Luina қазақ тіліндегі әнімен әлемдік шоу-бизнесті дүр сілкіндірмек

Luina қазақ тіліндегі әнімен әлемдік шоу-бизнесті дүр сілкіндірмек
жеке
блог

Бүгінгі таңда X-factor музыкалық жобасының түлектері арасында тек қана Луиза Каринбаева ғана шоу-бизнесте өз белесінен көрінуде. Luina жобасы былтыр сәуірден бастап бастау алғанымен, әнші 10 шақты трек жазғызып үлгерді.

«Новая волна» музыкалық байқауы үшін Luina арнайы ән жазғызды. Байқаудың шарты бойынша, әнші репертуарында міндетті түрде болу керек деген 3 әнді дайындап үлгерді. Оның біреуі ана тілінде болуы қажет екенін де естен шығармаған сыңайлы. Дыбыс жазу студиясында күні-түні еңбектенген әнші кеше ғана «Неге, жаным» атты жаңа туындыны жазып бітірді. Продюсер Жомарт Сүлейменовтің айтуы бойынша, таяу арада бұл әнге бейнебаян түсіріледі. Түсірілімге жұмсалатын қаражат 15 мың АҚШ доллары төңірегінде болады.

National Development Group продюсерлік орталығының назарын Luina өзінің ажарымен ғана емес, сонымен қатар ерекше дауысымен таңғалдырды. X-factor музыкалық жобасының әділқазы мүшесі Александр Шевченко жас дарынды ақтық кезеңге өткізбесе де, әншінің маңдайындағы жұлдызын Жомарт Сүлейменов жарқыратқан еді.

«Естеріңізге сала кетейік, сол музыкалық байқаудың күнделіктеріне қайта оралар болсақ, ол 4 жасынан бастап Ақтауда әжесінің қолында өскен болатын. Үлкен қалаға аймақтан келген қыздың бағы, міне, енді ғана ашылды. Оның 13 жасынан бастап ән айта бастағанымен, музыкалық білімі жоқ екен. Біз жас әншіні осы байқаудың басынан бастап аңғардық. Осындай «ерекше дауыс иегерін» біз әрі қарай дамытуды жөн көрдік», - деп Жомарт Сүлейменов айрықша тоқталғаны белгілі.

NDG продюсерлік орталығының шығармашылық тобы әншінің алғашқы бейнебаянын түсірген болатын. Сол бейнетуындының басты кейіпкері болып Макс Акбаров ойнады. «Луна» атты әнінен кейін Adele-дің Someone Like You атты музыкалық туындысының cover-нұсқасына бейнебаян түсірген болатын. Ең қызығы, бұл бейнебаян демде түсіріліп, бірден ротацияға шыққан болатын. Мұндай ғажайып аяқалыстар шоу-бизнес әлемінде сирек кездеседі. Ал таяу арада ол Джейси Джидің Who u are өлеңінің cover-нұсқасындағы 2-ші бейнебаянын жазып шығарды.

Қазіргі сәтте әншінің алғашқы күйтабағы жазылып жатыр. Болжам бойынша, тұсаукесері биыл наурыз айында жасалмақ. Күйтабақтағы барлық әндерді дарынды музыкант-композитор Ice (Сырым Нәбіқұлов) жазып шығарды. Аз уақыт ішінде Luina-ның әндер жинағында 10 шақты трек пайда болып, сонымен қатар өзі «Инопланета» өлеңін жазған екен. Әншінің әр әнінде көбінесе оның ішкі жан дүниесі сипатталады.

Жомарт Сүлейменов: «Luina әрқашан жанды дауыспен ән орындайтын топпен бірге шырқайды. Бізде әртістердің басым көпшілігі әндерін жазып алып, үйде отырып, тапсырыстарды күтіп отырады. Ал біздің продюсерлік орталығымыздың саясаты – жанды дауыспен ән орындауды жетілдіру. Бүгінгі таңда Батыстағы әншілердің 70%-ы жанды дауыспен ән айтатын топтармен жұмыс істейтінін ескеру керек» дейді.

Сонымен қатар Жомарт Сүлейменов ТМД елдеріндегі танымал «Новая волна» және Алла Пугачеваның Crimea Music Fest музыкалық байқауларына өтініш беріп үлгеріпті. Crimea Music Fest ұйымдастырушылары Luina-мен жұмыс істеуге дайын, ендігі кезек «Новая волна» байқауының жауабында тұр.

http://1tv.kz/kk/news/culture/02022012/luina