Латын әліпбиі және қажеттілік

Латын әліпбиі және қажеттілік Қазақ елінің тәуелсіздігінің бір тұғыры-ана тілі. Ана тілінің биіктеуіне, өркендеуіне, дамуына мүмкіндіктер туды. Соңғы жылдары ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуына байланысты елімізде латын әліпбиіне көшу мәселесі туындап отыр. Биылғы Елбасының халыққа жолдауының терең мазмұны мен ел дамуы үшін маңыздылығы ерекше екенін сарапшылардың барлығы дерлік атап жатыр. Сонымен бірге жолдаудың тағы бір айрықша тұсы тілтанушылардың көптен күткен қазақ жазуын түбегейлі реформалауға қатысты көкейкесті мәселеге нақты жауап алуымен байланысты. Әлемдік бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруда латын әліпбиіне көшу қажеттілігі, оның әдістемелік негізін жасау мәселесі айқындала түсті. Көшбасшымыз Н.Ә.Назарбаев алғаш рет бұл туралы 1996 жылы Халықтар Ассамблеясының ІІІ сессиясында: «Латын қарпіне ұсынылып отырған көшудің өзі қазақ тілін басқа этностар өкілдерінің игеруіне, Қазақстанның әлемдік ақпарат кеңістігіне, технологиялық тұрғыдан бейнелеуге, сондай-ақ түркі тілді дүниемен мәдени тұрғыдан бейнелеуге, сондай-ақ түркі тілді дүниемен мәдени тұрғыдан бірігуіне неғұрлым тиімді көмек көрсетер еді»-деді, ал осыдан он екі жыл өткен соң 2006 жылы ХІІ сессиясында: «Бір кездерде туындалған латынға көшу мәселсіне қайта оралуымыз қажет. Бүгінгі күні коммуникативтік кеңістікте латын графикасы басымдылық танытып отыр. Көптеген елдердің оның ішінде, Кеңес Одағы құрамындағы кейбір елдердің латынға көшуі тегін емес»-деп осы мәселенің ғылыми жағын зерттеп көруге нақты тапсырма берген болатын. Біраз уақыт тыншып жатқан бұл даулы мәселе қайтадан бұрқ етіп шыға келді. Дәл қазіргі қызылкеңірдек айтыстардың басым бөлігі латын әліпбиінің негізінде жазуымызды өзгертуге қатысты болып тұр. Ең алдымен, латын жазуы қандай жазу, қалай қалыптасты сол туралы тоқталайық. Жазу түрі-консонантно-вокалды; қолданатын елдер-алғаш латын тілі; батыс және Орталық Еуропа елдері, Азияның кейбір елдері-Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстан, Индонезия, Малайзия, Филиппин, Африка құрлығындағы көпшілік елдер, Америка, Австралия халықтары. Шыққан жері-Көне Рим. Шығу уақыты біздің дәуірімізге дейінгі 700 жылдары. Жазу солдан оңға қарай жазылады. 26 таңба бар. Қазіргі таңда дүние жүзі бойынша ең көп таралған жазу түрі. Жер шарының 44 пайыздан астам елдері осы жазуды қолданады. Енді латын әліпбиінің қажеттілігі туралы ой қозғап көрелік. Біріншіден, грамматикалық тұрғыдан әріптер тек дыбыстардың шартты таңбалары ғана сияқты көрінгенімен, шынайы өмірде олардың рөлі әлдеқайда ауқымды. Арғы бабаларымыз – көне түркілердің сынтас жазуын айтпағанда, өткен ғасырдың басынан бүгінге дейін қазақ халқы да бірнеше түрлі әліпбиді қолданғаны тарихқа белгілі. Ата жұрттағы қазақтар кеңестер одағының құрамында соңғы рет 1940 жылы кириллицаға біржола көшкенімен, түрлі тарихи себептермен атажұрттан бөлініп қалған қандастарымыз бүгінде басқа-басқа мемлекеттерде бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі әліпбилермен сауатын ашуда, немесе мүлде басқа тілді меңгеруде. Деректер атажұрттан алыста жүрген қандастарымыздың саны 5 миллионға жететіндігін айтады. Бұл – халқымыздың 3-тен 1-і. Яғни, қазақ халқының осыншама бөлігі ана тілі мен ұлттық дәстүрінен алшақтап барады деген сөз. Ендеше, ұлтты біріктіруші Ана тіліміздің барша қазаққа таныс «тымағы мен тонының» болуы қажеттіліктің қажеттілігі. Екіншіден, томаға-тұйықтықтықтан шығып, өзара ықпалдастыққа бет түзеген бүгінгі дүниеде ағылшын тілінің қолданыс аясы барынша кеңейе түсуде. Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде ағылшын тілі дүниежүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек. Демек, өркендеу мен күшею жолында біз ағылшын тілін айналып өте алмаймыз. Үшіншіден, жасыратыны жоқ, қазақ тілінің қуаттылығы оның бітім-болмысында, ғасырлар бойы қалыптасып, жүйеге түскен, құрсауы берік, әдемі жымдасқан грамматикалық құрылысында жатыр. Тілімізде кириллицада да, латында да кездеспейтін дыбыстар бар, осы дыбыстарды сақтай отырып және бар латын әріптері негізінде жаңа әліпби жасау өрелікті де, шеберлікті де қажет ететін жұмыс. Бұл – ғалымдарымыздың еншісі. Шынында да, біз қолданып отырған кириллица жазуы орыс тілінен кірген терминдерді сол қалпында жазуға және сол қалпында оқуға бағытталды. Дау жоқ, бүгінгі жас буынның қазақ тілінің үндестік заңын көп ескере бермейтіні де соның салдары. Жалғамалы тілдер тобына жатанын тілімізде үндестік заңының ескерілмеуі қиянат, себебі ол біздің тіліміздің болмысын бұзады. Демек, дыбыстарымыздың жетілген, түлеген қабығы, сонымен бірге, ұлттық маңызы бар жаңа әліпбиге көшу – дәуірлік зәрулік. Төртіншіден, мына дәуір – уақыттан ұтқандардың дәуірі. Сондықтан заулаған уақыт көшімен жарысқан компьютердің «құдіретіне» ешқашан немқұрайды қарауға болмайды. Өз қолымен жасаған компьютерлік бағдарламаларға адам баласының ықпалынан гөрі, керісінше, компьютердің адамдар санасына әсері әлдеқайда жойқын бола түсуде. Бүгінде өмірімізді онсыз елестету аш-жалаңаш қалғаннан да бетер қорқыныш тудыратын сол компьютердің өзі тереңіне сүңгіген сайын ағылшынша атауларға, тіпті ағылшын әріптеріне аса сезімтал бола түседі. Шындығы сол, ағылшын әліпбиіндегі стандартты клавиатураның беті бүгінгі ғылым мен техниканың, бір сөзбен айтқанда, өркениетті дүниенің есігі. Алдымызда тұрған ол есікті неге ашпасқа. Бесіншіден, тұтас түркі халқының қара шаңырағы болған қасиетті қазақ топырағында мың өліп, мың тірілген қазақ халқының бүгінгі бақытты ұрпағы сан ұлттың өкілдерін бауырына тартып, Қазақстан дейтін мемлекет құрғанынына да 20 жылдан асты. Аз да, көп те уақыт емес. Алайда осы жылдар ішінде тұтас дүние Қазақстан халқының өміршеңдігіне сүйініп, бейбітшілдігіне бас иді, көреген Көшбасшысының сарабдал саясатына таңдай қақты. Сонау 1991-де Қазақстан барша әлемге тәуелсіздігін жария еткенде, ең алғаш болып Түркияның, бар-жоғы 15 минуттан кейін осы ұлы Тәуелсіздікті мойындап, тарихи қуанышымызға ортақтасқаны күні кешегідей ел есінде. Себебі, Қазақстанның тәуелсіздігі, ол – тұтас түркі дүниесінің егемендігінің емен-жарқын ашылған алғашқы беті еді. Айтары жоқ, Қазақстанның жаңа әліпбиге көшуі, сөзсіз түбі бір түркі тілдес елдердің бауырластық береке-бірлігіне де оң ықпалын тигізеді. Ендеше, сол бес саусақтың жұдырық болып жұмылуы – қапысыз қажеттілік, талассыз тарихи талап. Бұл – мәңгілік ел мұратына бет түзеген қазақстандықтардың мүддесі, сонымен бірге айбыны асқақтаған атажұртқа тілеулес, шекараның ар жағынан елжірей, мөлдірей қараған барша қандастарымызды рухани бірлікке бастайтын алтын көпір.


Бөлісу: