Магистрант алдымен диссертация тақырыбының тарихнамасын мұқият зерттеу керек - О. Мұхатова

Бүгінгі таңда ЖОО-дарында білім сапасын көтеру өзекті мәселе болып тұр. Мәселен, тарих мамандығы бойынша оқып жатқан магистранттар «Ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру және жоспарлау» атты пәнді жақсы меңгеріп, соның ішінде кез келген тақырыптың өзектілігін негіздеуге, деректік базасы мен тарихнамалық негіздерін аша білу керек. Көп жағдайда магистрлік диссертациялар мазмұнында тарихнамаға үстірт қарау  орын алып жатады. Ал арнайы тарихнамалық талдауға бағытталған диссертацияда тарихнаманың орны, әрине, одан да маңызды.

Тарихнама — тарих ғылымының даму тарихы, ол ғылыми бағыттардың, мектептердің қай ғасырда пайда болды және ары қарай дамыды, немесе белгілі ғылыми проблема қай кезден бастап зерттеле бастады, ғалымдар осы ғылым саласы/тақырып бойынша қандай еңбектер жазды, тұжырымдамалар ұсынды – соны зерттейді. «Тарихнама» (орысша историография, ағылшынша historiography) деген атау ең алдымен тарих ғылымының қалыптасуы мен дамуын, өзекті мәселелерін қарастырады.

Қазақстандық белгілі тарихнамашы Оразгүл Хасенқызы Мұхатова осыдан жиырма жыл бұрын, яғни 1999 жылы 8 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Д.14 А.01.26 диссертациялық кеңес мәжілісінде  «Қазақстандағы аграрлық өзгерістер тарихнамасы (ХІХ - ғасырдың соңы ХХ - ғасыр)» тақырыбында докторлық диссертацияны сәтті қорғаған еді. Содан бергі уақытта Қазақстан тарихының тарихнамасы проблемаларын зерттеумен айналысып келеді. Ұстазға 2003 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Жоғарғы аттестациялық комиссиясы профессор атағын берді.

Белгілі тарихнамашының тарих ғылымының осы саласынан жариялаған еңбектерінің саны 250-ден асады. Солардың арасында «Қазақстандағы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы аграрлық реформалар тарихнамасы», «Қазақстандағы ХХ - ғасырдың 20-90-жылдарындағы аграрлық өзгерістер тарихнамасы», «Тарихи және тарихнамалық деректер» атты монографиялары бар.  «Ұлы Жібек жолының төңкеріске дейінгі тарихнамасы» атты ғылыми мақаласы SCOPUS базасына енген журнал бетіне жарияланып, бірқатар шетелдік журнал редакцияларының назарына аудартты.

Профессор О. Мұхатова «ХІХ-ХХ-ғасырлардағы Қазақстан тарихнамасы», «Тарихнама ғылымы: теориялық-методологиялық негіздері және зерттеу үлгілер», «Қазақстан тарихының тарихнамасы», «Отандық тарихи ойдың дамуы» оқу құралдары «Тарих» мамандығы бойынша білім алатын студенттер мен магистранттар, тарихнама пәнінен дәріс беретін оқытушылар үшін қажетті кітапқа айналған.

Энтузиаст-педагог студенттерге «Қазақстан тарихының тарихнамасы», «Шетелдер тарихының тарихнамасы» курстарынан дәріс оқып, семинар сабақтарын жүргізді.  2016 жылы «Қазақстан тарихының тарихнамасы» пәні бойынша бұқаралық жаппай ашық онлайн курс (МООК) түсіріп, білім алушыларға ұсынды. Магистранттар үшін «Тарихнама ғылымының теориялық және методологиялық проблемалары» базалық және «Тарихнамалық зерттеу модельдері» атты авторлық арнайы  курсын  2008 жылдан бері оқып келеді. 2011 жылы профессор О. Мұхатова республикалық «ЖОО Үздік оқытушы» мемлекеттік грантының иегері атанды.

Проф. О.Х. Мұхатованың айтуынша, тарихнама әр халықтың тарихи ойлау жүйесін, қабілетін де анықтауға көмектеседі. Әлем халықтарының тарих жазу дөстүрлері әр түрлі.  Жазбаша тарихнама өз бастауын ауызша шежіре, тарихи аңыздардан алады. Көне заманда өмір сүрген, «тарихтың аталары» Геродот пен Сыма Цяньнен бастап көптеген тарихшылар ауызша тарихнамалық дәстүрлерге сүйенді. Қалай болса да, әр халық, мемлекет өз тарихындағы ең жақсы, жеңісті кезеңдерді ашып көрсетуге күш салады, сондықтан белгілі бір субъективизм болады.

Тарихсыз халық жоқ, сол себепті тарихқа жүгіну әр халық үшін рухани қажеттілік кана емес, әлемдегі орнын, болашағын бағдарлау үшін қолданылатын құрал. Ал тарихнаманың міндеті тарихтың калай жазылып жатқанын саралау, зерттелген мәселелер мен анықталмаған сұрақтарды айқындау. Жас тарихшылар тарихнамаға құрмет көрсетіп, өздері зерттеп жатқан тақырыптарының әр кезеңдегі тарихнамалық жағдайын жете білу керек.

Н.Нұртазина,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университетінің профессоры;

Е.Шалбаев,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің

2 курс магистранты



Бөлісу: