Қызыл көз

Қызыл көз
жеке
блог

 Қызыл көз!

 

... тағыда ойға кетті.

Ауылдан қаланы аңсап, оқу іздеп желігіп келген, желігі басылмаған жастық шақтың оты, кеудесінде әлі күнге дейін маздап жанып тұр. Сары мен ағы аралас түстес, төрт қабырғаның ішінде отырып ол тағыда  өткенді еске алды.

Ауыл... ауыл маңы... үй... үйдің іші... атасы мен әжесінің жылы алақаны, ыстық ұя, жылы сүт. Таң бозынан тұрып төрт түлігін өрісіне айдап, тау-тастың арасында арман қуып жүрген Мараттың іздегені дәл осы тіршілік еместі. Екі қолын қарақұсына айқастыра қапсырған Марат жатақхананың бөлмесіндегі, өзінің үш жыл тұрған тұрағына алғаш келіп тұрғандай, қайта-қайта әр тұсқа көз тастады. Шамның көлеңкесімен қара тартып тұрған әр бұрыш Маратты ойдың тереңіне жетелей берді. Көз алдына тағы да ауылы елестеді.

Өрісте жүріп ой қуатын. Самалы самайыңды жалай өткенде даланың иісі қоса келуші еді. Жастық шақта адамда ес бола ма?! Есесіне уайым жоқ, қарын тоқ , көңіл де хош болушы еді. Күн еңкейе өрістен малын ертіп Маратта жететін. Жарыққа  қарап мырс етті. Ауылында жарықтың орнына майшам жағатын. Ол бір ғанибет еді. Атасы сексенді алқымдап қалсада немересінің көңілін табатын. Шам көлеңкесіне қара жұмыстан әбден тозы шыққан алақандарын тосып, қабырғада неше түрлі бейнелерді салып Маратты күлдіртетін. Балалы үй базар деген. Жалғыз баланың күлкісі бүкіл бір үйдің түтінін түтетіп, күлін ошағында күлдіртуші еді. Селт етіп ойын жиған Марат әлденеден кешігіп қалғандай жан-жағына алақтап қарай берді. Жалғыз. Жалғыздықтың ішінде отырып қанша ма дүниені көз алдына алып келді. Оны селт еткізген жалғыз қалған сәті емес, өз ойының ішіндегі түтіні. Түтін іздеп жүр. Темекенің түтінін. Кеудесіне лыпысын іле салып сағатына қарады. Таң мен түннің ортасы үшті көрсетті. Аяңдап баспалдақпен тоғызыншы қабатқа көтерілді. Аяғына ілген аяқ киімін сүйретіп, балконға келді. Дала тас қараңғы. Түнгі Алматы. Қалада әлі шу. Қалтасынан « парламент» деп аталатын өзі сүйсіне шегетін темекісін алып, сіріңкесімен тұтата берді. Темекіден будақ-будақ шыққан түтінді ішіне тартып, сыртқа содан қалған қалдығын шығарып Марат тағы да ойға кетті...

Атасы жатарда ертегі, қиял-ғажайып әңгіме айтып беруші еді. Сүйсіне тыңдайтын. Әңгіме енді  қызып келе жатқанда, есіктен ақ құманына ала кірген әжесі : « жатыңдар» -деп, бір қайыратын. Кемпірімен отау болғалы оның бетін қайтарып көрмеген шалы үндемей немересіне ыммен ишара беретін. Оған Марат көнсін бе?! Ойының ішіне әбден кіріп алған әңгіме шегін таппай тыным таппас. Шыңғырып жылай салды. Атасы уатып әбігер болып жатса, әжесі одан әрмен отқа май тамызғандай: « қап, бәлем қарақұрт осыдан қарада тұр қызыл көз келіп алып кетсін сені»-деп, қорқытып ұйықтататын. Өзінің ойынан өзі секем алған Марат бір сәтке темекісін аузына қыстырып сөзге де, қимылға да келмей тұрып қалды. Жатақхананың артына қараған балконға шыққан ол, көз алдындағы « ботаникалық бақтың» ішіндегі қалың ағашқа көз тастап тұра берді... қызыл көз! Әжесінің бала күнде айтқан осынау қорқыныш кешігіп бойына қайта келгендей, маңдайынан тер шығып, денесі мұздап бара жатты. Бақтың ішінде беймәлім құстардың дыбысы мен  судың ағысы ғана естілді. Қорыққанға қос көрінді ме, Марат келесі бір темекісін шығарып шеге бастады. Балконнан кетіп қалуға шамасы жетер емес. Оны ұстап тұрған күш  ағаштардың арасында өзіне сұқатана қарап тұрған қызыл көз! Жоқ! Ол мүмкін емес! Иә, әжесінің айтқаны сонда қорқыту емес ақиқат болғаны ма?! Бірақ қалай? Қан қызыл екі көз ағашпен бой таластырған биіктікте Маратқа қарап әлі тұр. Не өң, не түс екенін сезіне алмай ол да көз алмай тұрды. Кеудесіндегі атқылаған жүрек Маратты ойдың ішінен суырып алып бөлмесіне қарай жүгіртті...

 Тағы да ойға кетті.

Көз алдынан жаңағы бейне кетер емес. Қызыл көз... қып-қызыл! Жан алқымынан алған бір сәттік қорқыныш оның түбіне жететін сияқтанды да тұрды. Бағанағы қиял, бағанағы ой, ауыл бәрі-бәрі естен тарс шықты да кетті. Тек ойында қызыл көз! Бөлменің ішінде екі тізесін тарс қылып құшақтап алған Марат түнектің ішіне түсіп сәуле таппай отырған адамдай есі шығып, мең-зең күйде қалды. Сол қалпында отырып ұйқыға кетті.

  Терезеден түскен күн сәулесі Маратты төсектен жұлып алды. Есінеп алғанша ғана бүгінгі таңнын атқанын сезініп үлгермеген оның ойына қайтадан қызыл көз келді! Бөлмеден шығуға жасқанып қалды. Осы уақытқа дейін барып жүрген балконына енді қарағысы да келмеді. Орнынан дел-сал тұрды да бетін тастай суға малып ұзақ тұрды. Есін жиып алды да сабаққа кетті.

Марат түндегі көргенін күні бойына естен шығара алмады. Сабақ бітті. Жатақханаға бастайтын жолды басып қайта келді. Жатақхананың алдына келіп бөлмесіне тесіле қарап тұрғанда: « Марат кеттік балконға темекі тартып қайтайық» -деген, жолдасының  дауысы оған бұрынғыдай әсерлі емес қорқынышты естілді. «Темекі», «балкон» деген сөздердің естіген сайын сай-сүйегін сырқыратып Марат өз аяғына өзі ерік беріп ере берді. Көтеріліп келеді. Кешегі жер, кешегі балкон! Көз алдында тағы да сол « үрей бағы»,  «қызыл көздің бағы»! Темекісін тұтатып жатқан Марат басын көтеріп баққа қарай алмай іштей еңкейіп, діріл қағып тұрды. Жанындағы жолдасынан қысылда ма екен, әлде намысы жеңіп бара ма, басын әлсін-әлсін көтеріп, алақанын жұмып, жұдырығын түйіп, ерлікке бастайтын жолды іздеген адамдай кенет басын тез көтеріп кешегі ағашатарға көз тастады. Қызыл көз! Тағы да көрді! Бірақ түндегідей қорқынышты емес! Желмен бірге тербеліп тұр. Марат жүрегін қолына алып, сабырға келтірді. Ішінен күле берді, күле берді! Жанындағы жолдасы аң-таң. Тіптен іштен күлген күлкісі сыртқа жас болып ыршып шығып жатты. Түні бойына Мараттың мазасын алған қорқыныш-«Қызыл көз», қызыл бояуға боялып, бетпақта ұрған желге қарсы тұра алмай иіріле ұшқан қаңбақтай, терекке келіп ілініп қалған, қоқыстан қалған екі бұл (мата) екен! «Қызыл көз» емес екі бұл! Марат ұзақ тұрған жоқ. Күлкісін тия алмай ішке кіріп кетті. Бөлмесіне барып тағы да ойға кетті.

Уақыт айналып, түн баласы қайта келді. Бұл жолғы Мараттың көңілі шат. Тіптен ән салып жүр. Бір түннің ішінде көзінің алдына қорқыныш ұялаған бейнесі сейіліп, басқа адамның бетпердесін киіп алғандай Марат қуаныштан жарылайын деп жүр.  «Парламентін» алып балконға қайта кетті. Тағы да іздегені түтін. Кеудесіне симай тұрған күшін сыртқа, баққа барып шашып жібергісі келіп тұрғандай кейіппен балконға атып шықты. Қызыл көз! Марат сәл сескеніп барып, екі бұлдың осынша жүрегін алғанын ойлап, түн баласының ұйқын бұзардай күлді. Қарқылдап тұрып, айғайлап тұрып күлді. Қызыл бұлдарға қарап, « әй, сендер ме бәлем» -деп, Алматының шуы бітпейтін көшесіне көзі жетпеседе сол тұста сейіл құрып жүргендей әндетіп темекісінің қып-қызыл шоғын баққа қарай шерте беріп, ішке еніп бара жатты...

Мараттың зәре құтын қашырып, бақта қалған « Қызыл көз» Маратқа қарап көзін қысты...

 

Марғұлан Ақан