Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда анық болатын бір мәселе бар. Ол – қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Оны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауында анық айтты. Яғни бір сұрақтың басы айқындалды. Президенттің «Қазақстан-2050» стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы Тәуелсіздік күні қарсаңында 14 желтоқсанда болды. Оны бәріміз тыңдадық. Жолдауда Қазақ елінің болашақ даму стратегиясы айқындалды, соның ішінде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетіні туралы қорытынды пікір айтылды.Біріншіден,тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді.Дегенмен осы тұрғыда, кейбір өзбек ғалымдары: «Қазақтар өз тілдерін әлі үйреніп болған жоқ. Латын әліпбиіне көшсе тілдерін өшіреді», – деген пікір айтыпты.
Десек те, Қазақ елі тәуелсіздік алғанына жиырма бір жыл толды. Бүгінгі жастар еліміздің өркендегенін, жылдан-жылға дамып келе жатқандығын көріп отыр. Олар азат рухта тәрбиеленіп, өздерінің бай тариыхына мақтана алатындай сезімде бой түзеуде. Сондықтан, менің пікірімше, отаршылдық санада емес, тәуелсіздік рухтағы қазіргі қазақ жастары ұлтын сүйетін патриоттық сезімде қалыптасып келеді.