Қызықты сұрақтарға қызықты жауаптар

Қызықты сұрақтарға қызықты жауаптар
жеке
блог

Сәлем, достар! Эстафета жазбағалы біраз болып еді, Айжанның кез келген қыз бала алсын деген соң, таяқшаны қағып алдым. Қызықты сұрақтарға шамам келгенше қызықты жауап беріп көрейін. 

1. Егер уақыт машинасы болса, қай жылға саяхаттап, қай оқиғаны түзер едіңіз?

Атам қазақ "Өткенге өкінбе", "Болған іс болды, бояуы сіңді" деп жатады ғой. Сондықтан да, өткенді көңілге алып, бармақ тістеп жатпаймын. Бірақ, егер өткенге оралатын мүмкіндік болса, мыңда бір тоғыз жүз тоқсан бесінші жылдың мамыр айының соңғы күндеріне оралар едім. Ол сәттері мен қаламыздағы музыка мектептерінің біріне емтиханға келіп, сынақтан құлап, музыка мектебінің фортепиано классына түсе алмай қалған едім. Егер машина мен сол кезге апарса, сол мектептің директорына, емтихан қабылдаған орыс-еврей апайларға жолығып, "пара" беріп оқуға түсіп алар едім да)))

 2. Ең жүйкеңізге тиетін не?

Көп қой. Ернін шығарып, фотоға түсетін қыздарға қаным қараяды. Әсіресе, бір-бірін құшақтап, мейрамхана, клуб, кафе дәретханаларына барып, айнаға қарап суретке түсетіндерді түсінбеймін. Жалпы, адамдардың көреалмаушылық, іштарлық, көргенсіздк қасиеттеріне жүйкем тозады. Өзгенің мінін алға тартып, өзінің кем-кетігіне қарамайтындарға қаным қараяды. Ал қатты тиетін дүниелер: болған істен "шоу" жасау, понты деген бәле, сосын "показуха", публикаға ойнау

3. Егер "Джинн" келіп, үш тілегіңізді айтыңыз десе, қандай тілек айтар едіңіз?

"Джинн" деген шемішкені шаққанды жақсы көремін негізі. Джинн көке алдыма келіп жатса "мені Алладин мен Ясминге апаршы" дер едім. Бірақ, Айжан айтпақшы, жындардан аулақ. Барлығы бір құдайдың қолында. Бар сұрайтыным: ата-ана, жақын, жора-жолдас, туған-туыстардың амандығы, елімнің тыныштығы, жетімдердің өз ата-аналарының болуы.

4. Сіз ұнататын жұлдыз бір қасықпен тамақ жеп, сол қасықты жумай сізге берсе, сол қасықпен тамақ жей аласыз ба?

Қасық жуу сөз бе екен, барып суды ағызып, қасықтан бастан бар ыдыс-аяқты жуып тастар едім. Жыныма тисе, барып жуып әкеп бер дер едім (қатты кетіп қалдым ғой деймін). Негізі, мен біреудің көзінше, тамақ жей алмаймын. Сондықтан да биязылық танытып, мен жемей-ақ қояйын, аш емеспін дер едім

5. Қалаған үш елге тегін барып қыдырып келуге мүмкіндік болса, қай елге барған болар едіңіз?

Қай турфирма тегін жолдама таратып жатыр екен? Сондай жолдаманың үшеуін алса бола ма?)) Бір жола, тоғыз елге барайын. 

1) Еуропаның бір қаласына түссең болғаны, қалғанына былай-ақ бара аласың ғой. Сондықтан да алдымен Польша елінің Варшава қаласына барар едім. Ары қарай электричкаға отырып, Авропаның басқа өлкелеріне кетер едім.

2) Қазақстанның әлі де бара алмай жүрген елдімекендері мен қалаларына барар едім

3) Айға ұшсам деп жүр едім бұрыннан. Мүмкіндік болса, сол жаққа жеткізіп салса))

6. Ең жақсы көретін афоризміңіз?

Өте-өте көп. Ең жақсы көретін емес, ең соңғы естіген-түрткенімді айтайын.

"Пока ты чувствуешь боль - ты жив. Пока ты чувствуешь чужую боль - ты человек"

7. Жұлдыз жорамалға сенесіз бе?

Сенбеймін, оқымаймын да, қызықпаймын да. Бұйырғаны болады деп жүре беремін. Кейде ғана естіп, оқып қаламын сол кезде: "Еее, осындай болуы мүмкін" деп айтып алып, кейін ұмытып қаламын. Немесе өтіп кеткен жорамалды оқып, "Ондай ештеңе болған жоқ" деп жылы жауып қоямын. Жұлдызнама белгісі бойынша адамның мінез-құлқын, оның өзге белгімен сәйкестігін зерттеп, біліп жатпаймын.

8. Сіз темекі шегіп тұрсыз, артыңыздан әкеңіз келіп қалды. "- Ұлым/қызым, мұның не?" деді, не істер едіңіз?

Әкенің қас-қабағын аңдитін қазақ едім. Темекіні жаным бала кезден сүймейді. Сондықтан да, мұндай жағдай болмайтын еді. Ал егер болса,  әкем қатал болса да, өте әзілқой адам. Ол кісі менің ақталғанымды күтпестін: "Тағы бір қорабын әкеп берейін бе?" дер еді))))

9. Сізге таңдау келіп қалды: туысқандарыңыз және махаббатыңыз. Кімді таңдайсыз?

"Я олар, я мен" дейтін жан болса, жөніне кете берсе болады. Менің таңдауым, әлбетте, отбасы.

10. Сіз әншісіз, концертте үлкен сахнада ән айтып жатырсыз. Кенеттен құлап түстіңіз, сіздің әрекетіңіз?

Алты жасымда осы тектес бір жағдай болған. Бір концертте ән айтып тұрғанмын, сосын микрофон өшіп қалып, біраз тұрып қалдым. Сосын микрофонды жерге қойып, онсыз әнімді жалғастырып кеттім. Сол сияқты құласам да, есімді жиып, әнімді жалғастырар едім. Осы жауапты жазған кезде Мақпал жеңгемнің мына бір оқиғасы есіме түсіп кетті. 

Айжанның қойған сұрағы: Сізге айтылған ең ең тамаша, ерекше, есте қалған комплимент?

Көзің әдемі, шашың бұйра, саусақтарың ұзын, терің жұмсақ т.с.с айтып жатады. Енді комплимент деуге келе ме, жоқ па, білмеймін. Бірақ, айтайын. Бір күні жаныма бір қазақ кісі келіп: "Драстье! Мине паможите пажалста" дейді әрең-әрең орысша сөйлеп. Түріне қарадым: "Амансыз ба?! Қазақша айта беріңіз, түсінемін" десем, бетіме ұзақ қарап: "Первий раз вижу кореянку каторая говорит по қазахски" демей ме?! Күліп жібердім де: "Татар да, ұйғыр да, дүнген де болдым, жетпегені енді корей еді" дедім.

Менің қояр сұрағым: Поезда кетіп бара жатырсыз. Сізбен бірге бір купеде сіздің пір тұтып жүрген сүйікті актеріңіз, әншіңіз және басқа танымал тұлға келе жатыр. Түнгі уақытта актер қорылдай бастайды, әнші ұйықтап жатса да, сөйлей бастайды, ал үшіншісі ары-бері шығып, сізге ұйқы бермейді. Осы кезде сіздің әрекетіңіз қандай болады? Сіздің орныңыз екінші полкада екенін ұмытпаңыз.

Таяқшаны қыз баладан алған соң, қыз балаға тапсырайын. Біразы жазған сыңайлы, егер кезек Сәнияға келмесе, сол қыз алсын. Астаналық емес, Аринова Сәния алсын