Мен, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, журналистика факультетінің студентімін. Факультетімізде биылғы жылы оқу жүйесіне еніп, бірінші рет өткізіліп отырған Жидегүл Әбдіжәділқызының "Режиссура өнері" сабағынан берілген тапсырма бойынша Мағира Қожахметованың "АДАМ-ҚҰПИЯ" жинағы туралы қысқаша өз ойымды жариялап отырмын.
Мағира Қожахметованың «Адам-құпия» («Ана тілі» баспасы, Алматы, 1997 жыл) атты танымдық туындысы да табанды еңбектің, іркіліссіз ізденістің жемісі. Автордың адам болмысының құпиясы – жан, тән, рух деген абстрактілі ұғымдарды ұлттық ырым-жоралғылардың, салт-дәстүрлердің негізіндегі ғылыми дәлелдердің, парапсихологиялық тәжірибелерге сүйене отырып, ой түюлері де оқшау. Күнделікті өмірде сирек кездесетін табиғаты тылсым қасиетке толы тағдыр иелеріне қатысты талай тарихи деректерді алға тарта отырып, нақты мысалдармен нанымды етіп мағынасын ашып, мәнін арттырған еңбегі де елді елең еткізіп, талай оқырманның таңдайын қақтырғаны мәлім.
Осы еңбегіндегі әліппенің, әріптердің, киелі сандардың магиялық билігі, алғыс пен қарғыстың материалдық көшірмелері, ниет пен пиғылдың тірліктегі үстемдігі сияқты көптеген философиялық ұғым-түсініктерді ғылыми да нақты тәжірибе тұрғысынан да талдап-таразылауы автордың аса ізденімпаздығы мен білгірлігін, жан-жақты эрудициялы жан екендігін айқындайды. Сондай-ақ кітаптағы құмалақ ашудың, халықтың түс көру, аян беру, оны жору дәстүріндегі тағлымдардың бүгінгі нақты өмірдегі мысалдармен дәлелдей отырып, ой айтуы да ойландырмай қоймайды. Көріпкелдіктің, халықтық емдеудің, дуалаудың, көпшілік біле бермейтін неше түрлі амал-тәсілдері мен құпия сырлары туралы жазған танымдық мақалалары әлі күнге дейін көпшіліктің қызығушылығын тудырып, таралымы да, оқылуы да ең көп туынды қатарына қосылғаны белгілі.
Жаратқан Иеміздің саналы жанға сыйлаған сансыз жұмбағы мен адамзат табиғатына тән құпия әлемді, сезімдік-психологиялық құбылыстарды талмай зерттеуге зер салған Мағира тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бұрындары тыйым салынған бұл тақырыптарға тың сүрлеу салып, ел ішіндегі емші, құмалақшы, тәуіп, көріпкел секілді қасиеттерге ие жандардың бөгде жандарға белгісіз ерекшеліктерін өзі басы-қасында жүріп, зерттеп, жазуы да ерен еңбектің нәтижесі. Бұл еңбектің басты мақсатын автор былай айқындайды: «...Тіршіліктің ең бір пісіп-жетілген жемісі – адамның әлі де ашылмаған сыры көп. Мұның себебін әрбір жан иесінің қайталанбас тұлға екенінен іздеу қажет. Мейлі жағымды, мейлі жағымсыз болсын, кез келген пенде өзіне дейінгі бірде-бір пендені ап-анық қайталамайды». Міне, осы бағытта ізденген қаламгердің қазақ руханиятына қосқан үлесі де қомақты.