мектепті де бітірді. Қалаға келіп, жоғары оқу орнының студенті атанды. Барлық жастар сияқты жатақхана тіршілгінің дәмін татады. Сабақтан шаршап, қарны ашып келгенде, жерге басқа азық жоқ. Ұнтақ ботқасын (манная каша) суға қайнатып жеп, асқазанын алдаусыратады. Көңілін де, өмірін де тек сабақ оқуға арнайды. Ақшадан қысылған күнінде балабақшада тәрбиешілік қызметін атқарады. Онда біраз уақыт тәжірибе жинаған соң, өз мамандығына қатысты қызметті қолайлап, жарты мөлшерлік жалақы алатын болып келісіп, радио қызметіне орналасады. Бастығы түсінігі мол, өте керемет жан еді. Екінші курс оқып бастағанында бастығына: «Мен жақсы жұмыс жасап жүрмін ғой», - деп қиылып, жалақысын толық мөлшерлі етіп алады. Онымен қоймай радио қызметкерлеріне, яғни әріптестеріне пәтер беріп жатыр дегенді естіп, бастығына:

- Маған да беріңізші, - деп тағы да барады.

- Үйі бар, жұмысы бар жігітке күйеуге шығып алсаңшы, - деген жауап алады. Оқу жылы басталған соң құрбысының үйіне қонақтап жүріп, жатақханаға әзер орналасады. Бір жыл бойы тұрақтайтын үйім ғой деп, бөлмесін түкпір-түкпіріне дейін түк қалдырмай аса ұқыптылықпен тазалайды. Бұл  сәрсенбі күні болатын. Жұмысына барғанда бастығы:

- Есік алдында тұрған екі ұлды шақырып кел, - деп жібереді. Келген екі жігіттің орысқа ұқсайтын бірі бастығының жұмыс үстеліне шығып алғанын ерсі көріп:

- Бастықтың үстелінен түсіңіз, - деп ашу шақырған түрмен бұйыра сөйлейді Райхан. Тіпті қазақшаға түсінбейтін орысша тәрбиеленген балаға жанында тұрған немере інісі түсіндіреді. Райхан кіммен сөйлесіп тұрғанын білмейді, ол – бастығының шолжаңдаған жалғыз баласы еді. Бір кезде бастығы әлгі ұлдарға:

- Райханды көлікпен жатақханасына жеткізіп тастаңдар. Жолда кәмпит, сағыз сатып алып беріңдер, - деп тапсырады. Әкесінің айтқанын тікелей қабылдаған баласы көлікті тоқтатып, абажадай базардан чюпа-чюпс пен бір ғана сағыз алып шығады. Балалық желігі әлі басылмаған студент Райхан сағызды үлкен етіп үрлеп, шар пішініне келген сағызын «пах» еткізіп жарып, ұлдарды да күлкіге батырады. Жаңа ғана өзі аса қызыққан, нарттай жанған қып-қызыл көлікке отыру бақыты бұйырып тұр. Жатақханасына жетсе де көліктен түспей:

- Көліктерің керемет екен. Тағы да кішкене отырайыншы, - дейді, - Осындай көліктен түскенімді көрсе жатақханадағы қыздар қызығатын болады.

Райханмен бірге жүру қызықты көрініп кеткен болуы керек, жігіттер:

- Олай болса ертең келейік, - деп келісе кетті.

Келісім бойынша ертесіне шықса, екі бірдей көлікпен келіп тұр екен. Райхан бөлмеден бөлме қалдырмай аралап, жатақхананы шулатып, бақандай жеті қыз ертіп шығады. Көктөбеге шығып, күнді көңілді өткізеді. Жұма күні осы топпен киноға барады. Арада үш күн өткенде, дүйсенбі күні бастығы үйіне қонаққа шақырады. Дастарқандағы өзіне таңсық түрлі тәтті тағамдарға тамсанып отырғанда күтпеген жағдайға тап болады. Тіпті «бөлмелес қызым жақсы көретін жүзімнен ала кетейін» деп, қалтасына салып алып отырағн кезінде басына орамал жауып жатқанына таң қалады. Беті жабылған күйі түк түсінбей отыра береді. Не қуанарын, не қуанбасын білмей, ойлана бастайды: «Мені кімге алып бермекші? Бірге қыдырған екі ұлдың қазақша сөйлейтініне ме? Оның жасы менен кіші болатын. Ол мүмкін емес. Бастығым мені жақсы қабылдаушы еді. Әлде өзіне алып жатыр ма екен?» Жоқ, бастығы жалғыз ұлына алып беріп, келін етуде екен. Осылайша тағдырына бағынып, бір рет те тілдеспеген адаммен «махаббат бекетіне» билет алып, мәңгілік сапарға аттанады. Өзі орысша, күйеуі қазақша түсінбейді. Екеуі тек қайын атасы арқылы ғана ұғынысады. Ол екеуінің барлық жағдайын жасап, бөлек отау да тігіп, үй салып береді. Шаңырақ құрғандарына бір жыл болғанда, отбасы қуанышы, тұңғыш қыздары дүние есігін ашады. Үйге қонақ боп ата-енесінен бұрын келген туыстары:

- Қызымыздың есімін кім деп қоямыз?

- Настя деп Дәуреннің бұрын жүрген қызының атын қояйық.

- Жоқ, оның аты әдемі емес. Элиза деген қызының атауы әдемі болатын. Соны қояйық, - деп қалжыңдайды. Райхан оны түсінбей, ашуланады. Енесі Райханды ұнатпайтын. Дауыс көтеріп, ренжітсе үнемі қайын атасына қоңырау шалып шағымданушы еді. Бұл жолы да солай қоңырау шалып, атасы тұтқаны алғанда ызаға булыққаннан сөйлей алмай, еңкілдеп жылап жібереді. Атасы телефонды тастай салып, дереу баласының үйіне жетеді. Үйге енді ғана енген енесін атасы: «Тағы да осы ма?» деп барлығының көзінше аямай ұрып тастайды. «Ата, ол емес» десе болмады. Бұрын үнемі «Бізге тең емес. Менің баламды өзгертіп жіберді» деп Райханның жүйкесін жіптей жұқартатын енесі бұл жолы жазықсыз жазаланғанын «мені үйіне келгеніме кінәлады» деп түсінеді. Ал атасы тынышталған соң:

- Ал, айта ғой. Не себепті жыладың? Тағы да не деп ренжітті сені? – деп сұрайды.

- Туыстары ғой менің қызыма неше түрлі Дәуреннің бұрынғы жүрген қыздарының атын береміз деп... – деп күмілжиді.

- Соған бола осылай шу көтердім ба? – деп атасы абдырап қалады, - Немеремнің есімін ешкімге қойғызбаймын. Райхан сияқты жақсы қыз болсын, «Раушан» атаймын.

Көп ұзамай өмірге тағы бір қыз келеді. Ал күйеуі Дәурен әке болса да, бұрынғы жүрісін тоқтатпайды. Бар уақытын казинода өткізеді. Атақты карта ойыншысына айналады. Бірде ұтып келсе, енді бірде екі еселеп ұтылады. Көп ақша ұтып келген күні Райхан: «Маған арам ақша керек емес. Тапсаң адал жолмен, тер төгіп тап», - деп ақшаларын уыстап ұстап, терезеден лақтырып жіберген кездері де болды. Атасы: «Ешнәрсе бірден болмайды. Бір күн ішінде тақыр жерден тау тұрғыза алмайсың. Іс жайлап-жайлап алға басады. Балам бойдақ кезіне қарағанда тәуір болып келеді. Ашуландырып, қырсықтырмай, қайта алдастыр. «Мен де сенімен бірге барайын, ойынды тамашалайын» деп айт. Осылай өзің тәрбиелеп аласың, - деп үйретіп отырады. Үйленгендеріне жеті жыл өткенде Райхан әкесінің көшірмесі етіп ұл сыйлайды. Содан кейін барлық өмірі өзгеріп, Дәурен карта ойнауын да қойып, түзеледі. Өзінің жеке бизнесін бастап, жұмысы мен ұлын ғана қызықтап, басқаға бет бұруға мұршасы болмайды. Бұл кезде қазақшаға да судай. Қонақжайлыққа да үйренген еді. Әкесі орысша, анасы қазақша тәрбиеленгендіктен қыздары алты-жеті тілді жетік меңгеріп өседі. Райхан ерте тұрмыс құрып, өзі жете алмаған нәрселердің бәріне балаларын жеткізеді. Он саусағынан өнер тамған үш баланың ата-анасы өмірінің соңына дейін қайырымдылығы мен мейірімділігі арқасында елдің алғысын алып, құрметке бөленеді.

 



Бөлісу: