Ливерпуль - Челси. Немесе "Робин Гуд" пен "Шық бермес Шығайбайдың" айқасы
блог
Ағылшын премьер лигасының 23 туры. Мәреге дейін небәрі 16 кездесу қалды. Осы уақытқа дейін чемпион кім болады? - деген сауалдың жауабы 100 мәрте ауысқаны белгілі. Әлемдегі телевизиялық келісім-шарты қымбат лиганың 2016-17 жылдың үздігі кім?
"ЛИВЕРПУЛЬ"
Чемпионат енді басталғанда Коутиньо, Фирмино, Лаллана, Мане бастаған төрттік кәрі құрлықтағы барлық командалардың түнде көрер қорқынышты түсіне айналған еді. Мерсисайдтық клубтың бас бапкері Юрген Клопптың қойған тактикасында нақты бір негізгі шабуылшы жоқ. "Гегенпрессинг" тактикасы "1+1" дегендей айқын әрі өткір. Допты қарсыласқа өте салысымен бірден қайтарып алу. Бұл соққының әсерін ұтылған Арсенал (3:4), Челси (0:2), Уотфорд (6:1), Халл (5:1), Манчестер сити (1:0), Мидлсбро (0:3), Вест Бром (1:2), Кристал Пэлас (2:4) бастаған біраз команда әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Бұл үшін мықты физикалық дайындық керек әрине. Жүйе алғашында сыр бермегенімен, көп командалар қазір баппен күрмеуді шеше бастағандай. Бұған дәлел Ливерпульдің "Энвилд Роуд"-та қатарынан үш ойын ұтылуы. (Ливерпуль - Саутгемптон 0:1, Ливерпуль - Суонси 2:3, Ливерпуль - Вулверхэ́мптон 1:2). Оның үстіне жығылғанға жұдырық болып Коутиньоның жарақат алуы, Маненің ұлттық құрамасы үшін ойынға кеткені. Өз алаңында, жанкүйерлерінің алдында қатарынан қарсыласқа есе беру оңай емес. Қазір "қызылдар" жаралы арыстанның кейпінде. Челси қонаққа келетін ойынның алдында құрам үшін қос қуанышты жаңалық бар. 1) Көлікті "100 грамм" ішіп жүргізген Фирминоның соты кейінге шегерілді. 2) Африка кубогінен клубтың қалауымен жеке ұшақпен жедел қайтқан Маненің де ойынға қатысу мүмкіндігі бар.
"ЧЕЛСИ"
Лондондықтардың қазір асығы алшысынан түсіп тұр. Чемпионат енді басталғанда Ливерпульдан 1:3, Арсеналдан 3:0 есебімен жеңілді. Англияға биыл ғана келген су жаңа бапкер Антонио Контенің абыройы айрандай төгіле жаздады. Итальяндық футболға бүгін келген жоқ, сары тіс сарбаз ғой. Бірден схемасын "3-4-3"-ке ауыстырды. Көк жүйріктің тұсауы шешілді. Жүйіткіген Абрамовичтің командасы тек Суонсимен тең түсіп (2:2), Тоттенхэмнен (2:0) бір рет ұтылғаны болмаса, осы уақытқа дейін ұпайының шашауын шығармай келеді. Әсіресе үздік сұрмергендер тізімінде көш бастап тұрған "шалжүзді" Диего Костаның (15 гол) биылғы ұмтылысы жарап тұр. Осыдан бірнеше апта бұрын бапкермен келіспей қалғанда тұтас АПЛ "алақайлаған" еді. - Ооо, Коста қысқы трансферде кетіп қалса Челси тоқтайтын болды -деп. Бірақ, жайшылықта қырсық, қыңыр Костаң осы жолы "тәртіпті бала" екенін көрсетті. Әттеген-ай десті "сүф-сүф" деп отырған бақталастар. Қақпасында Куртуа, қорғаушылар Давид Луис, Маркос Алонсо, стандарттарды жағдайларда сүйінші сұрататын Виллиан, орталық алаңда "нан жегізбес" Кантең бар "Зейнеткерлер" қазірдің өзінде 2 орында тұрған "4" санын қасиетті санайтын Арсеналдан 8 ұпай алда. Ал Ливерпуль олардан 10 ұпай төмен орналасқан. Дәстүрлі баспасөз концеренциясында Конте әккі бапкер екенін көрсетті. - Олар 3 ойын қатарынан өз алаңдарында ұтылып па? Түсінікті. Бірақ, бұл жағдайға қарап оларды әлсіз клуб деуге келмейді. Кездесудің қарқынды болары сөзсіз,-деді Антонио мырза.
ЖЕКЕ КЕЗДЕСУЛЕР
wildstat.ru сайтының жүргізген статистикасына сәйкес екі клуб бір бірімен түрлі турнирлерде осы күнге дейін 177 ойын өткізген. 77 мәрте Ливерпуль, 62 рет Челси жеңімпаз атанған. 38 матч тең аяқталған. Соңғы 3 турда Челсиде 2 жеңіс, 1 жеңіліс. Ливерпуль 2 ойын тең ойнап, 1 кездесуде жеңілген. 1 айналымда 17 қыркүйек (2016) күні 5 турда Ливерпуль "Стэмфорд Бриджде" 1:2 есебімен Челсиден басым түскен.
БОЛЖАМ
Букмекерлер бұл ойынның фавориті ретінде Ливерпульді атап отыр. Оның үстіне ойын «Энфилд» (ағл. Anfield) стадионында өтеді. 125 жылдық тарихы бар клубтың жанкүйерлері «You'll Never Walk Alone» (қаз. "Сен ешқашан жалғыз болмайсың!") деп ән шырқауы дәстүрге айналған, өз командасын қолдауы ерекше.
Дегенмен кімнің бабы келісіп бағы ашылатыны белгісіз. Себебі, бұл ағылшын премьер лигасы. Мұнда үздік төрттіктің (ТОР 4) клубтары чемпионшипке бір аяғы жақын командадан ұтылып қалуы мүмкін. Сондықтан бәс тігетіндердің АПЛ-ға келгенде екі өлшеп, бір кесетіні сол. Халық айтса, қалт айпайды деген сөз бекер емес. Ливерпульді қазір британдық басылымдар "Робин Гуд" деп әзілдеп атайды. Мықтылардан ұпай тартып алып, ортанқол клубтарға таратып береді. Ал Челсиді мен "Шық бермес Шығайбай" деп қағытамын. Өйткені, 22 турда 18 жеңіс, 1 тең түскен, тек 3 рет жеңілген.
P.S. немесе АЙТПАҚШЫ
Бұл ойын Астана уақытымен түнгі 02:00-де басталады. Ертең жұмыс, ІТ-тірлік дегендей... Сіз бұл ойынды көресіз бе? Кімге жанкүйер боласыз?