Испанияның «Барселонасында» ойнайтын, 24 жастағы аргентиналық шабуылшы Лионель Месси дүйсенбі күні, 9 қаңтарда жылдың ең үздік футболшысына берілетін «Алтын доп» марапатын үшінші рет қатарынан алды. Бұл туралы Reuters хабарлайды.
Марапаттау салтанаты Цюрихте өтті. Сондай-ақ марапатқа португалдық Криштиану Роналду мен испандық Хави Эрнандес үміткер болды.
Үздік футболшы бүкіл әлемнің жаттықтырушыларына, құрама капитандары мен журналистерге ФИФА өткізген сауалнаманың нәтижесі бойынша таңдалды. Мессиге дейін «Алтын допты» голландиялықтар Йохан Кройф пен Марко ван Бастен, сондай-ақ қазіргі УЕФА басшысы француз Мишель Платини алған болатын.