Шай ішіп отырғанбыз. Қыздарым бір -бірінің құлағына "секреттерін" сыбырлап, жырқ-жырқ күліп отырды. Мен де сырларын білгім келіп өліп барам. Сосын шыдамай:
-Аяулым, Айсауле не болды, не айтып жатырсыңдар- десем
-Мама, бізге ломантика жетіспейді- деп ішек-сілесі қатып күледі.
Сөйтсе үлкен қызым:
-Иә қарнымыз тоқ, қайғымыз жоқ. Өмір мына менің құйрығым сияқты қып-қысқа- дегенде үшеуміз қыран-топан күлкіге қалдық.
Бала естігенін айтады. Не естісе де құлағына, ойына құйып алады. Баланың көзінше ешқашан жаман сөз айтпауға тырысайық.
Нарқызыл мен Томирис туралы ертегіні қыздарыма айтып бердім. Ұйып тыңдады. Жалғасын кейін айтам деп әрең құтылдым. Ертегіні тыңдап алған қызым:
-Мама, маған сондай құмсағат алып берші- деді. Бала не айтса да "иә, иә" дей береміз ғой. Бұл жолы да "Жарайды" дей салдым.
Бір кезде даладан ентігіп жүгіріп келген қызым құмсағаттың қажеті жоқ екенін айтты. Себебін сұрасам:
- Мен сендерді тастап болашаққа да ешқайда да кеткім келмейді, мама. Құмсағатты жоғалтып алсам қайта алмай қалам ғой- дегенде елжірееееп кеттім.
Жарығым-ау, сен бізден айрылғың келмейтіндей мен де Сендерді жоғалтып алудан қорқамын. Ертегінің қиял-ғажайып әлеміне сенгеніңнен сенің!
-Мама мен өскенде Ича сияқты болам. Тапасия болғым келмейді- дейді. Мен де ойын білгім келіп:
-Ича мен Тапасияның айырмашылығы не? деп сұрап ем
-Ича Вирды жақсы көрсе де махаббатын Тапасияға бере салды-дейді.
-Сонда Вирді бере сала ма қыздарға-десем
-Жооқ, мама, Тапасия тамырын кескен сон оның күнәләрін Ича көтермесін деп Вирді берді. Сақинасын да, басындағы қызыл бояуын да, көйлегін де бере салды-деп қояды.
Сол "махаббат", "күнә" сөздерінің мағынасын білмейсің ғой балапан. Соны білмесең де ақ пен қараны ажырата алғаныңа Аллаға мың шүкір дедім.
Кіші қызым нағашысына барғанда "арғынмын" десе үйге келгенде "ойықпын" деп құтылады. Өткенде ата-енеммен үйіме қонақ болып барғанда елін сұрасақ диванға шығып алып:
"Туған жерім -Қазақстан, өскен жерім-Алғабас, елім- арғынойық" деп қояды міз бақпай.
Мама, мен келіншек болғанда сен апа боласын, сосын мен апа болғанда сен әже боласын, ал мен әже болғанда сен кім боласың?- дегенде айтуға сөз таппай абдырадым да қалдым. Мен ол кезде болмаймын деуге дәтім бармады. Кішкентай жүрегі уайымшыл. Тағы соны уайымдап, ойлап жүрер деп.